«ҚАЙСАР» МӘСКЕУДІҢ «ДИНАМОСЫМЕН» КЕЗДЕСЕДІ

53

0

Түркиядағы төртінші оқу-жаттығу жиыны аясында Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы екінші жолдастық-бақылау кездесуін өткізіп, Арменияның «Ширак» командасынан жеңіліп қалды. Есеп – 1:3.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Ширак» (Армения) – 1:3. 
«Қайсар»: Кирилл Прядкин, Олжас Алтаев (Нұржарық Құнов), Дамир Дәуітов (Сүйіндік Көшеков), Милан Яблан (Мамуту Кулибали), Мартин Кляин, Илья Калинин (Жасұлан Молдақараев), Кирилл Шестаков (Сергей Шевцов), Матик Марушко (Владислав Иванов, Сергей Струков), Антон Землянухин (Рахымжан Розыбақиев), Сергей Артюх (Сергей Мошников), Римма Хунт, (Саша Алумона).
«Ширак» – Арменияның ең еңселі командаларының бірі. Ел біріншілігін төрт рет жеңіп алған. Кубокты да иеленіп, төрт мәрте суперкубокқа да қол жеткізген. Соңғы маусымда өз елінің Премьер-лигасының алтынын да, суперкубогын да қанжығаларына байлаған. 
Кездесуді Дмитрий Огай шәкірттері ширақ бастады. Бірден ойын тізгінін өз қолдарына алған жерлестеріміз ә дегеннен-ақ шабуылдарын үдете түсті. Нәтижесінде ойынның бесінші минутында Матик Марушконың баспен асырған добын Антон Землянухин бір-ақ паспен екі-үш қорғаушының арасынан әріптесі Илья Калининге сырғытып, қақпашымен жеке-дара шығарып берді. Өз кезегінде Калинин доп пен қақпашыны қақпаның қос бұрышына тулатты. Бұдан кейін де Огай шәкірттері ойын тізгінін өз бақылауларында ұстап, «Ширак» футболшыларын допсыз жүгіруге мәжбүр етіп қойды. Өкінішке орай, қорғаныс шебінде жерлестеріміз болмашы қателіктерге бой алдырып, қақпаларына қатарынан үш доп жіберіп алды. 
Екінші кезең де негізінен қызылордалықтардың шабуылымен өтті. Алайда, армяндардың қорғанысынан доп өтпей, таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қала берді. Рас, Сергей Струковтың шірене тепкен соққысынан кейін доп «Ширак» қорғаушыларының бірінің қолына тиіп, бас төреші пенальти белгілеген. Бірақ, өкінішке қарай, Жасұлан Молдақараевтың 11 метрлік айып добы әлсіз шығып, «Ширак» қақпашысының оңай «жемтігіне» айналды. Осылайша, негізінен қызылордалықтардың шабуылымен өткен ойын 1:3 есебімен аяқталып, қайсарлықтар қанша жерден қарқындылық танытқандарына қарамастан қажетті есепке қол жетпеді. 
Жалпы, төртінші жиын барысында «Қайсар» әзірге бір футболшымен келісім-шартқа отырды. Қазақстандық жанкүйерлерге Керекудің «Ертісі» арқылы танылған малилік легионер Мамуту Кулибали алдағы маусымда қызылордалықтардың намысын қорғайтын болады. Ал команданың келесі жолдастық кездесуі 26 ақпанға жоспарланған. Қарсыласымыз Мәскеудің «Динамосы» болады деп күтілуде. 
Әділ ТАЛАП. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз