АЙДЫНДАҒЫ АҚ ЖЕЛКЕН

195

0

АЙДЫНДАҒЫ АҚ ЖЕЛКЕНАрал ауданының Қамбаш көлінде желкен спортынан
«Аралдың қайта жандануы» атты республикалық турнир өз мәресіне жетті.

 

Оны облыстық дене шынықтыру және
спорт басқармасы мен Арал ауданы әкімдігі ұйымдастырды. Дүбірлі додада Алматы,
Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан 4 команда, 40
спортшы өзара сынға түсті. Жарыстың ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру
және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев алдағы уақытта Сыр өңірінде
желкен спортынан бөлімше ашу жоспарда бар екенін және аталмыш турнирге
қатысушылар құрамы көбейетінін жеткізді. Арал ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар
Оразбаев бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, желкен
спортын өрістету бағытында қолға алынған шараның маңыздылығына тоқталды.

Бес күнге созылған желкенді қайық
сайысының қорытындысында 3 бағдарлама бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер
анықталды. «Луч» бағдарламасы бойынша Алматы облысы спортшыларының мерейі үстем
болды. Ересектер арасында тартысты өткен бұл бағдарламада Владимир Щанкин
қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Ал Руслан Жанғазов күміс жүлде иеленсе,
Александр Воронин үштікті қорытындылады. «Шағын-Луч» бағдарламасында Алматы
облысының жігіттері барлық жүлдені өз қанжығаларына байлады. Нәтижесінде
Александр Комардин жеңімпаз атанса, Иван Цуриков екінші, Евгений Югай үшінші
орынға ие болды.

Әйелдер арасында сынға түскен
Карина Жанғазова осы турнирде осымен екінші мәрте жеңіс тұғырынан көрінді.
Күміс Тамара Шмелеваға бұйырса, Яна Белазерова қола жүлдеге қол жеткізді.

«Оптимист» бәсекесінде кіші
топтағы ұлдар мен қыздар қатысты. Ұлдар арасында Александр Вакуленко (Алматы
облысы) бірінші орынды жеңіп алса, оңтүстікқазақстандық Арон Барков тұғырдың
екінші сатысынан көрінді. Жүлделі үшінші орынды Андрей Рау (Алматы облысы)
иеленді.

Қыздар арасында Мария Морозованың
(ОҚО) мерейі үстем болса, Карина Дужосарова мен Снежана Рау (екеуі де Алматы
облысынан) екінші, үшінші орындарды бөлісті.

Жұмабек Табынбаев.

Арал ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз