КYМІСПЕН КYПТЕЛГЕНДЕР

60

0

КYМІСПЕН КYПТЕЛГЕНДЕРҚыркүйек айының 11-17-сі аралығында Жапон елінің астанасы Токио қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында каратэ-додан 7-ші әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға төрткүл дүниенің 54 мемлекетінен 3000-ға жуық спортшы қатысты. Осы чемпионаттан қызылордалық Сымбат Әлайдар мен Кемелбек Қабланбек күміспен күптеліп келді.
8-9 жас аралығындағы қыздар арасында сынға түскен Сымбат Мексика, АҚШ, Венесуэла, аргентиналық қарсыластарын қапы қалдырағанымен, финалдық кездесуде алаң иелерінің өкіліне тізе бүкті. Есеп 2:3. Кемелбек те қарсыласына осындай нәтижемен жол берді.
Сымбат – облыс орталығындағы Б.Шалғынбаев атындағы №217 орта мектептің 4- сыныбының оқу озаты. Ол жастығына қарамастан, республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте топ жарған. Биылғы Қазақстан чемпионы. Балауса спортшының басты жанкүйерлері атасы мен әжесі. Атасы Әлайдар Мамраимов Мәскеу қаржы-өнеркәсіп университетінің өңірлік орталығы директоры болса, әжесі Орынкүл Көлбаева – кәсіпкер.
Сымбаттың бапкері Нұрбол Тойшыбаев 1-ші дан «қара белбеу» иегері, халықаралық дәрежедегі төреші. Ол сондай-ақ, Кемелбек Қабланбекті де баптайды. Қазақстанның екі дүркін чемпионы Кемелбек өткен жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Қаладағы №3 мектеп-гимназияның 7-сыныбында оқитын ол оқу озаты. Оның атасы Ұлықбек Нұрмағанбетов мұнайшы. Спорт десе, ішкен асын жерге қоятын «қара алтын» маманы балғын спортшыларды күншығыс еліне бастап барды.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз