МӘМС: Облыстың әлеуеті жоғары

 Сейсенбіде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің төрағалығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі өңірлік штаб отырысы өтті. Штаб отырысына «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның басқарушы директоры Нұрлан Қасымов және бірқатар басқарма басшылары мен медициналық ұйымдар жетекшілері қатысты.

Отырыста Р.Рүстемов жаңа жүйенің маңыздылығына тоқталды.

– Елбасының 2017 жылғы Қа­зақстан халқына арнаған Жол­дауында 5 басым бағыт ай­қындалғаны белгілі. Сонда нақтыланған мақсатқа жетудің бір тетігі ретінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы адами капиталдың сапасын арттыру көзделді. Осы орайда тұрғындардың, мемлекет және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен өту қолға алынды. Бұл жұмыстар біздің аймақта да жолға қойылып, тиісті шаралар атқарылып келеді. Жаңа жүйені ақпараттандыру, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын оңтайлы жүргізу мақсатында облыстық бюджеттен 10 млн теңге көлемінде қаражат қаралды. Биыл қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде Қарағанды облысында МӘМС жүйесін енгізу жоспарлануда,– деді ол.

Басқосуда қордың басқарушы директоры Нұрлан Қасымов жаңа жүйені енгізудің дайындық барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, МӘМС жүйесін енгізуге, тегін меди­ци­налық көмек пакетінің жаңа үлгісін жасауға бірқатар жағдайлар түрткі болған. Солардың негізгісі ретінде  демографиялық жағдайды айтуға болады. Соңғы 10 жылда республика халқының саны 15 процентке көбейген. Оның ішінде қарттар саны – 27, балалар саны 24 процентке артты. Екінші жағдай –  эпидемиологиялық өзгерістер. Атап айтқанда, 5 түрлі топқа жататын жұқпалы емес созылмалы аурулардың, онкологиялық аурулар мен инсульт, инфаркт сынды жүрек-қан тамырлары аурулары 2,5 есе көбейген. Оған қоса, ем-дом бағасының қымбаттауы да себепші болуда. Мәселен, тәулік бойы стационарда емделудің орташа құны 1,5 есе, күндізгі стационарда емделу 2,5 есеге өскен.

Нұрлан Кәукенұлы жаңа жүйені енгізу барысында республикада және  аймақта еңсерілген істерді саралап, облыстың медициналық сақтандыру жағдайында жұмыс істеуге әлеуеті жоғары екенін жеткізді. Мәселен, техникалық дайындық барысы бойынша рес­публикада жұмыс орындарының компьютермен жабдықталуы 96 процентті құраса, Қызылорда облысында да бұл көрсеткіш 96 процентке жеткен. Медициналық ұйымдардың интернет жүйесімен қамтылуы республика бойынша 69,7 процент болса, Сыр өңірінде 83,8 процентті құрайды. Сондай-ақ, ол әлеуетті жеткізуші ұйымдар базасының жасақталғанын айтты. Базада 2000-ға жуық медициналық ұйым тіркелген. Оның 68 проценті жекеменшік ұйымдар. Қызылорда облысының бұл көрсеткіші респуб­ликадан жоғары. Сонымен қатар, аймақта саланы қаржыландыру көлемі артып келеді. Биылғы бекітілген қаржы 45 млрд теңгені құраса, келер жылға 61,8 млрд теңге жоспарланған, оның ішінде ТМКК шеңберінде 43 млрд, МӘМС жүйесінде 18,8 млрд теңге көзделген.

Басқосуда сондай-ақ, облыс­та МӘМС жүйесін енгізуге ба­ғыт­­талған шаралар туралы об­лыстық денсаулық сақтау бас­қар­­масының басшысы Жақ­сы­лық Әбду­сәметовтің және мәр­­тебесі анық­талмаған азаматтар­ды өзектендіру мен бейресми жұмыспен қам­тыл­ғандарды заң­дастыру жөнінде об­лыстық жұ­мыс­пен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасы басшы­сы­ның міндетін атқарушы Айгүл Ибрае­ваның хабарламасы тың­дал­ды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының хабарлауынша, жаңа жүйені енгізуге дайындық барысында медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, соңғы бес жылда елді мекендердегі бастапқы медициналық санитарлық  көмек көрсететін ұйымдардың 63 проценті жаңартылса, 2017 жылдан бастап пилоттық режимде, ал, былтырдан бастап барлық жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларға арналған патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап моделі енгізілді. Мамандар тапшылығын азайту мақсатында 2016 жылдан бастап облыс әкімінің гранты негізінде 42 резидент еліміздің 5 жоғары оқу орнында даярлануда. Оған қоса, жылда жергілікті бюджеттен 30 жалпы тәжірибелік дәрігерді даярлауға облыс әкімінің арнайы гранты бөлініп, саланы кадрлармен қамтуға мүмкіндік жасалуда. Денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи техникамен жабдықтауға соңғы бес жылда 8 млн теңгеден астам қаржы қаралып, қажетті құрал-жабдықтар алынды. Соның нәтижесінде материалдық-техникалық жабдықтармен жарақ­тан­дыру көрсеткіші 34,9 процентке өсіп, былтыр 79,26 процентті құрады. Осы орайда саланы цифр­ландыру бағытында арнайы «Жол картасы» бекітілді. Қазір аймақта қала және аудан деңгейіндегі меди­циналық ұйымдардың ақпараттық жүйелермен қамтылу көрсеткіші 100 процентке жетті. «Қағазсыз құжат айналымына»  көшіру бо­йынша 114 медициналық құжат электронды жүйеде жүргізілуде.

МӘМС-ті енгізу мақсатында мәртебесі анықталмаған азаматтарды өзектендіру жұмыстары 2017 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Биыл жыл басында өзектендіруге тиіс азаматтардың саны 35 479-ды құраса, 19 тамызға 28385 адам. Жыл басынан 7094 адам өзектендірілген.

Штаб отырысын қорытын­ды­лаған облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов жаңа жүйе туралы тұрғындар арасында түсіндірме, ақпараттандыру жұмыстарын әлі де жүйелі жүргізу және азаматтарды өзектендіру бойынша  жұмыстарды  жалғастыру қажеттігін айтып, тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Денсаулық 22 тамыз 2019 г. 366 0