Мейірбике мерейі

Мейірбике ісі  – жауапты әрі адалдық пен жанашырлықты қажет ететін ма мандық. Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Өйткені, сырқат жанды ең бірінші болып күтіп алып, шығарып салатын сол. 
Сол себепті мейірбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды. Онан бөлек, бүгінде орта буын медицина қызметкерлеріне қойылатын талап деңгейі де заман ағымына сай жоғарылады. Қазіргі заманауи медбике жоғары білікті, терең білімді әрі қажет болған жағдайда науқасқа психологиялық қолдау білдіре алады. Мейірбикенің әр күні науқастардың жағдайын жасап, зыр жүгірумен өтеді.
Міне, осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – №3 қалалық емхана мейірбикесі Әлия Ибраева. 8 жылдан астам уақыт емханада эндокринология кабинетінің медбикесі болып келе жатқан ол өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Ол үшін алдымен науқастың көңіл-күйі маңызды. Дәрігер нұсқауы бойынша науқастарға ем жасайтын маман уақытпен санаспай, жүрек қалауымен таңдаған кәсібін ұзақ жылдардан бері абыроймен атқарып келеді.
–Жұмысты махаббатпен, ұқыпты орындаған кезде одан нәтиже шығады,– дейді ол.
Әлия еңбек жолын алғаш бастағаннан күні бүгінге дейін мейірбикелік істің қыр-сырын меңгеріп,  мол тәжірибе жинаған жан. Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында біз де мейірімді мейірбикеге тек жақсылықтар тілейміз.
 Адал еңбектің наны қашан да тәтті болмақ.

Айнұр БАТТАЛОВА.
Денсаулық 06 наурыз 2020 г. 157 0