Асқардың биігі

1329

1

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында біздің аймақта ауыр атлетика өркен жая бастады. Бүгінде талай таланттың танылуына жол ашқан Вилорий Пак сол кезде ел ішінен зілтемір көтеруге бейім жас өрендерді тауып, оларды қиын да қызықты спорт түріне баулыды. Осы бір уақытта Қызылорда жұртшылығы Асқар Меңдияров есімді бозбаланың болашағынан үлкен үміт күтті.

Қарапайым қазақ баласы үшін ауыр атлетика таңсық спорт түрі еді. Бірде Асқар білім алатын мектепке аймаққа белгілі бапкер Вилорий келді. Оң-солын енді танып келе жатқан өрендерге өзі жетекшілік ететін үйірменің қыр-сырын айтып берді. Бұл кезде Асқар небәрі он жаста екен. Ата-анасымен ақылдаса келе ауыр атлетика үйірмесінің есігін ашты. Қасында Ғалым, Ғани, Талант, Талғат, Ардақ есімді достары бар. Талантты тани білетін бапкер Вилорий оларды құшақ жая қарсы алды. Ұғымтал ұландарға асықпай ауыр атлетиканың қызығы мен қиындығы жайлы айтып берді.

– Біздің балалық шағымызда қазіргідей қарыштап дамыған техника жоқ. Бар көретініміз – теледидар. Көгілдір экраннан көптеген спорт түрлерінен жарыстар жайлы көрсетеді. Сол сәтте біз Анатолий Храпатый есімді қазақстандық ауыр атлетті жанымызға жақын тартамыз. Сан алуан сайыста сыр бермеген саңлақ талай жүлдеге қол жеткізді. Олимпиаданың алтыны мен күміс медалін мойынға тақты. Әлем чемпионатында бес мәрте алтын, екі мәрте қола алды. Өзге де жарыстарда жетістікке жетті. Храпатый біз секілді өрендерге өнеге болды. Одан бұрынғы жылдарда да Олимпиада чемпионы атанған теміртаулық Юрий Зайцев (1976, Монреаль), шахтинскілік Виктор Мазин (1980, Мәскеу) сынды саңлақтар болды. Біз солар секілді болуға ұмтылдық, – дейді Асқар.

Алғаш рет чемпион атанғанда небәрі 12 жаста болатын. 1987 жылы Арқалық қаласында өткен ел біріншілігінде жеңімпаз тұғырынан көрінді. Бұл толағай табыстарға қол созған өренге қанат бітіріп, алдағы күндерге үлкен үмітпен қарауына жол ашты. Одан кейінгі кезеңде жасөспірімдер мен жастар арасында тоғыз мәрте ел чемпионы атанды. Ал 1994 жылы Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен Орта Азия елдері жарысында өзінің мықтылығын танытты. Арада бір жыл өткенде Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жалауын желбіреткен Тәуелсіз мемлекеттер достас­тығы елдері спартакиадасында күміс жүлдегер атанды. Бұл жылдарда біздің елімізде ауыр атлетика спорты енді-енді өркенін жайып келе жатқан кезі еді. Бапкерлер Асқарды ересектер арасындағы ұлттық құрамаға қабылдауға ниет білдірген. Десе де, жарақатына байланысты жарыс жолын жалғастыра алған жоқ. 1996 жылы бапкерлік қызметке бет бұрды.

Бапкерлік те оңай емес. Жауапкершілігі үлкен. Вилорий ұстазымен кеңесіп, талай таланттың жұлдызы жануына күш салды. Бұрынғыдай емес, бұл салаға да қамқорлық көрсетіле бастады. Қажетті құрал-жабдық қатары толықты.

Жергілікті халық көп жылдарға дейін ауыр атлетиканың қыр-сырын түсіне қойған жоқ. Ауыл баласы негізінен оң жамбасына келетін күрес түрлерін таңдайтын. Олардың көбісі облыс орталығында орналасқан Жалаңтөс баһадүр атындағы спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатына түсуге келетін. Бұл жерде кез келген өренді бірден қабылдай қоймайды. Түрлі сынақтар болады. Содан сүрінбей өткен баланың аталған білім ордасында тәлім алуына мүмкіндік туады.

– Қашанда талантты жас­тарға кенде емеспіз ғой. Әрине, әркімнің қабілет-қарымын бағалауың тиіс. Біз дарынды ұландарды кейде кездейсоқ кездестіріп жатамыз. Спортшы тәрбиелеу оңайға соқпайды. Шәкіртің толайым табысқа кенеліп жатса, қандай ғанибет?! Барлық бапкер сол жолда тынбай тер төгеді. Аталған спорт мектебіне келген өрендер арасынан ауыр атлетикаға бе­йім талай жанға жол сілтедік. Олардың арасынан үмітімізді ақтаған шәкірттеріміз де аз емес. Қазір Алмас Өтешовті жанкүйерлер жақсы біледі. Ол әуелгіде күреспен айналысқан болатын. Оның болмыс-бітіміне қарап ауыр атлетикаға ыңғайлы екенін байқаған едік. Біздің берген ақыл-кеңесімізден кейін зілтемір көтерудің қыр-сырын меңгерді. Алмас үмітімізді ақтады, Әлем және Азия чемпионаттарында қор­жынға жүлде салды. Азия ойын­дарында да топтың алдынан көрінді, – деді Асқар.

Осы ғасырдың алғашқы он-он бес жылдығында Сыр өңірінің ауыр атлетикасында талай талантты жастар бой көрсетті. Жергілікті бапкерлер Айбол және Жеңіс Алдабергеновтер, Роман Русяновский, Дәурен Шаутеев, Жомарт Жарасбаев сынды саңлақтар сан алуан сайыстарда жеңімпаздар қатарынан көрінді. Өмір сәттілік пен сәтсіздіктен тұрады емес пе?! Олардың кейбірінің бағы жанбаған шығар. Ендігі бірінің бабы келіспеді ме екен? Десе де, олардың жолын жалғаған өрендер қатары бүгінде де аз емес. Кейінгі жылдарда Әділбек Балқаев, Есенгелді Сәпи, Рахат Бекболат сынды үздіктер шықты.

–  Соңғы уақытта әлемдік жарыстарда Рахаттың есімі жиі аталады. Солай болатын да жөні бар. Ауылдың қара топырағын кешіп өскен ол өзі қатысқан жарыстарда үнемі алдыңғы лектен көрініп жүр. Тіпті, әлемдік рекордты жаңартып, тәмам елді таңырқатып қойды. Ендігі кезекте Рахат секілді дарынды ұландарға барынша қамқорлық көрсетілуі тиіс. Спортшының бабында болуы – басты талап. Қажетті тағамдар және витаминмен қамтамасыз еткеніміз дұрыс. Осындай қолдаудың нәтижесінде еліміздің спорт көгінде талай таланттар жарқырай түседі, – деді Асқар әңгімесін одан әрі өрбітіп.

Оның айтуынша, әлемде спорт саласына да саясаттың салқыны тиіп жатқан жайы бар. Жер-жаһандағы іргелі елдердің арасындағы қырғи-қабақ көзқарас кейбір белгілі спортшылардың жолын байлайды. Қазір бірқатар ауыр атлеттер қан құрамынан допинг табылды деген желеумен үлкен спорттан шеттетілді. Мұндай келеңсіз жағдай қазақстандық жастарға да кедергісін келтірді. Асқар спортшы әр жарысқа қатысар алдында бірнеше мәрте тексеруден өтетінін тілге тиек етті.

– Солардың барлығында таза шыққан таланттарға қалайша бірнеше жылдан кейін допинг пайдаланды деген байлам жасалады? Бұл – ешбір логикаға сыймайтын түсініксіз жағдай. «Осындай қисынсыз жағдайға байланысты көптеген жастар үлкен спортпен қош айтысты. Әрине, алдағы уақытта әлемде бұған байланысты оң шешім қабылданады деген үміттенемін. Сонда ғана спортшылар әділетті жолмен жеңіске жетеді, – деді ол.

Асқар шетелден легионерлер алдыртуға байланыс­ты ұстанымға мүлдем қарсы екенін айтады. Бұл еліміздің спорт саласын дамытуға көп кедергісін келтіреді.

– Мұндай жағдай ауыр атлетика саласында көп кездесті. Қазір де өзге елдерден шақыруға әуеспіз. Олар төменгі жалақыға келмейді. Бұл мақсатта қыруар қаржы жұмсалады. Сондықтан ойланғанымыз дұрыс. Ақшаны балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жұмсағанымыз абзал. Ол өз жемісін береді. Оның орнына өзге елден білікті бапкер алып келген пайдалы. Қазақстандық жанкүйерлер түркиялық Энвер Туркелери деген маманды жақсы біледі. Талай талантқа ақжол сілтеген ол еліміздің ауыр атлетика құрамасына кеңесші ретінде ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Білікті бапкер әрбір шәкіртінің мүмкіндігін толықтай біледі. Сол арқылы жүйелі жұмыс жүргізді. Кейінгі жылдарда қазақстандық ауыр атлеттердің Әлем және Олимпиада секілді додаларда топ жарғанын сол кісінің өлшеусіз еңбегінің жемісі деп санаймын, – деді Асқар сөзін одан әрі жалғап.

Оның айтуынша, бұрынғы кезең мен қазіргі уақыттағы спорт саласының дамуын салыстыра алмайсың. Ертеректе жағдай оңай болмады. Жарысқа жол қаражат табудың өзі қиынға соғатын. Басқа да кедергісі аз болған жоқ. Бүгінде мұндай түйткілдің барлығы өзінің шешімін тапты. Әлемнің қай қиырындағы додаға бару үшін мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетіледі. Сан алуан сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінген саңлақтарға елге келгеннен кейін қомақты сыйақы беріледі. Бұрын спортшылар мұндай қолдаудан тыс қалып келді. Ал Олимпиада чемпионы мен жүлдегеріне мемлекет тағайындаған арнайы сыйлықтар тағы бар.

– Қай кезде де әлемде Ресей, Қытай, Иран секілді елдердің ауыр атлеттері алдыңғы лектен көрінеді. Қазір олардың қатарына Қазақстанның қосылып келе жатқаны қуантады. Десе де, оған тоқмейілсуге болмайды. Әлі де жасалатын жұмыс көп. Өзіміздің таланттарға жол ашып, бұл мақсатта нақты жобаларды жалғастыра бергеніміз абзал, – деді Асқар әңгімесін түйіндеп.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<