ТӨРТ ОЙЫННАН ОН ҰПАЙ

57

0

Қызылорданың «Қайсар» командасы соңғы төрт
ойыннан 10 ұпай жинады. Жерлестеріміз үш ойында жеңіске жетті. Бір ойында тең
түсті. Соңғы турда олар Талдықорғанда «Жетісуды» 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Осының
нәтижесінде қызылордалық футболшылар турнир кестесінде төртінші орынға
көтерілді. Енді біздің команда 14 мамыр күні Қазақстан кубогының 1/8 финалында
өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды. Ал біріншіліктегі кезекті ойында 18 мамырда
сырт алаңда «Таразбен» кездеседі. Одан кейін 24 мамырда өз алаңында «Астана»
клубымен шеберлік байқасады.

 

Белгілі қаламгер атындағы турнир

 

Үстіміздегі жылы белгілі қоғам қайраткері,
журналист Зейнолла Жарқынбаевтың өмірге келгеніне 100 жыл толады. Осы атаулы
мерейтойға байланысты Қызылорда қаласындағы «Сатурн» кешенінде бильярдтан
аймақтың бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет ететін журналистер арасында
турнир болып өтті. Оны З.Жарқынбаевтың отбасы мен туған-туысқандары, Қазақстан
Журналистер одағының облыстық ұйымы және «Сыр медиа» ЖШС ұйымдастырды.

Жарыстың
салтанатты ашылу рәсімінде ардақты азаматпен кезінде қызметтес болған еңбек
ардагерлері, әріптестері және шәкірттері – Сәмит Далдабаев, Қаһарман Табынбаев,
Тұрғанбай Маханов, Парламент Сенатының депутаты Қожахмет Баймаханов және өзге
де азаматтар өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

Аталмыш
турнирге облыстық және қалалық газеттерде, телевидение және республикалық
басылымдарда қызмет ететін, меншікті тілшілік қызмет атқаратын 25 журналист
қатысты. Сайыс өте тартысты болды. Соңғы шешуші ойынға республикалық «24 kz»
телеарнасының өкілі Руслан Айтмамбетов пен «Сыр медиа» ЖШС директорының
орынбасары Қуат Шарабидинов шықты. Нәтижесінде Р.Айтмамбетов жеңімпаз атанып,
бас жүлдеге қол созды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен
дипломдар табыс етілді.

Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз