Бердіқұлов бәйгесі – «Ақмешітте»

Елордада қазақ спорт жур­налистикасының негізін қалаған қаламгер, қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған дәстүрлі шағын футбол турнирі өтті. Оған еліміздің әр өңірінен БАҚ өкілдері қатысып, журналистердің де доп тебе алатынын көрсетті.

Көп жыл Алматыда өткізіліп кел­ген жарыс еліміздегі орталық басы­лымдардың, сондай-ақ, телеарналар, интернет сайттардың бас қалада шоғырлануы себепті соңғы уақыттары Астанада ұйымдастырылып келеді. Басты мақсат – «Ұлт саулығы» бағдарламасы аясында ҚР БАҚ арасында футбол ойынын дамыту, БАҚ өкілдері арқылы халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

19 команда қатысқан биылғы турнирде бақ сынаған Сыр өңірінің «Ақмешіт» командасы жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орын «Елорда Ақпарат» командасына бұйырды. Ал, үздік үштікті талдықорғандық «Тұран» түйіндеді.

Турнир аясында үздік ойын көр­сеткен ойыншылар арнайы сыйлыққа ие болды. Мәселен, «Үздік шабуылшы» атағын «Ақмешіт» командасының шабуыл­шысы Әділбек Жақанов алса, «Тұран» командасының ойыншысы Азамат Имамбетов «Үздік қорғаушы» аталды. «Елорда Ақпарат» командасынан Азамат Нұрматов «Үздік қақпашы», «Хабар 24» телеарнасынан Жасұлан Қасымберкебай турнирдің «Үздік ойыншысы» болды.

Спорттық шара соныңда Сейдахмет Бердіқұлов атындағы республикалық «Үздік спорт журналисі» байқауының лауреаттары да марапатталды.

«Үздік телевизиялық материал» аталымын «Хабар 24» телеарнасының редакторы Лариса Гречихина алса, «Үздік баспа материалы» бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Әли Битөре және «Айқын» газетінен Жадыра Аққайыр үздік атанды. Ал, ынталандыру сыйлығы «Mańǵystaý» телеарнасының редакторы Ақсындар Табылдыға бұйырды.

Бердіқұлов турнирі 1995 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Мемориалды алғаш ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі ұйымдастырды. 2008 жылдан бастап ҚР Туризм және спорт министрлігі, кейіннен Мәдениет және спорт министрлігі өткізіп келеді. Сондай-ақ, 1995 жылдан бастап БАҚ-та спорт тақырыбында маманданған журналис­тер арасында С.Бердіқұлов атындағы сыйлыққа республикалық конкурс өткізіп жүр.

Н.Сағатұлы.

ДОДА 03 шілде 2018 г. 385 0