Меруерт - АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ

Сырдария ауданының тумасы Меруерт Көпболсынова таэквандодан Азия чемпионы атанды.

Жуырда Атырау қаласында Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге 20 елден 400-ден астам спортшы қатысты.

Осы додада 67 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, топ жарған Меруерт үш кездесуінде де қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, ел мерейін тасытты.

Атап айтқанда, бірінші кездесуін моңғолиялық спортшымен өткізіп, 5/2 есеп айырмасымен келесі айналымға жолдама алды. Ал, екінші кездесуде иорданиялық спортшыны 4/1 есебімен тізе бүктірді. Тартысты өткен ақтық сында Өзбекстан мемлекетінің спортшысын 6/2 есебімен ұтып, Азия чемпионы атанған.

– Жеңісімді жерлестеріме, туған ауда­нымның 90 жылдық мерейтойына арнаймын. Қолдау білдірген, сенім артқан барлық азаматтарға алғысым шексіз. Әсіресе, алғаш­қы бапкерім Марат Алдабергенов ағай­ға ризашылығымды білдіремін, – дейді жас спорт­шы.

Айта кету керек, аудан орталығындағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің түлегі бүгінде ұлттық құраманың мүшесі, шығыс жекпе-жегінен қара белбеу иегері, спорт шебері және Қазақстан чемпионы.

ДОДА 15 қыркүйек 2018 г. 759 0