ОРНЫ БӨЛЕК ОРТАЛЫҚ

Осы әдемі де, еңселі ғимаратты көрген сайын оның салынуына өз үлесімді қосқаным есіме түсіп, кеу­демді мақтаныш кернейтіні бар. Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген облыстық медициналық ор­талық, ондағы ұжым  бүгінде Сыр халқының саулығын сақтау жолында еңбек етіп келеді. 

1980-1991 жылдары мен облыстық ат­қару комитеті жанындағы құрылыс бөлі­мін басқарғандықтан, облыстық медицина орталығын салуға тікелей атсалыстым. Жалпы құрылысшы ретінде қаладағы біраз ны­сан­ның алғашқы қазығынан бастап соңғы жұмыстарына дейін атқарған кезім аз емес. Бірақ осы ғимарат мен үшін өте ыстық.

Ең алдымен, нысанның салынуы сол кездегі ел басқарған азаматтар еңбегі екенін айта кеткеніміз жөн. Бұл күндері ел игілігіне қызмет етіп келе жатқан орталықты салуға 1980-жылдардың аяғында облысты басқарған Еркін Әуелбеков бастамашы болды. Оның қажеттігіне респуб­лика, Одақ басшыларының көзін жеткізіп, арнайы қаулы қабылданды. Тоқсаныншы жылдары облысқа жетекшілік еткен Сейілбек Шаухаманов, саланы басқарған Ернияз Омаров, Тұрғанбай Махановтар осы бастаманы жүзеге асырудың басында тұрды.  

Әр құрылыс нысанының өзіне тән тарихы мен қиындығы болады. Мысалы, облыстық партия комитеті мен атқару комитетінің қаулысына 750 орындық емхана болып кірген диаг­нос­тикалық орталық 1989 жылы жоспарға енгізерде, оның тез іске қосылуын ойлап сол кездегі басшылар жартылай бітіп тұрған төртқабатты облыстық автомобиль жолдары құрылыс мекемесінің әкімшілік ғимаратын пайдалану тиімді деген шешімге келген болатын. Осыған байланысты бізге бұл ғимаратты тиісті мамандармен бірге зерттеп, ұсыныс беруді тапсырды. Біз 19 жерден суретке түсіріп, тиісті құрылым өкілдерімен бірлескен тексеру нәтижесінде ғимараттың сапасыз және әкім­ші­лік мақсатында салын­ғанына бай­ланысты он­ың көп­ші­лікке қызмет ететін диаг­нос­тикалық орталық сияқ­ты өте жауапты емдеу орнына пайдалануға жарамсыз екенін дәлелдеген болатынбыз. Күл­лі елдің қызметіне жарайтын медициналық орталықты салуға тапсырыс берудің өзі жауапты іс. Ертең ғимарат жұрт көңілінен шықпаса, оның сұрауы бізден болады. Сон­дық­тан да біз бұл істі жан-жақты тиянақтадық.

Әу бастағы жоспарда 600 орындық аурухана, 1200 орындық емхана және 250 орындық пансионат болады деп жоспарланған орталықтың қаржы көзі "Маңғыстаумұнайгаз" бірлес­тігіне қарасты "Құм­көл­мұнай" мұнай-газ өндіру бас­қармасы есебінен алынатын 720 мың тонна шикі мұнайдан түсетін қаржы болды. Оны сатудан 81,3 млн АҚШ доллары түсетіні де есепке алынды. Бірақ, бұл қаржы  нысанның бірінші құдығына дейінгі корпустардың ғана бағасы еді, қалған инфрақұрылымын тарту республикалық қаржы көздерінен қаралатын болды. Сонымен, нысанды салу үшін конкурс жарияланды.Оған қатысқандардың ішінде неміс, француз, түрік және болгар компаниялары болды. Қорытындысында "Главболгарстрой" компаниясы конкурс жеңімпазы болып танылып, жобасын "София­проект" жобалау институты әзірледі. Орталықтың жобасы мен сметалық құнын республикалық бас сараптама мекемесінен өткізу, оған ондаған мемлекеттік органдардың қолын қойдыру оңай болған жоқ. Бірақ соның бәрін дер кезінде үлгерттік. Осылайша, келісілген мұнай көлемінің алғашқы 80 мың тоннасы "Казахинторг" мекемесі арқылы Швецияға сатылды. Қазіргідей шетелмен байланысымыз дами қоймаған ол кезде мұндай сауда жасау да оңай емес болатын. Одақ кезіндегі мұнай өнімдерін жіберу тәр­тібіне орай, Түменнен Павлодар мұнай өңдеу зауытына  сұйық мұнай айдалатын, ал Павлодар оны Шымкенттегі зауытқа жіберетін. Осы бөлікті Түменнен Латвияға бірден жіберу керектігі шешілді.  Бірақ, тиісті жерге жеткенге де бірнеше мұнай құбырлары арқылы өтіп, әр құбыр иелері өздеріне тиесілі қаржыны ұстап қалып отырды. Осы­ның салдарынан қаржы жос­пар­ланған мерзімнен 1-1,5 жыл кешігіп жетті. Оның өзінде де  шетелдік банктер арқылы Қызылордадан ашыл­ған Әлем­­банк филиалына түсіп, 1992 жылы құрылыс бас­талды.

Бірақ, Одақ тарағасын ал­­дындағы келісім мен қау­­лылардың күші жойы­лып, еліміз аса бір күрделі эко­но­микалық қиындық құр­сауында қалды. Сондай сын сәттерде ел азаматтары басталған істі аяқсыз қал­дырмай, та­бан­ды­лық танытты. Осындай жұ­мыс­тардың арқасында орталық ғимараты 2000 жылы толық салынып бітіп, пайдалануға берілді.

Экологиялық апат айма­ғын­дағы халыққа айрықша қажет нысанды ел игілігіне беру ісіне аймақты басқарған азаматтардың барлығы атсалысты.  Облысты Сейілбек Шаухаманов басқарған тұс­та іргесі қаланып, Бер­дібек Сапарбаев, Серікбай Нұр­ғисаев әкім болған жылдары  құрылысы қарқынды жүрді. Болатбек Қуандықовтың тұсында ОМО мамандарына қызметтік пәтер салынып, орталықтың аясы кеңейе түсті.

Аймақ басшылығына ­Қы­рымбек Көшербаев та­ғайын­­далғалы бері орталық жұмысы жаңаша бағытта өрби түсті. ОМО-ны қажетті мамандармен қамтуға айрықша көңіл бөлініп, дәрігерлердің сырт мемлекеттерде тәжірибе алмасуы жолға қойылды. Әу баста алыс аудандардан келген науқастар үшін пансионат болып салынып, кейін балалар ауруханасы болған ғимарат облыстық жедел жәрдем ауруханасына айналдырылды. Қаланың жаңа аумағынан еңселі де, заманауи балалар ауруханасы бой көтерді. 

Осының барлығы да бар­шаның игілігіне айналған ор­талық жұмысын жандан­ды­руға, заман талабына сай бейімдеуге сеп болды.

Алмат ЖАППАСБАЕВ,

еңбек ардагері,

Қызылорда қаласының

құрметті азаматы.

Денсаулық 23 ақпан 2019 г. 209 0