«Қайсардың» негізгі құрамы жасақталды

42

0

Қызылорданың «Қайсары» жаңа футбол маусымында ойын көрсететін 21 ойыншымен келісім-шартқа отырды. Бас бапкер Дмитрий Огайдың айтуынша, команда 70 пайызға жасақталды. 
Бұл деректер осы аптаның бейсенбісінде облыстық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етілді. Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары, облыстық футбол федерациясының президенті Нұржан Әлібаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев, бас бапкер Дмитрий Огай қатысты. Жылдық үзілістен кейін үздіктер қатарына қайта қосылған «Қайсар» алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. 
Бүгінгі күнге дейін команда үш мәрте оқу-жаттығу жиынын өткізді. Соның нәтижесінде «Қайсарда» ойын көрсететін футболшылар анықталды. Өткен жылғы құрамнан біршама ойыншылар биыл да қызылордалық ұжымның құрамында жасыл алаңға шығуға мүмкіндік алды. Олардың қатарында Олжас Алтаев, Сүйіндік Көшеков, Ахмет Алайдаров, Думан Нәрзілдаев, Серік Сағындықов, Жасұлан Молдақараев, Елжас Алтынбеков, Магомед Узденов сынды жігіттер бар. Сондай-ақ, былтыр өзге қазақстандық клубтардың жейдесін киген Дамир Дәуітов, Нұржарық Күнов, Кирилл Шестаков, Антон Землянухин, Рақымжан Розыбакиев, Илья Калинин, Сергей Струков биыл «Қайсардың» намысын қорғайды. Ал командамен шетелдік футболшылар – чех Мартин Кляйн, серб Милан Яблан, словен Матиц Марушко, эстон Римо Хунт келісім-шарт жасады. 
«Қайсар» төртінші оқу-жаттығу жиынын 16 ақпан-5 наурыз аралығында Түркияда өткізеді. Біріншіліктің алғашқы турында, 15 наурызда өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдайды. 
Әділжан YМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз