АРБАҒАН БІЗДІ БІР СИҚЫР…

93

0

АРБАҒАН БІЗДІ БІР СИҚЫР...

Жұмыр жердегі жұрт әрбір төрт жылда футболдан әлем чемпионатына көз тігеді. Түннің бір уағында басталса да, оған қарамастан ойынды тамашалауға құмар жандар қатары аз емес. Қалың елдің түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпастан теледидар алдында телміретін уақыты осы аптадағы бейсенбіден бастау алмақ. Мұхиттың арғы жағындағы Бразилия елінде футболдан әлем чемпионаты жалауын көтереді. Үстіміздегі жылдың 12 маусымы мен 13 шілдесі аралығында доп додасы дүйім елдің делебесін қоздырып, аладоп сиқырына арбалған адамдарға өз қызығын сыйлайтын болады. Іріктеу кезеңінде үздік атанған 32 құрама 8 топқа бөлінген. Олар Бразилияның 12 қаласында жанкүйерлерге тартысты бәсекені тарту етпекші.

АРБАҒАН БІЗДІ БІР СИҚЫР...Доп додасының ашылу салтанаты 12 маусымда Сан-Паулу қаласындағы «Коринтианс» аренасында өткізілсе, ақтық бәсеке Рио-де-Жанейро шаһарындағы атақты «Маракана» стадионында мәресіне жетеді. Сонымен қатар, қалған ойындар Белу-Оризонтидегі «Минейран», Куябадағы «Пантанал», Куритибадағы «Байшада», Форталезадағы «Кастелан», Манаустағы «Амазония», Порту-Алегридегі «Бейра-Рио», Ресифидегі «Пернамбуку», Сальвадордағы «Фонта-Нова», Наталдағы «Арена дас Дунас» және ел астанасы – Бразилиадағы Ұлттық стадиондарында өткізіледі.

Жер шарының әр қиырынан
жиналған құрамалар сегіз топқа бөлінген. Әрбір топтан екі құрама 1/8 финалға
жолдама алады. Сонымен, қай топта қай құрамалар бір-бірімен сайысқа түседі. Енді
осыған тоқтала кетелік. А тобында әлемнің бес дүркін чемпионы, алаң иелері –
Бразилиямен бірге Хорватия, Мексика, Камерун құрамалары сынға түседі. Доп
додасының алғашқы кездесуі Бразилия мен Хорватия арасында өткізілетінін
естеріңізге сала кеткеніміздің артықтығы болмас. Келесі В тобында 2010 жылғы
әлем чемпионы – Испания мен тағы бір мықты Голландия, сосын Чили мен
Австралияның жолы түйіскен. С тобында Колумбия, Грекия, Кот-д’Ивуар және Жапония өзара шеберлік байқасады.
Иә, олардың арасында анау айтқандай үздіктер жоқ болғанымен, олардың әрбірі
жарысты жалғастыруға мүмкіндік алуы әбден мүмкін. Мамандар С тобына кілең
мықтылар жиналған деп жорамал жасауда. Өйткені, онда Англия, Италия, Уругвай
сынды серкелермен қатар Коста-Рика құрамасы да ешкімге оңай шағыла қоймайды. Ал
Е тобында Швейцария, Франция секілді кәрі құрлықтан жеткен үздіктермен Оңтүстік
және Солтүстік Американың намыстарын қорғайтын Эквадор мен Гондурас сынға
түспекші. Талай дүбірлі доданың
дарабозы атанған Аргентина F тобының
үздігі саналса, жарысты жалғастыруға берілетін тағы бір жолдамаға Босния, Иран
және Нигерия құрамалары өзара таласады. Қазіргі таңда G тобының мықтылары
ретінде Германия мен Португалия саналып отырғанымен, Гана мен АҚШ та ешкімнің
ыңғайына жығыла қоюға құлық таныта қоймайтыны тағы бар. Бұрынғы одақтас елдер
арасынан әлемдік футбол тойына аттанған жалғыз құрама – Ресей ең соңғы H
тобында Бельгия, Алжир және Оңтүстік Кореямен ойнайды.

Мамандар биылғы доп додасында
бас жүлдеден негізгі үміткер ретінде алаң иелері – Бразилия құрамасын айрықша
атап отырған жайы бар. Рас, жер жүзінде олар әрдайым мықтылар қатарында
саналады. Бұл елден жылма-жыл өз шеберлігімен талай тәнті еткен шебер
футболшылар молынан шығады. Оған қоса, олардың бұған дейін алтын кубокты бес
мәрте төбесіне көтергені тағы бар. Сонымен қатар, өткен чемпионаттың бас
жүлдесін иеленген Испанияны, төрт мәрте әлем чемпионы Италияны ешкім жоққа
шығара алмайды. Осындай зор жетістікке жеткен Аргентина, Англия, Франция да
биыл да алтын медальға ие болсақ деп арқаланып отыр. Ал кәрі құрлықтағы
Португалия мен Голландия да талай мықтыны састырып, дегбірін алып жүрген
мықтылардың бірі екені белгілі. Қысқасы, бір айдан кейін сан түрлі болжамның
жауабы табылып, аталмыш мундиалдың басты жеңімпазы анықталатын болады.

Сондай-ақ, соңғы сәтте алған
жарақаттарына байланысты айтулы жарыстан шет қалып қойған футболшылар бар.
Олардың қатарында француз Франк Рибери, германиялық Марко Ройс, Ларс Бендер,
Илкай Гюндоган, ағылшын Тео Уолкотт, испан Виктор Вальдес, голландиялық Рафаэл
ван дер Варт, ресейлік Роман Широков сынды бірқатар белгілі ойыншылар бар.

Әлем чемпионатының ойындарына
Азиядан – Бенджамин Уильямс (Австралия), Абдулла Шукралла (Бахрейн), Раушан
Ирматов (Өзбекстан) және Юити Нисимура (Жапония), Солтүстік Америкадан – Марко
Родригес (Мексика), Хоэль Агилар (Сальвадор), Марк Гейгер (АҚШ), Оңтүстік
Америкадан – Нестор Питана (Аргентина), Сандро Риччи (Бразилия). Вильмар
Рольдан (Колумбия), Энрике Оссес (Чили), Карлос Вера (Эквадор) жасыл алаң
төрінде қазылық етеді. Сондай-ақ, мұхит аймағынан – Питер О’Лири, Африкадан –
Джамель Аймуди (Алжир), Бакари Папа Гассама (Гамбия), Нумандьез Дуэ
(Кот-д’Ивуар) және Еуропадан – Говард Уэбб (Англия), Феликс Брих (Германия),
Бьорн Кёйперс (Нидерланды), Никола Риццоли (Италия), Карлос Веласко Карбальо
(Испания), Педру Проэнса (Португалия),Милорад Мажич (Сербия), Джюнейт Чакыр
(Түркия), Юнас Эрикссон (Швеция) құрамалар кездесуінде төрелік етеді.

 

Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз