113 елді мекен – кене шағу қаупі жоғары аймақ

965

1

Қызылорда облысы Конго-Қы­рым ге­мор­рагиялық қызба­сы­­ның  (КҚГҚ) табиғи ошағында ор­­наласқан. Биыл өңірде КҚГҚ бойынша 113 елді мекен қо­лай­сыз деп есепке алынды. Олардың басым көпшілігі Жа­лағаш және Арал аудандарында орна­ласқан. Эпидмаусымның басталуына орай қолайсыз елді мекендерде аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы  про­фи­лактикалық шаралар да басталып кетті.

Энтомолог мамандардан тұ­ратын 3 арнайы жұмысшы топ құрылып,  елді мекендерде зоо­логиялық барлау жұмыстары жүр­гізілуде.  Жұмыс барысында 2163 кене жиналып, 226 сынама зерттелді. Әзірге КҚГҚ-ға оң нәтижелер анықталған жоқ. Де­­ген­мен, кененің ересек жә­не нимфа (жас) түрлері таби­ғат­қа  белсенді шыға бастағаны бай­қалды. Оған дәлел, жыл ба­сынан бері кене шағумен меди­циналық көмекке 2 адам жүгініп, бақылауға алынған.

Жыл сайын барлық қолайсыз елді мекендерде санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін кенеге қарсы өңдеу шаралары жүзеге асырылады. Биыл залалсыздандыру жұмыстары 42,85 шаршы шақырым жер көлеміне жүргізіледі. 1-кезеңін сәуір мен мау­сым аралығында бастау жос­парлануда.

Нақты кезеңде облыстағы медици­налық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және т.б. қажетті құрал-жаб­дық­тар қоры  жасақталды. ҚКГҚ ви­русының негізгі тасымалдау­шысы – иксод кенелері. Олар күн жылысымен адамдар мен жануарларға шабуыл жасайды. Сондықтан адамдар арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы кене бел­сенділігі артқан кезде жиі анық­талады. Ауру кене шаққанда немесе қырқым кезінде одан бө­лінген биологиялық сұйықпен не болмаса ауру адамның қаны­мен жанасқанда жұғады.

Көктем келіп, күн жылығаннан адамдар табиғат аясына демалу науқанын бастайды. Де­малысқа шыққан уақытта қал­пақты комбинезон кию, шалбар­дың балағын шұлықтың ішіне салып, резеңкелі манжетті жеңі бар көйлек кию қажет. Киім кене жабысқаны көрінетіндей ашық түсті болғаны абзал. Дене­нің ашық жеріне репеленттер (спирттік зат, одеколон) сеуіп,  киімге ака­рицидті құралдарды пайдалану керек. Кенені жалаң қолмен және бірден жұлып алуға болмайды, өйткені тұмсығы қалып қойып, орны іріңдеп, жара болуы мүмкін. Жануарларды қырқу кезінде қолғап кию қажет.

КҚГҚ ауруының белгілері өзге де инфекциялық аурулардың кли­никалық белгілеріне ұқсас ке­леді. Дене қызуы көтеріледі, бас ауырады, тәбет болмайды, буын мен бел сырқырайды. Келесі күні лоқсу, құсу, іш өту сияқты симптомдар пайда болады, ине салған жерлердің көгеруі, бет ісініп, қызаруы мүмкін. Ауру одан әрі асқынған жағдайда науқастың мұрнынан, қызыл иегінен, ішек­тен қан кете бастайды, тері бөрт­пелері және тері астына қан құйылу арқылы көкала дақ­тар пайда болады. Аурудың ал­ғаш­қы белгілері пайда болған жағдайда емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Сондықтан, егер сізді кене шаққан болса не­месе эпидемиологиялық көр­сет­кіштерге байланысты (таби­ғатқа шығу, мал қырқымына қа­тысу, мал сою, мал күтіміне қа­тысу жә­не т.б.) клиникалық бел­гілер бай­қалғанда міндетті түр­де тұр­ғылықты жер бойынша емдеу ме­кемесіне медициналық кө­мекке жүгінуді сұраймыз.

Ескеретін жағдай, бұл аурудың емі бар, уақытылы дәрігерге жү­гініп, медициналық бақылауға алын­ған немесе клиникалық көр­сетілімдерге байланысты ем ал­ған жағдайда толық емделіп шы­ғатын инфекция.

Қорыта айтқанда, аталған инфекция­дан сақтану немесе ауру жұқтырған жағдайда толыққанды емделіп, сауығып шығу – әр адамның өз қолында!

Ж.Жетілгенова,

облыстық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің бөлім басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<