«Дипломмен – ауылға!»: көш басында – Жаңақорған

 Биыл еліміздегі айтулы жаңалықтың бірі – 1 маусымнан бастап денсаулық сақтау жүйесі мамандары еңбекақысының 30 процентке артуы болды. Ұлт саулығы – ең бірінші техникалық мүмкіндікке емес, сауатты маманға байланысты. Қазір елімізде дәрігер тапшылығын жою мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға аттанып, мемлекет тарапынан қолдау көрген жас мамандар осы сөздің айғағы. Қызылорда облысы – жас мамандарды қолдау көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда болса, өңірімізде бағдарлама игілігін көрген медициналық кадрлардың басым бөлігі – Жаңақорған ауданында. 

Өткен жылы Жаңақорғанның денсаулық сақтау саласында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 34 маман тұрғын үй, 50 маман бір реттік көтерме жәрдемақы алса, биыл 20 маман тұрғын үйге қол жеткізбек. Ауданда 17 ауылдық дәрігерлік амбулаторияның барлығы дерлік жас мамандармен қамтылған. «Тар буынды мамандар да жеткілікті, қазір тек реаниматолог-анестезиолог маманға сұраныс бар. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында өткен жас мамандар жәрмеңкесіне қатысып, бірнеше келісімшарт жасастық. Биыл оқу орнын бітірген жас мамандар жұмысқа орналасады деген ойдамыз» деді ауданаралық аурухананың бас дәрігері Яхия Шорабаев.

Айта кету керек, қазір елі­мізде дәрігер тапшылығын жоюдың шешімі табылған. Министрлік заң жобасына өзгеріс енгізіп, медициналық жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен тәмамдаған жас мамандарды өңірге, ауылға барып үш жыл жұмыс істеуге міндеттеді. Ал мамандар өңірлерге Enbek.kz. порталы арқылы бөлінеді.

– Медицина саласында ха­лыққа сапалы қызмет көрсетуге бірден-бір әсер етуші фактор – кадр. Білікті кадрмен қамтамасыз етілген, толық жағдайы жасалған медициналық мекеме ғана сапалы қызмет көрсете алады. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бас­тамасымен, әсіресе елді мекендерді медициналық мамандармен қамтамасыз ету және тұрақтандыру аясында «Дип­ломмен – ауылға!» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Жаңақорған ауданында 2016 жылы осы бағдарлама аясында – 33, 2017 жылы – 38, өткен жылы – 33 маман тұрғын үй көмегін алды. Биыл елімізде жастарға айрықша қолдау көрсетілуде. Алдағы уақытта аудан әкімшілігімен бірлесіп, осы жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз. Сондай-ақ, осы жылдың 1 маусымынан бастап, медицина қыз­меткерлерінің жалақылары артып, мекемеміздің мамандары толықтай жаңа мөлшердегі жалақы алды, – деді аурухананың бас дәрігері.

Емдеу мекемесінде дипломмен ауылға келгендердің алды 8 жылдан аса тұрақты еңбек етіп келеді.

Айдос пен Әсел – 2011 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы Жаңақорған ауданаралық ауруханасына жұ­мысқа орналасқан ерлі-за­йып­тылар. Мемлекеттік қолдау­дың арқасында кең әрі жайлы тұрғын үйге қол жеткізген олар бүгінде үш баланың ата-анасы.

– 2011 жылы екеуіміз Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясын бітірген соң, туған жерге келіп, бағдарлама арқылы жұмысқа орналастық. Өзімнің мамандығым терапевт болса, жарым Әсел Ермаханбетова – гинеколог. Жас маман ретінде елдің қолдауын сезініп келеміз, жуырда екеуміздің де жалақымыздың көлемі артты. Өзім осы аудандағы Қыркеңсе ауылының тумасы болсам, Әсел – Шымкент қаласының қызы. Ол да ауыл өміріне тез үйренісіп кетті, болашағымызды да осы мекенмен байланыстарымыз, – деді Айдос Шерниязов.

Баспасөз туры барысында біз кезіктірген бағдарламаға ­қаты­сушылар – Эльвира Рақым­жанқызы мен Арайлым ­Әшімова.

2009 жылы Алматы медициналық колледжін аяқтаған Эльвира 2015 жылы бағдарламаға қатысуға өтініш білдіріпті. Бүгінде ол жас аналар мектебінде қызмет етіп, күніне 15-20 келіншекке жүктілік кезіндегі қауіпті белгілер, серіктес босану, тамақтану пирамидасы, босанғаннан кейінгі күтім туралы кеңес береді.

Ал Арайлым – өзіне қарас­ты аймақтағы 1714 тұрғынның денсаулығына жауапты жалпы тәжірибелік дәрігер. 2014 жылы  М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін бітірген соң, бағдарлама бойынша осы емханада еңбек етуге мүмкіндік алыпты.

– Бағдарлама қатысушысы ретінде жас мамандарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан берілетін бір жолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй көмегін алдым. Қазір бұл емдеу мекемесінде тұрақты қыз­мет еткеніме 5 жылға жуықтады. Жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде таңертеңгі 08.00-13.00 аралығында тұрғындарды қабылдасам, түстен кейін көше аралау жұмысын жүргізіп, нау­қастарды, аяғы ауыр әйелдерді бақылап, тұрғындарды скринингке шақырамыз. Өзіме қарас­ты аймақта 1714 тұрғын болса, соның ішінде туу жасындағы әйелдер саны – 449, 14 жасқа дейінгі балалар  саны – 419, – деді ол.

Биыл «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасының іске ас­қа­нына – 10 жыл. Байқа­ға­ны­мыз­дай, еңбек жолын ауылдан бастағасы келген, білімді, өзіне сенімді жастарды мемлекет қолдауға әзір. Бұған Жаңақорғанға келіп, он жылға жуық бір мекемеде тұрақты әрі абыройлы қыз­мет еткен жас мамандар дәлел.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

Денсаулық 20 шілде 2019 г. 491 0