ПРЕМЬЕР-ЛИГА ОЙЫНДАРЫ БАСТАЛДЫ

130

0

ПРЕМЬЕР-ЛИГА ОЙЫНДАРЫ БАСТАЛДЫСәрсенбіде футболдан Қазақстан премьер-лигасы басталды. Жаңа маусымдағы алғашқы ойын ОҚО-да өтіп, «Ордабасы» командасы былтыр ел чемпионы атанған «Астана» футбол клубын қабылдады. Осыған дейін Суперкубок ойынында «Қайратқа» есе жіберген елордалық команда үшін бұл ойын сәтсіз аяқталды. Тартысты ойында 3:0 есебімен алаң қожайындары жеңіске жетті.
«Тобыл» мен «Атырау» командалары арасындағы ойын да 3:0 есебімен аяқталды. Қостанайлық команданың шабуылшысы Алексей Щеткин жаңа маусымдағы алғашқы ойынында атыраулықтардың қақпасына қатарынан 3 доп соқты. Үздік мергендер көшін бастаған Алексей Щеткин «Тобыл» сапын биыл толтырған еді. «Астана» командасы бұл шабуылшыны қостанайлық клубқа уақытша ойнауға берген болатын. Бірінші турдағы нәтижесі көңіл қуантады.
Премьер-лигаға қайта оралған «Қайсар» футбол клубы жаңа мау¬сымды жеңіспен бастады. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен қанаттанған футболшылар І турда Көкшетаудың «Оқжетпес» командасын 1:0 есебімен ұтты. Қос команда арасындағы тартысты бәсекеде «Оқжетпес» қорғаушысы Сергей Кейлердің қолмен ойнағанын байқаған бас төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Бұл сында шабуылшы Стефан Николич өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Осылайша Стефан Николич соққан жалғыз доп алаң иелеріне жеңіс сыйлады.
Павлодардың «Ертіс» футбол клубы да жаңа маусымды жеңіспен бастады. Өз алаңында Оралдың «Ақжайық» командасын қабылдаған «Ертіс» 2:1 есебімен қарсыластарынан басым түсті. Қос команда арасындағы үш гол да екінші таймда соғылды. 46 минутта Аслан Дарабаев «Ертісті» алға шығарған болатын. Ал, 83 минутта «Ақжайық» футболшылары есепті теңестірсе, ойынның аяқталуына санаулы минут қалғанда төреші айып добын белгіледі. Осы мүмкіндікті сәтті пайдаланған Стефан Жифкович «Ертіс» командасына жеңіс сыйлады.
Суперкубок ойынында елордалық команданы 2:0 есебімен жеңген «Қайраттың» жаңа маусымдағы алғашқы ойыны «Ақтөбе» футбол клубымен өтті. Бірақ жаңа маусымдағы қос команда арасындағы ойын  көпшілік күткендей аса қызықты өткен жоқ.  1:0 есебімен алматылық команда жанкүйерлеріне жеңіс сыйлады. Ойынның 64-ші минутта Исаэль Барбозаның бұрыштамадан асырған добын Жерар Гоу «Ақтөбе қақпасында тулатты.
Жаңа маусымда тек «Тараз» бен «Шахтер» командалары ғана тең тарқасты. 51 минутта Давронжон Эргашев қызыл қағаз алып, алаңнан қуылғаннан кейін қарағандылық клубтың жеңіске жету мүмкіндігі артқан еді. Алайда  алаң иелері қатарынан да, қонақтар сапынан да доп соғатын футболшы табылмады. Осылайша Тараз қаласында өткен ойын 0:0 есебімен аяқталды.
Айта кетейік, премьер-лиганың келесі ойындары 12 наурызда жал¬ғасын табады. Жаңа маусымды жеңіспен бастаған «Ордабасы» келесі турда «Атырауды» қабылдайды. Ал «Астана» сырт алаңда «Ертіспен» кездеседі. «Ақжайық» қарағандылық «Шахтерді» қабылдаса, Ақтөбенің келесі ойыны Қостанайда «Тобылмен» өтеді. Ал жергілікті «Қайсар» командасы өз алаңында «Таразбен» кездеседі. Алғашқы кездесуінде жан¬күйерлерге жеңіс сыйлаған «Қайсар» келесі ойынды да олжалы аяқтайды деп үміттенеміз.
 
Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.   
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз