109: Жедел әрекет, жан-жақты қарекет

Телефон шырылдайды. Дұрысы, дыңылдайды. Әйтеуір, дыбысы үй телефонынан бөлек енді. Әне, бірінші қоңырау. Тағы да. Жо-жоқ, екіншісіне үлгіртпеді. Кезекші оператор лезде түймешені баса қойды.

– Алло, сәлеметсіз бе, «Жедел әрекет ету орталығы» сізді тыңдап тұр. Менің аты-жөнім – Кенже Сыздықова.

– Алло, сәлемет пе, айналайын?! Арғы жақтан үлкен кісінің жарықшақтанған даусы естілді.

– Иә, мен сізді тыңдап тұрмын. Қандай көмегіміз қажет?

– Ә-ә, иә, шырағым, айтайын дегенім, мына «Саяхаттағы» 8-ші кварталда жарық жоқ.

– Толық мекен-жайды айтсаңыз...

– Саяхат 8 де 24.

– Жақсы, қоңырау шалғаныңызға рахмет. Тиісті орындарға хабарлаймыз...

Осындай үздіксіз, әсіресе жергілікті тұрғындардан келетін қоңыраулар легіне Кенже 12 сағат бойы салиқалы түрде жауап береді.  Жалғыз Кенже емес, ауысым сайын осында отырған 7 оператор жұмысын мүлтіксіз атқаруда.

Бұл – облыстық цифрлық тех­ноло­гиялар басқармасына қа­расты «Же­дел әрекет ету орта­лығының» қауырт жұмысынан бір көрініс. Әдетте қоңырау шалған тұрғынның мәселесінен кейін Кенже міндетті түрде жарыққа жауапты мекемеге телефон соғады. Арғы жақтан тиісті маман даусы естіледі.

– Қайырлы күн! «Энергосер­вис» тыңдап тұр.

– Сәлеметсіз бе? – деді Кенже өзін таныстырып. – Же­дел әрекет ету орталығынан қоңырау соғып тұрмын. Саяхат­тағы 8-ші квартал, 24 үйдің тұрғыны жарық жоқ екенін айтуда.

– Жақсы, қабылданды.

– Кешіріңіз, жарықтың бол­мауы қанша уақытқа дейін жалғасады?

– Дәл қазір ол ауданда жөн­деу жұмыстары жүруде. Кешкі сағат 18:00-ге дейін жарық жануы тиіс.

– Көп рахмет. Жұмыс күні­ңізге сәттілік.

Кенже жарықтың не себепті болмауын анықтады. Енді ша­ғым білдірген тұрғынға мә­се­ленің мән-жайын айтып, оқиға салдарын түсіндіреді. Біз куә болғандай, ол солай істеді де, тұрғынды сабырға шақырып, ке­лесі соғылған қоңы­рауға жауап беріп жатты.

Бір күнде 300-ге жуық ша­ғымға толы қоңырау түсетін орталықтағы қызметкерлердің жұмысы мұнымен бітпейді. Әр соғылған қоңырау артындағы мәселе қағазға жазылып, оның орындалған-орындалмағанын тіркейтіні тағы бар. Мысалы, 110 өтініштің 10 шақтысы орын­далмаса немесе тұрғын ша­ғы­мының себеп-салдары анық­талмаса, онымен келесі ауы­сымдағы қызметкер қосымша айналыса беретін көрінеді.

Өмір сүру сапасына 

сәтті қадам

Өткен жылдың соңында об­лыс әкімі Қуанышбек Ысқа­­қов пен ҚР цифрлық даму, ин­но­вациялар және аэро­ғарыш өнер­кәсібі вице-министрі Абы­­лайхан Оспанов «Жедел әре­кет ету орталығы» комму­нал­­дық мемлекеттік мекеме­сін­дегі 109 және 112 қызмет­те­рінің ресми ашылуына қа­тыс­қан болатын. Аталған мекеме облыстық цифрлық техно­ло­гиялар бас­қар­масына қарасты. Ал Жаңа жылдан бері қарай жұмысын кү­шейткен қос орталықтың қыз­метін халық тұрақты пай­даланып келеді.

Қосымша айтар тағы жайт, бұл жобада 101 (төтенше жағ­дай), 102 (полиция), 103 (же­дел жәрдем) жедел желілері қосылып, бір жүйеге, яғни 112 байланысына біріктірілген. Мұн­да шұғыл қызметке қа­жетті барлық автокөлік GPS-пен жабдықталған. Барлық ша­қырулар бірыңғай 112 нө­міріне қабылдануда. Атал­ған жүйе бойынша шақы­рушы тұлғаның мекен-жайын көрсетіп, орналасқан жерге жа­қын көмектесуге тиісті эки­пажды автоматты түрде анық­тай алады. Сонымен қатар, өті­ніш берушіге келудің оң­тай­лы картасын, жолын ұсынады. Осы жобаны іске асыруда жедел қызметтерді шақы­ру­ды ұйымдастыру және қоңы­рауларды қабылдау мен уақы­ты 30 процент қысқарған. Мысалы, 102 қызметінің әрекет ету уақыты 5 минутқа, ал 103 қызметін 8 минутқа дейін қыс­қарып, жылдам әрі сапалы қызметті ұсынуға болатыны дә­лелденген. Бұл ретте шақыр­тылған қоңырауларға қызмет көрсетуді бақылау тиімділігі 25 процентке артып, жалған қоңырау соғатындар саны 45 процентке  азайған. Бұл – бір.

 Екінші қуанып айтар со­ны жа­ңалық, былтыр сәуір айын­да мемле­кеттік орган­дар­­дың халықпен тиім­ді бай­ланыс механизмдерін орна­ту бағытында «109 – бірыңғай бай­ланыс орталығын» құру жұмыс­тары басталған болатын. Осы ар­қы­лы қаланың инфра­құрылы­мына қызмет көрсетуге тартылған барлық коммуналдық қызметтер – жылу, электр, ауыз су мен кәріз жүйе­ле­рі, қоқыс, люктер, жол шұң­қыр­­лары, қо­ғамдық көлік мәсе­леле­рі бі­ріктірілген. Жаңағы мәсе­­леге қа­тысты тұрғындардан келіп түсе­тін барлық арыз-шағым­дар 109 бі­рыңғай нөмірі бойынша қабыл­дануда. Мақа­ла барысында біз Кенже есім­ді оператордың жұмыс тәр­тібін айтқан болатынбыз. Сон­да көрсеткендей, оператор өті­нішті қабылдап қана қоймай, сол өтінішті автоматты түрде осы мәселені шешуге тиісті ұйым­ға жолдайды. Енді қара­ңызшы. Бұған дейін қала тұр­ғындары кем дегенде 24 ком­муналдық және авариялық қыз­мет ұйымдарының, 40 об­лыс­тық басқармалар мен қалалық бөлім­дердің телефон нөмір­ле­рін білуі қажет еді. Ақпаратқа толы бүгін­гі қоғамда мұның бар­лығын барлық адам есте сақтап, біле бермесі ап-анық нәрсе. Бүгінде 109 нөмірін терсе болғаны, коммуналдық салаға қатысты барлық шағымы тыңдалып, өті­ніші орындалады. Әр мекемеге қоңыраулату қажет те емес.

Орталық қызметінде болған аймақ басшысы аталған 109, 112 нөмір­леріне келіп түсе­тін шақыртуларды тал­дау және олардың орын­­далуы­на мониторинг жүр­гізу, облыс әкімдігінің «Ахуал­дық орталығы» жүйесімен бірік­тіріл­генін, жаңа жүйенің ірі ком­муналдық апаттар, жол-көлік оқиғалары, су тасқыны жағдайлары, дауылдар және басқа да табиғи құбылыстар кезінде жылдам көмек көр­сетуге және цифрлық техно­логияларды қолданудың өмір сүру сапасын жақсартуға мүм­кіндік беретінін айтқан бола­тын.

Тұрғындардың 

тоқтаусыз қоңырауы

Орталыққа барғанымызда жұмыс жүйесімен таныстық. 40-қа жуық қызметкер, оның ішінде 28 оператор 12 сағатқа бөлініп, төрт ауысымда жұмыс істейді. Демалыс деген жоқ, аптаның жеті күнінде сіздің қоңырауға жауап беруге әзір. Әрі мұнда жарықтың сөнуі мен интернет жетімсіздігі деген түсінік мүлде жоқ. Болғанның өзінде мұндай ты­ғырықтан шы­ғуға жәрдемдесер авто­матты жабдықтар бар.

Сондай-ақ, біз 109 нөміріне қо­ңырау шалғандардың мәсе­лесіне де көз жүгірткенбіз. Мы­салы, 4 ақпанда түскен күндізгі және түнгі қоңырау саны 111 болса, онда түрлі мәселелер айтылған. Мұнда көбіне-көп су жүйесіндегі ахуалға қатысты телефон шалынған. Жарық­тың сөнуі де жиі байқалады. Тұр­ғын үй астынан су кетіп, құ­быр­лардың жарылуы жайлы қоңырау да жетерлік. Бір тұрғын өз үйінен газ иісінің шыққанын айтып дабыл қақса, тағы бір қала тұрғыны көшеде жабайы иттің көптігін айтқан. Бір күнгі тіркелген өтініш-шағымдарда қай мәселенің көптігін аңдап, қай саланың жұмысы ақсап тұр­ғанын айтпай-ақ білесіз мұн­дайда.

– Тіпті, кеңес сұраушылар да бар. Мұндайда операторлар қолдан келгенше тиісті орындар арқылы көмек көрсетеді. Біз хабарлама түскеннен кейін оның орындалған не орындалмағанын да анықтаймыз. Мысалы, үй­ден су кеткен жағдайда тиіс­ті мамандар барып оны жөн­десе, тұрғынның өзі де қоңы­рау ша­лып, рахметін айта­ды. Өзіміз де бақылауға алып, тиісті ме­кемеге де, тұрғын­ға да шығып, мән-жайды анықтаймыз, – дейді орталық басшысы Ғани Тасмағанбетов.

Бір нөмірге қоңырау шалу арқылы бес-алты мәселенің түйінін шешетін орталық жыл­дам қызмет көрсетудің үлгісін танытып-ақ отыр. Тіпті, ауа райы қолайсыз болып, қар қа­лың түскенде, жаңбырлы күн­нің арты мұздаққа айналып, жол қатынасы қиындағанда да байланысқандар қапы қал­майды. Операторлар көмек көр­сетуші құзырлы орындарға қо­ңырау соғып, жедел түрде ше­шім та­буға жәрдемдесіп отыр.

– Айтпақшы, кейбір тұрғын­дар шыдамсыздық танытып, қайта-қайта телефон шалатын кездер жиі болады. Мұндайда ашу үстінде қолайсыз сөздер де айтылатыны белгілі. Бұ­ған біздің операторлар асқан сабырлылықпен жауап беріп отырады. Сондай-ақ, әр қоңы­раудағы диалог бір ай бойы телефон жадында сақталып, тіркелген уақыты бойынша қайта тыңдауға да мүмкіндік бар. Бұл тұрғындар тарапынан сенімсіздік болған жағдайда немесе операторлар қоңырау шалған әр адаммен дөрекі сөйлессе, дәлел бола алады. Біз соған сәйкес шешім қабыл­дайтын боламыз, – дейді орта­лық басшысы.

Желіде 

жоқ болсаңыз да...

Бір қызығы, 109 бірыңғай байланыс орталығының функ­циясы өтінішті кәдімгі те­ле­фон арқылы ғана емес, со­нымен қатар барлық әлеу­мет­тік желілер, яғни қалта те­лефонымен де қабылдайды. Әрі бұл қоңыраудың барлығы тегін. Сондай-ақ, сіз аса қи­ын жағдайда қалып, ұялы байланыс тым әлсіз не мүлде жоқ жерде 109 нөмірін терсеңіз, сіздің нақты мекен-жайыңыз бірден анықталып, соған жа­қын жердегі құтқарушы құ­зыр­лы орынға хабар беріледі. Ғарыштық желінің осы кере­метін ұқсата білген орталық көп адам өміріндегі қауіп-қатерге тосқауыл болып отыр.

– Көше тазалығы болсын, маусымдық жылу немесе кә­різ жүйесіндегі ақаулардың барлығының тез арада шешілуі­не ықпал жасап келеміз. Бізде жарық пен су жүйе­сіндегі кемшіліктерге қа­тысты телефон соғушылар көп. Мысалы, Әл Фараби, Шан­хай, Гагарин сияқты шағын ау­­дандарда осы жағдайлар көп тіркеледі, – дейді мұндағы ма­ман­дар.

Нұр-Сұлтан, Атырау және Пав­лодардан кейінгі Сыр елі­не жеткен осы бір ғажап пи­лоттық жұмыстың қала тұрғын­дарынан бөлек, алдағы күні аудан халқына да көмегі көп болатын сияқты. Өйткені, 109 қызметін аймақтағы аудан жұрт­шылығы да естіп-білген кө­рінеді. Енді орталық әр ау­дандағы коммуналдық салаға қатысты телефон нүктелерін алып, тиісті тіркеу жұмыстарын бастамақ. Аймақтың әрбір тұрғыны үшін көмек көрсетуді мақсат еткен «Жедел әрекет ету орталығының» сәтті қадамы қазірдің өзінде тұрғын­дар тара­пынынан алғысқа ие.

Денсаулық 08 ақпан 2020 г. 195 0