«Қайсар» дайындығын бастады

263

1

Әлемді жайлаған қатерлі індет барлық салаға да елеулі салқынын тигізді. Оның ішінде спорт та бар. Жанкүйер қауымы асыға күтетін футбол ойындары да кейінге шегерілді.

Жағдай тұ­рақтала бастаған қазіргі уа­қытта олар да қалыпты оқу-жат­тығу шарасына кірісе бас­тады. Қызылорда өңірінің абыройын асқақтатып жүрген «Қайсар» командасының ойын­шылары соңғы бір-екі күн­де стадионда дайындығын жүр­гі­зуге мүм­кін­дік алды. Екі айға жуық үйде өздерінің физикалық формасын сақтауға мәжбүр бол­ған фут­бол­шылар енді толық­қанды жат­тығуға кірісуде. Әрине, әлі де оларға қойылатын та­лап­тар баршылық. Команда бас­­шы­лығы сол талаптардың орын­­далуын қадағалайды.

– Пандемия барлығымызға оңайға соққан жоқ. Футболдан Қазақстан біріншілігі екі турдан кейін кейінге шегерілгенін жан­күйерлер жақсы біледі. Мұн­дай жағдай әлемнің барлық елінде кездесті. Еуропаның бе­делді біріншіліктерінде де осындай ахуал қалыптасты. Бұл адамдардың денсаулығын сақ­тауда оң қадам болды. Сол арқылы футболшылар мен жан­күйерлерді көлденең кесел­ден сақтауға назар аударылды. «Қайсар» ойын­шы­лары да сол талапты орын­дауға көңіл бөлді. Ка­ран­тин уақытында өз үйінде болды. Тіпті, легионерлерді де өз ел­деріне жіберген жоқпыз. Олар­дың барлығы Қызылорда қала­сынан сыртқа шыққан жоқ. Спорт­шы әрдайым өзінің ба­бында болуы тиіс. Бұл бағытта бапкерлер мен ойыншылар ты­ғыз байланыста жұмыс жүр­гізді. Бапкерлердің онлайн түрде берген тапсырмасын фут­бол­шылар то­лық орындады. Осылайша олар­дың өз бабын жоғалтпауға көңіл бөлінді. Команда үшін биыл – ерекше жыл. Еурокубок ойындарында бақ сынаймыз, – деді «Қайсар» ко­мандасының бас директоры Серік Досманбетов.

Қазір еліміздің футбол фе­де­ра­циясында Қазақстан бірін­шілігін өткізудің бірнеше нұс­­қасы дайындалуда. Доп до­дасын қараша айына дейін аяқ­тау ойластырылған. Ол үшін ойын­дар санын қысқарту ұсы­нылып отыр. Бұл жағдайда қа­зірге дейін өткен 1 және 2 тур, мерзімі өзгерген ойындарды қоса есептегенде біріншілік екі айналым бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ, Қазақстан кубогын ұйымдастыруда да өзгерістер ен­гізілуі мүмкін. «Қайсар» өт­кен жылғы кубок иегері ре­тінде оны ширек финалдан бастайды. 

– Карантин уақытында ойын­­шылар денсаулығына кө­ңіл бөлдік. Қашықтан олар­дың денсаулығы қадағаланып отырды. Біз арнайы тізбе не­гі­зінде тапсырма бердік. Фут­болшылар сол бойынша бізге барлық мәліметтерді жіберді. Ендігі кезекте де олардың ден­сау­лығы санитарлық талапқа сай негізде назарда ұсталады, – деді команда дәрігері Сәкен Дөңесов.

Оқу-жаттығу жиынына бар­лығы 26 футболшы шақыру алды. Әзірге жігіттер күніне екі мәрте дайындық жүргізеді. Алдағы уақытта ол үшеуге көбейтілуі мүмкін. Бұл ойын­шы­лардың то­лық қалпына кел­уіне оң әсерін тигізеді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы».

Пікірлер:

«Қайсар» дайындығын бастады – Kyzylorda News үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау