Қатерлі кеселге қарсы кампания

Облыс әкімдігінің баспасөз орталығында  өткен брифингте облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Салтанат Балықбаева, орталықтың  дәрігер-әдіскері Жанымкүл Қыстаубаева мен емдік-көмек бөлімінің дәрігер инфекционисі Айткүл Балмаханова ВИЧ/СПИД, яғни, АИТВ/ЖИТС-тің өзекті мәселелері туралы айтты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымымен 1988 жылы бірінші рет 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні ретінде аталып өтті. 1999 жылдан бастап бұл шара кампания болып аталып, оның аясында түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Биыл да дәстүрге сай 5 қараша-5 желтоқсан аралығы Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес кампаниясы болып жарияланды.

– Кампанияның мақсаты – халық­тың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы қатерлі топ өкілдерінің АИТВ инфекциясы туралы ақпараттану деңгейін арттыру, жасөспірімдерді зиянды әдеттерден сақтандыру, салауатты өмір салтын ұстануға бағыттау. Биылғы шара «Қоғамдастықтың маңызы» ұранымен өтуде,– деді С. Балықбаева.

Бүгінде республикада АИТВ жұқтырып тіркелгендер саны 35999 адамды құрап отыр. Облыста ауру алғаш анықталған уақыттан бері 158 адам тіркелген. Биылғы он айда 15 адамнан АИТВ инфекциясы анықталған, 7-і ер адам, 8-і әйел. Оның 73,3 процентін жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар құрады.

Мамандар бүгінде аталған дерттің медициналық мәселелер қатарынан шығып, экономикалық, әлеуметтік проблемаға айналғанын айтып, қатерлі кеселден аман болу үшін әр адам өзін зиянды әдеттерден аулақ ұстау керектігін ескертті.


Айнұр БАТТАЛОВА.

Денсаулық 26 қараша 2019 г. 1 121 0