Макгрегорды таңғалдырған Талант

 Әлеуметтік желіде әйгілі спортшы Конор Макгрегордың жүрісін салған Талант Әли бір күнде танымал болып шыға келді. Тіпті, Макгрегордың өзі қазақ баласының бейнежазбасын инстаграм парақшасына жүктеп, «О, жасаған! Мына бала миллиардтаған доллар тұрса керек» деген жазба қалдырды. Оны он миллионнан аса әлем жанкүйерлері тамашалады. Жуырда жас таеквондошының отбасымен әңгімелесіп, Талант жайлы егжей-тегжейлі білген едік.

Талант небәрі 5 жаста екен. Таеквондомен айналысқанына жылға енді жуықтайды. Бірақ, осы аралықта ол облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда бақ сынап, жүлделі қайтқан. Әлгі бейнежазба да соғыс ардагері Мұсахан Қалмахановты еске алу құрметіне өткен халықаралық турнирде түсіріліпті. Әкесі Бақытжан Әлидің айтуынша, оны желіге Таланттың бапкерлері жүктеген.

– Ұлыммен бірге теледидардан спорт бәсекелерін жиі қарайтынбыз. Конорды сол бағдарламалардан көріп, жанкүйеріне айналды. Уақыт өте спортқа қызығушылығы артып, жаттығу залына апаруымды сұрады. Қазіргі аяқалысы жаман емес. Қатысқан сайыстарында жүлдегер атанып жүр. Соның бірінде жарыс алдында қарсыласын тура Конор секілді шақырып, танымал спортшының қимылын айнытпай салған. Ол әрекетін бапкерлері түсіріп алған. Осылайша, жазба  әлеуметтік желі арқылы таралып, Макгрегордың өзіне жетіпті. Өте қуаныштымыз, – дейді Бақытжан Әли.

Әңгіме барысында жас таеквондошыны  Ербол Бейсенбай жаттықтыратынын білдік. Бапкері Талантқа үлкен сенім артып отыр. Бағындырар шыңы әлі алда деп біледі.

– Жаттығу залында менен бөлек Нұрлыбек Сухан, Гүлмырза Мәжіков, Әкежан Ертаев есімді бапкерлер бар. Талант бәрімізді  таңқалдырғаны рас. Оның бойында ерекше спорттық рух бар. Әрдайым жеңіске жетуді ойлайды. Келешекте еліміздің атын әлемге танытады деген үміттеміз, – дейді ол. 

Иә, атына заты сай балақайдың алға қойған мақсаты ауқымды. Өзіне сенімді. Ол әкесінің «Конор шақырса, барасың ба?» деген сауалына «Егер олай болып жатса, мен бармаймын. Бірақ, Конорды өзім Қазақстанға шақырамын» деген жауабынан байқалады. Қазір Талант қаладағы «Нұр-шұғыла» бақшасына барады, биыл мектеп табалдырығын аттамақ. Біз де талабы таудай жеткіншектің жетістіктері одан әрі жалғасын тауып, алар асуы биік болатынына сенеміз.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

ДОДА 24 маусым 2019 г. 312 0