ГЕРМАНИЯ – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ!

69

0

Жер-жаһандағы жұрт бір ай бойы түн ұйқысын төрт бөліп тамашалаған доп додасы мәресіне жетті.  Мұхиттың арғы бетіндегі Бразилия елінде өткен футболдан әлем чемпионатында Германия құрамасы бас бәйгеге ие болып,  алтын кубокты төбесіне көтерді. 
Айтулы аламан басталар алдында қай құрама чемпион атанады деген сауал төңірегінде пікірталас болған еді. Сонда жанкүйердің көбісі неміс футболшыларын басты үміткер ретінде атады. Сол үміт ақталған секілді. Немістер чемпионат барысында жақсы ойын өрнегін көрсетті. Тіпті, бірқатар кездесулерде ірі есеппен жеңіске жетті. Жартылай финалда алаң иелері – Бразилияны 7:1 есебімен ойсырата жеңгені жанкүйер қауымның көпке дейін айта жүретін әңгімесіне айналды. 
Ақтық сайыста оларға Аргентина құрамасы жолықты. Әлем футболының жарық жұлдызы Месси ойнайтын құрамада чемпион атануға барлық мүмкіндігі бар еді. Дегенмен, аталмыш құрамадағы футболшылар өздерінен гөрі Мессиге көбірек үміт артатын секілді. Өйткені, доп додасы барысындағы бірқатар матчтарда сол футбол жұлдызы өз құрамасын өрге сүйреді. Бұл жолы да олай болған жоқ. Қазекемнің «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген мақалы осы жерде расқа айналды. Жалғыз Мессидің «неміс машинасына» төтеп беруге әлі келген жоқ. 
Ойынның негізгі кезеңі 0:0 есебімен аяқталғаннан кейін төреші 30 минуттық қосымша кезең белгіледі. Немістің 36 жастағы атақты шабуылшысы Мирослав Клозені алмастырған жас жұлдыз Марио Гетце өз командасы алтын кубок сыйлаған жеңіс добын 113 минөтте қарсыластар қақпасына қадады. Осылайша немістер өздерінің тарихында төртінші мәрте әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Естеріңізге сала кетелік, Германия құрамасы бұдан бұрын 1954, 1974, 1990 жылдарда осындай мәртебелі атаққа ие болған еді. Немістер соңғы 12 жылда тұрақты түрде жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Олар 2002 жылы Бразилия құрамасынан финалда 0:2 есебімен жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал 2006, 2010 жылдарда қола жүлдеге қол созды. Аргентина құрамасы 1990 жылы күміс жүлдегер болғаннан кейін мұндай табысқа қол жеткізе алмай келеді. Жалпы, аргентиналық футболшылар өздерінің тарихында 1978, 1986 жылдарда әлем чемпионы, 1930, 1990 жылдарда күміс жүлдегер атанған еді. 
Осылайша 2014 жылғы әлем чемпионаты тарих қойнауына енді. Келесі доп додасы енді 4 жылдан кейін солтүстік көршіміз – Ресейде өткізіледі.
Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз