ҚОҢҚАБАЕВ – ҚҰРАМА КАПИТАНЫ

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны болып жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев сайланды. Бұл AIBA академиясының базасында өтіп жатқан биылғы жылдың алғашқы оқу-жаттығу жиынында белгілі болды. Бұған дейін ұлттық құрама капитаны міндетін атқарған Әділбек Ниязымбетов спорттағы мансабын аяқтады.
– Команда капитаны болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Спорт­шыларға үлгі болып, жол көрсету міндетім деп есептеймін. Жаңа жылдан бастап командаға жас боксшылар қосылды. Құрама біршама жаңарып қалды. Бас бапкеріміз де ауысты. Сол себепті, бәріміз бір жұдырықтай жұмылып, ел намысын абыроймен қорғау үшін бар күшімізді саламыз, –  деді Қамшыбек.
Айта кету керек, Қызылордадағы жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алған жаңа капитан бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. 2017 жылы Азия және Әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері атанған. Былтыр Қазақстан чемпионы болды.

«СБ» ақпарат.
ДОДА 15 қаңтар 2019 г. 1 675 0