ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖАҢЫЛ ӘЖЕ

70

0

ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖАҢЫЛ ӘЖЕАрғын руының алқа билерінің бірі болған Ахмет атамыздың аты күні бүгінге дейін ел аузында болса керек-ті. Қолының дертке шипа қасиеті ел ішінде түрлі аңызға айналған, құдіретті қыл қобызбен талай жанның бойына ем дарытқан жан екен. Жары Нәлікүлдің іскерлігі мен қонақ күту ілтипатына талай атқа қонған ағайын-жұрты тәнті болыпты. Күндердің күнінде сол үйге Бапай ақын келіп қонақ болады. Келген мейманынан қонақкәде сұрағанда арқалы ақын отанасына ән арнап шығарыпты. 

«Әйел бар ма өмірде Нәлікүлдей,
Қалпыңда тұр екенсің әлі гүлдей…”  – деп басталатын сол әннің өлең  жолдары бүгінгі бізге де жетті. Есігінен мейман үзілмеген үйдің қашанда берекесі мол болары сөзсіз. Дүние мүлкі мол болса да, малы қораға толса да, Алла оларды бір перзенттің үніне зар қылыпты. Жарық дүниенің есігін ашар-ашпастан шетінеп, баласы балағына тұрмапты. Осындай қиын күндерде Ахмет атамыз қазақтың ырымдарын жасап, Алладан тілеп, әулие-әмбиеге құран бағыштап, құрбан шалады. Көп ұзамай-ақ, Нәлікүл жеңгемізге шарана бітеді. Атамыз күндіз-түні бір Алладан тілек етіп, «айтып келмейтін ажал осы жолы сырт айналып, жолынан адасып, жаңылсын”  – деген ниетпен нәрестенің атын Жаңыл деп қойған екен. Ақ тілегін Алла қабыл етіп, Жаңыл апамыз аман-есен қалады. Ахмет атамыз Жаратушымыздың құдіретіне басы жерге тигенше ризашылығын білдіріп, шүкіршілік етіп, жетім мен жесірлерге көмегін беріп, елдің алғысына бөленеді. Жасы келіп, көз жұмар шаққа таянғанда, ағайын-бауырмен тілдесіп, кешулесіпті.
 – Ал, Ахмет аға, енді қандай арман-тілегің бар?  – деп сұрағанда:
 – Мен Аллаға ризамын. Ендігі жерде Жаңылымның жасы ұзақ болса игі еді!  – депті.
Міне, сол Жаңыл апамыз ғұмырлы болып, биылғы жылы 100 жастан әрі асып отыр. Осындай айтулы жасқа келгенше өмірдің небір соқпақты жолымен жүріп өтті. Ашаршылықтың азабын, соғыстың зардабын, тарихи аумалы-төкпелі замандарды, қиыншылықты да, қуанышты да тең көрді.
Қоңырат елінің Құрбан атадан тарайтын Киікші руына келін атанып, ақ орамалын маңдайына таққаны сол еді, соғыстың оты тұтанып, күйеуі Байкенжеев Міркен Отан қорғауға аттанады. Ал, өзі қайғы жұтып, қайын апасымен бірге қалады.
Соғыс ұзаққа созылып, елдегі әйелдерді де тыл жұмыстарына әкетіп жатады. «Апам қайда болса, мен де сонда боламын” деп қайсарлық танытып, Жаңыл да тыл еңбектерін істеуге аттанады. Көп ұзамай-ақ екеуін бөліп жібереді. Апасын Қарағандыға, Жаңылды Жезқазған-Суэц каналдарын қазу жұмыстарына аттандырады. Жаңыл апамыздың айтуынша, Жезқазғанда терең су жүретін каналдарды әйелдер өз қолдарының күштерімен, ешқандай техниканың көмегінсіз қазып шыққан. Кей күндері шаршап-шалдыққанда естерін жия алмай, әбден зорығып, каналдың ішінде ұйықтап қалады екен. Бүгінгідей көліктер жоқ. Шанамен аспазшы қыздар шай тасып, тамақтандырады. Боранды күнде шана қатынай алмай, ас-ауқатсыз қалатын да күндер болған. Бір күн аш, бір күн тоқ. Темірдей қатал тәртіпке бағынып, тән азабы мен жан азабын қатар тартады. Белуардан балшық кешіп, шаң топырақты жұтып, аянбай еңбек ете білген аналардың арман-тілегі ортақ. Ұрпағымыз, бауыр еті балаларымыз азат, тәуелсіз елде өссе екен деп, ерлермен бірдей еңбек етті.
Майданда ерлік көрсетіп, Міркен ата да, елде еңбек етіп Жаңыл апа да ажал аузынан аман оралып, қайтадан қауышып, шаңырағын қайта тіктейді. Қазіргі таңда алты ұл-қызынан 22 немере, 5 шөбере және 3 шөпшек сүйген асыл әже Жаңыл бір әулеттің шырағына айналып отыр. 
Соғыстан кейінгі жылдардағы ауыртпалықты да басынан өткізді. Бала-шаға қамы үшін қиын сала мал шаруашылығына араласты. Күндіз-түні қой күзетіп, еңбек етті. Қатал талап бойынша 100 бастан 110 бас төл  алу мақсат болды. Жазғы демалыста ересек ұлдары шопандарға шөп үлестіріп, ата-анасына жәрдем етті. Жастайынан еңбек дәмін сезінген сол балалары өмірден өз орындарын таба білді. Қолдың қысқалығынан асыл ана балаларына сапалы тәрбие бергенімен, үлкен оқу орындарында оқыта алмады. Алайда қазір немерелерінің білім жолына түскеніне тәубе етеді. «Тәуелсіз елдің ұланына лайық болыңдар!” деп, ылғи бата беріп  отырады.
Бүгінгі таңда қарт ана кенже ұлының қолында ақжайма мамықтың үстінде бейне бір ханшайымдай отырған жайы бар.
…Жақында аудандық мәслихат депутаттары Мәжит Балқожаев, Талғат Мамуов, ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев ғасыр жасаған әженің отбасына барып, мерекемен құттықтады, сый-сияпат жасады. Омырауында медальдары жарқыраған әз әженің әңгімесіне біз де риза болып, ақ батасын алып қайттық.
Мақпал МАРҚАБАЙҚЫЗЫ.
Жаңақорған ауданы,
Кеңес ауылы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз