Көркем гимнастика көкжиегі

Көпшілігіміз спортты   қара күш деп қабылдайтынымыз жасырын емес. Алайда сұлулықты, әдемілікті паш ететін спорт түрі де бар. Ол – көркем гимнастика. Расында да спорттағы сұлулық дегенде елімізге алдымен  көркем гимнас­тика түседі.  Әдемі қимыл, ерекше киім үлгісі, ырғақты қозғалыс осының бәрі спорттың осы бір түрінен табылады. 

Жалпы гимнастика деген атау гректің «жаттығу», «жала­ңаш» деген сөзінен шыққан. Өйткені ежелгі Грекияда гимнастикамен айналысатын адам мейлінше жеңіл киінетін болған. Бас­тапқыда жаттығудың негізі әскерлерді атты тақымдауға үйретуден басталған. Сонымен бірге соғысқа қажетті өзге де әдіс-тәсілдерді үй­ре­туден тұрған. Уақыт өте гимнастика Грекияның бі­лім беру жүйесіне енген. Бірте-бірте ережелер нақ­тыланып, спорттың сұлу түріне деген сұраныс артты.

Көркем гимнастика – музыка сазымен арнаулы затпен, атап айтқанда, лента, доп, шеңбер, тағы басқа немесе затсыз гимнастикалық жаттығулар комбинацияла­ры орындалатын қыздар ара­сындағы жарыс. Ол шұ­ғылданушылардың дене сұлулығын қалыптастырып, эс­те­тикалық тәрбие береді. Онда толқынды, серіппелі қозғалыс, би өнеріне тән жүріс, жүгіріс, секіру басым келеді. Бір қы­зығы, спорттың бұл түрі ресми түрде кештеу мойындалып, тұңғыш мектеп тек 1913 жылы Ленинградтағы П.Ф.Лесгафт атындағы дене шы­нықтыру институтында ашылған. Мұнда негізінен би гимнастикасы мен би түрлері үйретілген. Ал 1963 жылы халықаралық гимнас­тика федерациясы жанынан спорттық гимнастика комиссиясы құрылып, 1998 жылы спорттың аталған түрі «көркем гимнастика» деп өзгертілген. Олимпиада бағдарламасына ол 1984 жылы ғана енген.

Мәліметтерге сүйенсек, Қа­зақстанда 1947 жылы Алматы дене тәрбиесі интернатында көр­кем гимнас­тика секциясы ашылған. 1949 жылы гимнасшы-қыздар ара­сында тұңғыш рес­пуб­ликалық жарыс өткен. Елі­­міздегі көркем гимнастика спортын ұйымдастырып, да­­мы­туда Л.Каспарова, Э.Вол­кова, К.Морозова сын­ды спортшылар мен жаттықтырушылар көп еңбек сіңірсе, А.Батыр­бекова, С.Рах­ме­това, С.Бар­лыбаева сияқты қазақ қыз­дары 1960-1970 жылдары республиканың бірнеше дүркін чемпионы атанып, ха­­лықаралық жарыстарға қатыс­­қан. Ал 1991 жылы еліміз тәу­елсіздік алған­нан кейінгі жыл­дары пав­лодарлық Ә.Мұс­тафина, ал­ма­тылық З.Жақы­пова, шым­кенттік Ә.Юсупо­валар бір­неше дүркін Азия чем­пио­ны, халықаралық тур­нир­­лердің жеңімпазы болды. 

Спорттың бұл түрі рес­публика көлемінде Шым­кент, Алматы, Павлодар, Астана, Өскемен, Қара­ғанды, Петропавл және Көк­шетау қалаларында жақ­сы дамыған.  Ал Сыр өңірінде  тұңғыш рет 2011 жылы көркем гимнастикадан бөлім ашылған болатын. Қазір оған 100-ге жуық қыз қатысады. Оларды облыстың аға жат­тықтырушысы Гүлмира Әбсұлтан тәрбиелейді. «Мұз айдыны» спорт кешенінде арнайы жасақталған жат­тығу залында жас гимнасшылар күнделікті жатты­ғады.

– Жаттығу залы керекті құ­рал-жабдықтармен жа­сақ­­талған. Зал төбесінің сәл ала­салығы топтық жат­­тығу кезінде ке­дер­гі келтіретіні болмаса, құ­рал-саймандарымыз тү­гел. Бұл жерде менен басқа Сыр елінің тұңғыш спорт шебері атағына ие болған Диана Қа­нат­бек пен спорт шеберіне үміткер Толқын Әбдиева жас жет­кіншектерге дәріс беруде. Диана жаттықтырушы ре­тінде, Толқын хореограф ретінде қыз­дарымызды бау­лып жүр, – дейді аға жаттықтырушы.

Оның айтуынша, секция ашылғалы бері жас гимнасшылар түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәселен, былтыр Астана қаласында эстетикалық топтық гимнастикадан өткен ҚР чемпионатында Сыр гимнасшылары екі жас ерекшелігі бойынша, яғни, 10-12 жас аралығында күміс жүлде иегері атанса, 8-10 жас аралығында қоланы иеленді. Ал биылғы наурыз айында Алматы қаласында эстетикалық топтық гимнастикадан өткен ашық чемпионатта 1-орынға ие болды. Сондай-ақ, сәуір айында Сингапурда топтық эстетикалық гимнастикадан төрт құрлық жарысы және Сингапур кубогы өтіп, онда гимнасшыларымыз қола жүлдені жеңіп қайтқан. Сонымен бірге, қалада көркем гимнастикадан «Сыр жұл­дыздары» облыстық ашық чемпионаты,  Тәуелсіздік ме­рекесіне орай жарыстар дәстүрлі түрде өткізіліп тұ­рады.

– Жарысқа жиі қатысқан жақсы. Себебі әр жарысқа қа­тысқан сайын гимнасшыларымыз шыңдала түседі, тәжірибе жинақтайды. 100-ге жуық қыз болғанымен, солардың ішін­­де 30-ға жуығы жа­рыстарға қаты­суда. Дана Са­дықова, Ақ­бота Өтеген, Әсел Ма­рат, Динара Ерғалиева, Рау­­шан Аспандиярова сынды гим­­нас­шыларымыз түрлі додаларда өздерін көрсетіп жүр. Болашақта  Сыр елінің жас гим­насшыларын осылар дайындай­ды деген үміт­темін, – дейді Гүлмира Әбсұлтан.

 Иә, спорттың қай тү­рінде болмасын жеңімпаз атану оңай емес. Спортшыны тынымсыз жаттығу, талмай ізденіс, нақты мақсат, бойындағы намыс ғана жеңіске жетелейтіні сөзсіз. Көркем гимнастикада да солай. Жаттығумен қатар қыздар әдемілігін де сақтауы шарт. Бұл орайда таусылмайтын талап пен ережені қатаң ұстану тіпті қиын. Бірақ, спортты сүйген адам үшін ол кедергі емес. Ендеше, жас гимнасшыларымыздың ал­­да­ғы уақытта да алар асуы, бағындырар биігі көп деп сенеміз.

Айнұр БАТТАЛОВА.
Денсаулық 10 желтоксан 2019 г. 983 0