Сыр футболының саңлағы еді

1192

3

Біздің буын күллі әлемді сиқыр күшімен билеген футбол өнеріне ғашық болып өсті. Сол ғашықтық бойымыздан, санамыздан әлі кете қоймапты, миллион­дарды тамсандырған әлем­дік доп доданы көруге әлі құштармыз.

«Елу жылда ел жаңа» деуші еді бұрынғылар, сол айтпақшы бүгінгі өркендеген, дамыған Қызылорданы бұ­рын­ғы­мен салыстыруға кел­мейді. Бүгінгі «Қайсардың», сонау 60-жылдардың соңын­дағы «Волнаның» ойынын тама­шалауға жаңбыр жауса көшенің ми батпағын кешіп, Шанхайдың қиырынан «Локомотив» стадионына ағылатын едік.     Қызылордада сол жыл­дары телемұнара салынып, ал­ғашқы теледидар хабарлары бе­ріле бастады. Әлемнің, Еуропаның Пелесі, Тастаосы, Численкосы, одан берісі Блохины, Сегізбаевы, Ордабаевы, Сейілдасы сіздің үйіңізде. Ия, бұл бақыт біздің пешенемізге бұйырды. Облысты сол жылдары Хасан Бектұрғанов басқарды. Біз баламыз, бірақ ол кісінің футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйер екенін кейін білдік. Жанашырлығы шығар, 1969 жылы басшының қолдауымен бүгінгі Ғ.Мұратбаев атын­дағы орталық стадион пай­да­ла­нуға берілді. Жан­­кү­йер­лердің  қуаны­шында шек  жоқ, стадионға бірнеше мыңдап жиналады. Бері­ректе Сырдың майталман ойыншыларының қатары өсіп, жаңарды. Олардың арасында Нартай Құлымбетовтың жарқын бейнесі айрықша еске оралады. 1994 жылы нағыз шыңдалған, толысқан шағында қайғылы оқиға оны арамыздан мәңгілікке алып кетті. Қызылорда футболы күңіреніп, қайғырды. Себебі оның Сыр футболына сіңірген еңбегі орасан зор еді.

Уақыт, шіркін, тоқтамайды, содан бері 27 жыл өте шығыпты. Біз оның жасыл алаңдағы жасындай жарқылдаған қимылына, өжет іс-әрекетіне, қор­ғаушы болса да команданың қиналған кезінде шабуылдың өтінен көрініп, реті келгенде командасын қиын сәттен құтқарып қалатынының талай куәсі болғанбыз.

Бүгінде сол қуанышты сәттерді қайта еске түсіруге тура келеді. Мен Нартайды танушы едім. Жымиып қолын ұсынатын, жайдары жүзі әлі көз алдымда. Сол кездегі «Мелиоратор» Кеңес Одағы біріншілігінің Орта Азия және Қазақстан бойынша аймағында өнер көрсетті. Таңдаулылардың бірі болды. 80-жылдардың орта шенінде команданың бас жаттықтырушысы Юрий Хакимовтың журналистерге көзқарасы бөтен емес еді. Команданың сырт алаңдағы бірнеше ойынына арнайы барып куә болғаным бүгінгідей жадымда сақталып қалыпты. Газет редакторы Нұрділда Уәлиевтің жан­күйерлігі  мүлдем бөлек. Хабардың газетке жылдам берілгенін қалайтын еді, жарықтық.

Бір сапарымда Ақтөбеге жолым түсті. «Қайсар» сол кездегі жергілікті «Актюбинецпен» кездесті. Курстасым қазақтың белгілі ақыны, ақтөбелік Ертай Ашықбаевтың «Мыналарың кілең қазақ қой» деп таңданғанын әлі ұмыта қойғаным жоқ. Себебі Әбіл Қалымбетов, Нартай, Марат Есмұратов, Тілеухан Тұрмағанбетовтердің шебер қимылы, табандылығы өзге өңірлердің жанкүйерлерін тәнті ететін.  Жасыратыны жоқ, ол кезде Ақтөбе Ресейдің қарамағындағы аймақ секілді. Команда құрамында кілең орекеңдер. Мұндай команданы көрмеген әріптесімнің таңданатындай жөні бар. Тыпыршып отырмын. Көңілде күдік бар. Сол Ресейдің ығай-сығайлары жиналған команда өз алаңында бізді тықсырып тастайтындай, тегеуріні мық­ты. Ақтөбеліктердің мысы басым, ұтылсақ та ірі есеп­пен болмаса екен деп тілеймін. Абырой болғанда Қызылорданың қазақтары тең түсті. Есеп 1:1. Ертайға күле қараймын. «Бұл қалай екен?» дегенім. «Ойпырмай, анау қапталдағы сылыңғыр қазақ жылдам екен, кім өзі, Қызылорданың қазағы ма, әлде өзбек пе?» дейді ол. «Біздің көрші мектепте оқыған таза қызылордалық» деймін мен мақтанышпен. Сол жолы әріптесім мақтаған Нартай да, достары да нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, елге абыроймен оралдық. Сол күні кешке телефон соғып, нөмірге ойын­нан шағын репортаж беруді және ұмытқаным жоқ.  Ия, бұл өзі қызық дәуір еді.

Осы мақаланы жазу барысында Нар­тайды жақсы білетін әріптес достарымен, жалпы Қызылорда футболын жетік біледі дегендермен тілдескенім бар. «Кызылординские вести» газе­тінің бас редакторы болған Тимур Қасымов, осы басылымның тілшісі Әлібек Байшүленов өткен жылдардың бүгінде көмескі тарта бастаған оқиға­ларын көз алдымызға әкелер еді. Олар бірауыздан: «Нартай алаңда өжет қимылымен ерекшеленетін, қорғаушы болса да алда жүріп, реті келген ұрымтал сәтті қалт жібермейтін. Қысқа өмірінде жақсы отбасының берік түпқазығы болды, досқа адал, жасыл алаңда қарсыласына есесін жібермейтін өз есіміне сай нар тұлғалы азамат еді», – дейді. Сонымен бірге оның команда ұйымшылдығын сақтауға деген айрықша қасиетін және еске алады. Бүгінгі «Қайсарда» өкінішке орай осындай азаматтардың, спортшының жоқтығына өкі­ніш біл­діреді олар.

Кейін мен командамен сырт алаңдағы ойындарына жиі шығып тұрдым. Сырт алаңның аты – сырт алаң. Қар­сыласынан қаймығып, сақ­танып ойнауға тура келеді. Бірақ Нар­тай өз бойындағы қасиетіне сай қарсыластар алаңында да жігерлі ойнайтын. Оған соққан доптары дәлел бола алады.

1988 жыл. «Қайсар» өз тарихында жанкүйерлеріне өшпестей із қалдыратындай ойын өрнегін сый­лады. «Қай­сар» Кеңес Одағы фут­бо­­лының кубогі үшін бәсекеде Харьковтің «Металисімен» кездесті. Украинадағы ойын алаң иелерінің пайдасына шешілді. Есеп 2:1. Қызыл­орда­дағы қарымта ойынды асыға күттік. Ғ.Мұратбаев атындағы ста­дионда 10 мыңнан астам адам жиналды. Тіпті олардың қатарында футболға мүлдем қатысы жоқ адамдардың болуы таңданатын жағдай еді. Сыймай қалғандары қаншама?! Кеңес Одағының жоғары тобында ойнайтын белді клубпен Қызылордада бар болғаны 0:1 есебімен ұтылдық. Жан­күйер­лердің ойын соңында «қайсар­лық­тарды» орындарынан тұ­рып қоше­мет­пен шығарып сал­ғаны әлі есімізде.

Әріптестері, достары Нар­тай Құлымбетовтың 17 жасында Қызыл­орда­ның «Мелиоратор» командасында дебютті ойынға қатысқанын әлі ұмыта қойған жоқ. Біз бұны белгілі журналист Жеңіс Дәрменовтің статист ретіндегі анықтамалық кітабынан білеміз. Нартайды үлкен футболға алып келген қызылордалық жат­тық­­тырушы – Қыпшақбай Қай­­наров. Ал талантты фут­бол­шының шеберлігін шың­дап, оны тани білген азамат қазақтың майталман футболшысы Тимур Санжарұлы Сегізбаев болатын. Қазақ футболының аңызына айналған Сегізбаев Нартайдың бойындағы қайтпас қайсарлықты, талантты тани білді. Танып біліп қоймай оны жас кезінде алаңға шығарды. Жас футболшы бұл сенімді ақтады, қысқа уақытта мыңдаған жанкүйерлердің мақтанышына айналды.

Футбол статистері Нар­тай Құлым­бетов­тың Қы­зыл­орда футболында 10 жыл ойнап барлығы 269 ойынға қатысқанын айтады. Қорғаушы болса да ол 9 доп соққан. Команданың сапында ойын саны жөнінен оның алдында қызылордалықтардың қата­рында Әбіл Қалымбетов пен Роман Титов қана барын айтады сол статистер. Нартай 1993 жылдан бастап түркістандық «Яссы» командасында да өнер көрсетті.

Нартайдың апасы Баян Ізтілеуова бізбен тілдес­кенде былайша сыр шертті. «Спортқа, футболға деген ынтызарлық біздің отбасымызға осы Нартайдан үлгі болып тарады. Менің балаларым футбол өнеріне шын ғашық болды. Жақсы жетістіктерге жетті. Нар­тайды біз сол үшін жақсы көреміз» деді ол. Әңгіме арасында Баян келіні Сәуленің өз отбасыларына деген адалдығын айта кетуді біздің есімізге салды.

«Қазір Нартайдың ­ұрпақ­тары жетіліп келеді. Жадыра мен Азат – әулеттің мақтанышы. Сәуле келі­ні­мізбен, балалармен қатысып тұрамыз. Келінім үлкен қызметте. Барынша қарапайым. Бізге деген құрметі бөлек», – дейді Баян ағынан жарылып.

Мен үшін Нартайдың әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Зияділда ақсақалдың жөні бөлек. Ол кісі өмірінің соңына дейін «Қайсардың» ойынын тамашалау үшін стадионға келетін. Футболға, бәлкім баласына деген сағыныш сезімінен шығар… деп ойлаймын.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<