Нейрохирург

2511

5

Атшаптырым аумақты алып жатқан ауруха­наның қабылдау бөліміндегі қарбалас бір сәт те толастамайды. Кезекті жедел жәрдем көлігі дабылдап келіп тоқтады. Көліктен секіріп түскен жедел қызмет дәрігерінің де, оның әріптестерінің де қимылы шалт. Зембіл дөңгелегі сарт-сұрт етіп алға жылжыды. Үстінде жап-жас келіншек. Сұлқ жатыр, ес-түссіз сияқты.


Қабылдау бөліміне нейроинсульт бөлім­шесінен шұғыл түрде мамандар шақырылды. Нейрохирург Қанат Набдиновке жасы 35-тегі аяғы ауыр әйелдің инсульт алғаны, комаға түскені хабарланды. Магнитті-резонансты томография көрсеткен суретте миға қан ұйып қалған.


Мұндайда әр секунд қымбат. Кейде туысқан­дарының рұқсатын алу сияқты құжатқа қатысты процедуралар да уақыт ұстайды. Жалпы бұл санатты операциялардың ешқайсысы жеңіл болған емес. Бас сүйекті ашып, ұйыған қанды тазарту керек. 4-5 сағат бойы науқастың өмірі үшін күресуге тура келеді. Сол үшін мамандар тәуліктің қай мезгілінде болмасын қас қақпайтын сарбаздардай әзір тұрады. Қанат бұл жолы бір емес, екі бірдей адамның өмірі үшін жауапты екенін ойлап үлгерді.


Пациенттің бас сүйегі ашылып, ұйыған қан тазартылды. Гинеколог мамандар да ана мен құрсағындағы нәрестенің өміріне қауіп жоқ екенін айтты. Бірақ бұл инсультке шалдыққан аяғы ауыр науқас өткерген алғашқы операция еді. Жағдайы тұрақталған соң екіншісі шоғырланып, шимайланып қалған тамырларды жазу үшін жасалды.


Операция үстеліндегі нейрохирургтің жұмысын күнделікті тіршіліктегі қандай қарекетпен салыстыруға болады? Шамасы, асыл тастың әрқайсысын өз орнына қоятын, әйтпесе бұйымының сәні келмейтін зергердің жұмысындай шығар. Әлде мыңдаған моншақты көз майын тауысып тізетін шебердің ісіндей ме екен? Адамның миы дегеніңіз миллиардтаған жасушадан тұратын, әрқайсысы өз бетінше қызмет атқаратын өте күрделі ағза екені белгілі.
– Елімізде Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық нейрохирургиялық орталықтан кейін 2011 жылы Қызылорда қаласында ми тамырларының артериовенозды мальформацияларына, қапшықты аневризмаларына, ми ісігінің патологиялық тамырларына, ишемиялық инсульт кезінде эндоваскулярлы әдіспен, яғни шап арқылы сан артериясына операция жасалды, – дейді дәрігер нейрохирург.


Қанат Набдиновтің кәсіби білімінің негізі Қызылорда медициналық учили­щесінде қаланды. Мейіргер маман­дығымен психиатриялық ауруханада, облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімшесіне жұмыс істеді. Жоғары білімді Алматыдағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік медицина университетінен алып, №6 қалалық емханада хирург дәрігер ретінде тәжірибе жинады. 2006 жылдан бері қазіргі көпбейінді облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімінің дәрігері.


Бүгінде әлемдік медицина адам ағзасына қатысты құпияның бірта­лайын ашты. Сондықтан күн са­йын­ғы жаңалықтың ағынына ілесу ма­ңызды. Қанат Ұлттық нейрохирургия орта­лығында, Қазан, Стамбул, Санкт-Петербург, Германияның Эссен, Фран­цияның Лимож, Швейцарияның Цюрих, Латвияның Рига қалаларындағы ірі нейрохирургиялық орталықтарда білімі мен тәжірибесін жетілдірді. Жоғарыда айтылған операцияларды жасаудың қыр-сырын үйренді.


«…Миына қан құйылыпты, адам болуы екіталай». Бұрын инсульт алған адам тағдырына қатысты осындай шешім шығарылатын. Қазір заманауи магнитті-резонансты томография, ангио­граф сияқты құрылғылар қолданысқа енгізілгелі инсульттан кейін аяғына тұрып кетіп жатқандар көп. Бұл игілікті іске Қанат дәрігердің қосып жүрген үлесі қомақты.


Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<