
Осымен үшінші рет өтіп отырған бәсекеге еліміздің барлық аймағынан 713 жас спортшы қатысуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Түркістандағы бұл байрақты бәсекеге еліміздің түпкір-түпкірінен 10 команда келді. 6 мен 11 жас аралығындағы 700-ден астам спортшы онда жас ерекшелігі бойынша 2 топқа бөлініп, өзара күш сынасуда. Жарыс WTF – Бүкіл әлемдік таэквондо федерациясының ережесіне және шарттарына сәйкес олимпиадалық жүйемен өтуде. Әр жекпе-жек 2 минуттан, 3 кезеңде өрбиді.
Айта кетейік, спорттың бұл түріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Бұл спорттағы жастардың белсенділігі де жоғары. Сондықтан Түркістан шаһарында бастау алған турнирдің жыл сайын ауқымы артып, қатысушылары көбеюде.