Дәстүрлі турнир жалғасын тапты

83

0

Дәстүрлі турнир жалғасын таптыӨткен аптаның сенбі-жексенбі күндері Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде мемлекет
және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған грек-рим
күресінен кадеттер арасындағы XI халықаралық турнирі өтті.

Спорт – замана тынысы, мемлекет денсаулығының кепілі, жеңіс жұлдызы, ел
мерейі! Жылдан-жылға даму қарқыны қарыштап келе жатқан еліміздің спортшылары
әлемдік арена шыңдарын бағындырып келеді. Саламатты өмір салтын қалыптастыру
мақсатында он жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Елеу Көшербаевты
еске алуға арналған грек-рим күресіне
Қазақстан облыстарынан өзге Өзбекстан, Қырғызстан
Республикалары мен Ресей Федерациясынан және Қазалы, Арал аудандарының жас балуандары
қатысты.
18 командадан құралған сайдың
тасындай 200-ден астам спортшы классикалық күрестің көрігін қыздырды.

Екі күнге созылған аламан күресте
балғын балуандар 10 салмақ дәрежелері бойынша күш байқасты. Турнирдің басты
ұстанымы – мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алып,
ұлағатты тұлғаны ел есінде мәңгі сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау, жас
балуандардың спорттық шеберлігін арттырып, грек-рим күресін дамыту және оларды патриоттық
сезімге тәрбиелеу болып табылады. Екі күнге созылған жарыс №17 Қазалы ауданының
Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебінің жаңа
спорт залында өтті. Игілікті іске мұрындық болған ҚР Күрес федерациясы,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және аймағымызда қайырымдылық
шараларымен белгілі «
ҚазГерМұнай» компаниясы.

Қазалы ауданының әкімі
Нажмадин Шамұратов барлық жас спортшыларға сәттілік тілей отырып, қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске  алуға арналған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен
XI халықаралық турнирді ашық деп жариялады.

Еліне еңбегімен сыйлы болған,
қоғам қайраткері, көп жылдар бойы облысымыздың бірнеше ауданын басқарып,
әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағдайын көтерген аяулы азамат Елеу
Көшербаевты еске алуға арналған жарыстың қатысушыларын шынайы көңілмен
құттықтаймын. «Жақсы адамның артында өлмес іс қалады» демекші, Елеу ағамызды
елі ұмытпайды. Оның айғағы, жыл сайын өтетін дәстүрлі турнирдің биыл
халықаралық дәрежеде өтуі. Бұл өз кезегінде елімізде бұқаралық спортты дамытуға
септігін тигізеді. Турнирге қатысушы командалар мен спортшылар саны жыл сайын
артып келеді. Бүгінгі жарыста спорт шеберлігіне үміткер жас балуандар сынға
түседі. Олар осы турнир арқылы үлкен шыңға, биікке шығады. Осы іс-шараның
басы-қасында жүрген ел азаматтарына шексіз алғысымды білдіремін. Елеу ағамыз,
Қазалы ауданың басқарған жылдары спортқа шынайы көңіл бөліп, жанашырлық
танытты. Жалаңтөс баһадүр атындағы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін
салды. Әрбір білім ошақтарындағы спорт залдарын қажетті құралдармен  және кадрлармен қамтамасыз етті. Сол кезде
аудан орталығындағы Жеңіс саябағында мәдени орындар мен қатар спорт алаңдары да
пайдалануға берілді. Бүгінгі салтанатты ашылу барысында бас демеуші «
ҚазГерМұнай» ЖШС біріккен
кәсіпорнына Қазалы ауданы атынан үлкен ризашылық алғысымызды білдіреміз,
 – деді аудан әкімі Нажмадин Шәкизадаұлы.

 Аудан әкімінің құттықтауынан соң «ҚазГерМұнай»
ЖШС БК бас директорының бірінші орынбасары, облыстық грек-рим, еркін және
әйелдер күресі федерациясы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кәрім Медет қатысушыларға
сәттілік тіледі.

– «Тамыры терең, тарихы
кенең – Қазалы», – деп ақындар жырлағандай, тарих біздің кешегі өткеніміз,
бүгінгі күн кешегінің жалғасы. Киелі Қазалы жерінен қаншама ел билеген тұлғалар
шыққаны өзімізге айғақ. Жалаңтөс баһадүр мен Әйтеке биден бастап, Жанқожа мен
Ақтан, Жылқыайдар мен Жетес, Ашабай мен Сырлыбай, Үмбет пен Ерімбеттей елге
әйгілі ерлерімен, би-шешендерімен аты шықты. Сондай-ақ, Орта Азия жастарының
жетекшісі Ғани Мұратбаевтай асыл сынығы, Халық Қахарманы Роза Бағланова, қоғам
қайраткері Елеу Көшербаев дүниеге келген тұғырлы мекен. «Әке көрген оқ жонар»
демекші, өзінен кейінгі ұрпақтары, елі үшін еткен ерен еңбегімен есте қалған
тұлғаның жарқын жүзін әрдайым ел есінде қалуы үшін ұйымдастырылып отырған
халықаралық турнирде ел намысын ту еткен жас балуандарымыздың бағы мен бабы
қатар шауып, батыр бабаларының жолын берсін демекпіз, – деді Медет
Сәпиұлы.      

 Турнирдің құрметті қонағы, Елеу Көшербаевтың
ұлы Айтпай Көшербай қонақтар мен балуандарға өз ізгі тілегін жеткізді.

– Құрметті жерлестер
және жарысқа қатысушылар! Биыл біз алғаш рет грек-рим күресі федерациясының
құрамына кірдік. Енді спорттық жарыстар тізбесіне бүгінгі өтіп жатқан турнир
еніп отыр. Ол дегеніміз, осы жарыстың жеңімпаздары енді «спорт шебері
кандидаты» деген атаққа қол жеткізеді деген сөз. Яғни, жарыс жеңімпаздарын
Олимпиадалық резерв деп айтсақ артық емес. Бұл Қазалы өңірінің жас балуандары
үшін үлкен мүмкіндік. Өз жерінде ұйымдастырылған осындай шарада жүлдегер болған
балуан үшін республиканың барлық аймағында өтетін жарыстарға жол ашылғалы тұр.
Келесі жылы турнирдің ауқымы кеңейеді. Қазалы жерінде халықаралық дүлділ
жарыстар әлі алда, – деген Айтпай Көшербайұлы қазылар алқасына да құрметін
білдірді.

Жарыстың ашылу
салтанатында сөз сөйлеген Өзбекстан құрама командасының бас бапкері Вахиджан
Темиров турнирдің материалдық-базалық дайындығына жоғары баға беріп,
ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, грек-рим күресінен Кеңестер Одағының спорт шебері Дәстен Айбосынов
ақсақалға және демеушілік танытқан Медет Кәрімге шапан жауып, ыстық ықыластарын
көрсетті.  

Ашылу салтанатынан соң
халқымызға белгілі эстрада жұлдыздары «Алаш ұлы» және «Дауыс international»
топтары барлық спортшыларға сәттілік тілей отырып, ән шашу тарту етті.

Сонымен,
турнирдің бірінші күнгі нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы 42 келі салмақта І
орынды Ресей федерациясының палуаны Мухамеджанов Тимур жеңіп алса, 50 келі салмақта бас жүлде қызылордалықМырзағазиев Нұрсейіткебұйырды. Жарыстың келесі күнінде 46 келі салмақта І орынды Әйтеке би кентінің
жас палуаны Қасымхан
Мейрамбекұлы, 54 келіде Қызылорда қаласының спортшысы Иса Исаев,
63 келі салмақта І орын жүлдені әйтекелік Рахат Сағымбаев алса, 76 келіде
өзбекстандық Ерғали Айхимбаев
жеңіп алды. Ауыр салмақта, яғни 100
келі салмақ дәрежесінде алматылық Аман Сырлыбай ешкімге есе бермеді.

Турнир үздіктері мен жеңімпаздары
арнайы дипломмен марапатталып, ұйымдастырушылар атынан қомақты қаржылай сыйлықтарға
ие болды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Қазалы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз