«ҚАЙСАР» АЛҒАШҚЫ АЛТЫЛЫҚТА ҚАЛА МА?

126

0

Жергілікті «Қайсар» командасы әзірше әдеттегі алтыншы орыннан қозғалмай тұр. Қоржынында 35 ұпай бар. Бесінші орындағы «Тобол» командасынан 5 ұпайға қалып келеді. Жергілікті топ қостанайлық клубтан бір ойын кем ойнап келеді, сондықтан басып озуына мүмкіндігі жеткілікті. Алайда, ұпай үшін таласта «Қайсар» қарқынын үдетуі қажет.
«Қасқырлар» алтылықтан түспеуге талпынып келе жатқанда өзінен кейінгі орындағы «Шахтер» 33 ұпаймен өкшелеп жетті. Оның үстіне олардың «Қайсардан» бір ойыны кем. Үздік алтылықты қорытындылауға қос команда да үмітті. Келесі ойын осы клубтар арасында өтеді. Демек, апта соңында Қарағандыда өтетін матч тартысқа толы болары сөзсіз. Айтпақшы, «Атырау» мен «Тараздың» да еншісінде 32 ұпайдан бар. Бұл олар да алтылық үшін таласа алады деген сөз.
Енді «Қайсар» соңғы матчтарын қалай өткізді, соған тоқталайық. Өткен айда жергілікті топ еліміздің ең мықты командалары – «Қайрат» пен «Астанаға» есе жібергенімен, қалған екі кездесуде ұпай еншіледі. «Ақтөбені» өз алаңында жалғыз голмен жерге қаратып кетсе, Қызылордадағы ойында «Оқжетпесті» 2:1 есебімен ұтты. Сонымен қатар, тамыз айындағы ойындары да осал болды дей алмаймыз. «Тоболды» 1:0 есебімен жеңсе, «Ордабасы» және «Ертіс» командаларымен тең тарқасты. Алайда, мұндай жорға жүріс турнир кестесін жақсартуға жұбаныш болмайтынын ескерсек, келесі ойындарда «Қайсарға» тек жеңіс қажет. Жергілікті топтың келесі қарсыластары – «Шахтер», «Атырау», «Ақжайық» және «Тараз» командалары.
М.ЖАСҰЛАН.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз