Бақ пен бап

Жыл қорытындыланатын кезде спортшылар қауымы облыс орталығында бас қосты. Мақсат – жылжабар жиынға қатысып, саланың өзекті мәселелеріне көз жүгірту және қателіктен сабақ алып, келер жылы қаперде ұстау. «Мұз айдыны» кешеніндегі шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов, алқа мүшелері Райкүл Байназарова, Ғалымбек Жақсылықов және сала қызметкерлері қатысты.

– Облыста дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту арқылы көрінеді. Бүгінде спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 30,2 процентке көтеріліп, 243 мыңнан асты. Бұқаралық спортты дамыту үшін 282 спорт нұсқаушысы 138 елді мекенді қамтып, 41 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді. Балалар-жасөспірімдер спорт мектептері мен клубтарында дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындар саны 27 мыңнан асып жығылды. Бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту. Бұл реттегі жұмыстардың қаншалықты атқарылып жатқанына өздеріңіз куәсіздер, – деді Н.Бай­қадамов.

Жыл басынан мектеп оқушы­ларының арасында «Нашақорлыққа жол жоқ!» Бәрің де жарысқа!» атты көңілді эстафетаға және қазақ күресінен өткен «Алтын белбеу» турниріне 16 мыңдай спортшы қатысқан. Әлбетте, бұл –жаттықтырушылар мен нұсқаушылардың тынымсыз еңбегінің арқасы. Жиында 8 спортшыға түрлі деңгейдегі атақ табысталды. Олардың қатарында бокс жаттықтырушысы Сейітжан Төкенов «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағына қол жеткізсе, еркін күрестен Əлем чемпионатының күміс жүлдегері Дəулет Ниязбеков «ҚР еңбегі сіңген спорт шебері» атағымен марапатталды. Ал қалған спортшыларға ҚР спорт шебері куәлігі табысталды.

Мəнерлеп сырғанаудан Əлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева, еркін күрестен Əлем чемпионатының күміс жүлдегері Дəулет Ниязбеков және бокстан Əлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев «Жылдың үздік спортшысы» атанды. Ал «Жылдың үздік жаттықтырушысы» атағына əмбебап жекпе-жектен облыстың аға жаттықтырушысы Нұрбек Жармаханов, байдарка және каноэде есуден облыстың аға жаттықтырушысы Мұхитдин Мейірбеков, стенд атудан облыстың аға жаттықтырушысы Максим Коломоец лайық болды.

Жыл басынан қалалық және аудандық спорт бөлімдерінің же­тіс­тіктері сарапқа салынады. Қы­зылорда қалалық дене шынық­тыру және спорт бөлімі жылдағы дәстүрден жаңылмады. Биыл да топ жарып, І орынды қанжығаға байлады. Жаңақорған ауданы ІІ орынды еншілесе, үздік үштікті Сырдария ауданы түйіндеді.

Спорт мектептері арасында 1-орын №1 олимпиадалық резерв мектебіне бұйырды. Ал ІІ орынды №8 Жаңақорғандағы олимпиадалық резерв мектебі алса, №13 Жалағаш ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жас­өспірімдер мектебі ІІІ орынға қол жеткізді.

Жетістік желкенін кергендердің бірі – бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоң­қабаев биыл тәжірибе жинағанын жеткізді.

– Мен үшін 2019 жыл табысты болды. Әрине, әттеген-айларымыз да бар. 2017 жылы алған күмісімді алтынға жеткізіп, Әлем чемпионы болсам деген мақсатым болатын. Әйткенмен, тағы да күміс жүлдеге қол жеткіздік. Қаншама елдің мықтылары бақ сынасатын байрақты бәсекедегі бұл жетістік те жаман емес. Келер жылы Ресейде чемпионат, Қытайда лицензиялық турнир өтеді. Сонда бағымызды сынаймыз. Амандық болса, лицензияны қолға түсіріп, Олимпиада төрінде көк байрағымызды желбіретсек деген мақсат бар, – дейді ол.

Еркін күрестен Әлем чемпио­натының күміс жүлдегері Дәулет Ниязбеков те осы жылдың олжалы болғанын айтады.

– Биыл алға қойған мақсатымыз орындалды. Әлем біріншілігіне лицензия аламыз деген жоспармен шыққан едік. Оған да жеттік. Әйтсе де, қол қусырып қарап қалмау керек. Сол біріншілікте алтын аламыз деп едік, ол орындалмай қалды. Алдағы жылы алтын алуға жұмыс істейміз. Қазір Олимпиадаға дайындық қызу. Оған мен екінші мәрте бар­мақпын. Сондықтан дүбірлі додадан құралақан қайту – маған ұят. Бәрі маңдай термен келеді, қазірден еңбектенудеміз, – дейді ол.

Шара аясында аймақтағы бірқатар БАҚ өкілдері Сыр спортын насихаттағаны үшін «Ең үздік спорт журналисі» номинациясын иеленді.


Дәулет Қырдан
ДОДА 31 желтоксан 2019 г. 126 0