Республикалық турнир өтті

Қазалы ауданында Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевқа арналған грек-рим күресінен 2004-2005 жылдары туылған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Турнирге Алматы, Қызылорда, Ақтөбе қалалары мен Шалқар, Арал, Қазалы аудандарынан 150 жас балуан қатысты.

Республикалық турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Мұрат Ергешбаев «Тәуелсіздік жолында құрбан болған бабалар есімін жаңғыртып, олардың өнегелі өмірлерін бүгінгі буын санасына сіңіру елімізде тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Соның бірі Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир бүгін ауданымызда өткелі отыр. «Өткенін білмей, болашақ болмас» дейді халқымыз. Бүгінгідей ел үшін елеулі күні біз тәуелсіздік жолында күрескен ата-бабаларымыз бен боздақтарымызды құрметтеп, рухына бас иеміз» - дейді өз құттықтауында. Бабалар есімін жаңғыртып, олардың өнегелі өмірін бүгінгі буын санасына сіңіруде мұндай жарыстардың маңыздылығын атапөткен аудан басшысы жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Әйтеке би кентіндегі №17 Қазалы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өткен байрақты бәсекеде балуандар 14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты. Турнир үздіктері мен жеңімпаздары арнайы дипломмен марапатталып, ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтарға ие болды.

ДОДА 30 мамыр 2019 г. 365 0