ҮЗДІК КИКБОКСШЫЛАР АНЫҚТАЛДЫ

66

0

Төрт күнге созылған кикбоксингтен ерлер мен әйелдер арасындағы XXV ел чемпионаты аяқталды. Астана, Алматы қаласы және 14 аймақтан екі жүзге жуық спортшы қатысқан аламанда мықтылар іріктеліп шықты. Чемпионатта фулл-контакт және К-1 сайысында 29 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Кіл мықтыдан, кім мықты дегенге келсек, фулл-контакттан: ерлер арасында 91 келіде қызылордалық Е.Жеңіс бас бәйгені қанжығаласа, әйелдер арасында  65 және +65 келіде Г.Саматова мен Н.Тлеуімбетова жүлделі орынға ие болды. Ал К-1 сайысында өкінішке орай, жерлестеріміз жер қарап қалды.
Бар салмақта жеңісті қолдан бермеген әр облыстан келген спортшылар саны үстем болды. Топ жарғандарға Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің диплом, төсбелгісі берілді. Және қазылар алқасы төрелігімен көзге көрінген төрешілерді жариялады. Шаршы алаңдағы «Үздік рефери» номинациясымен Қарағанды облысынан А.Вакарев атанса, «Үздік төреші» ретінде Жамбыл облысынан келген Н.Наурызбаев марапатталды. 
Сондай-ақ, арнайы марапатпен «Жеңіске деген жігері үшін» жүлдесімен павлодарлық кикбоксшы, ел чемпионатының қола жүлдегері Е.Хасанов, аталса, «Үздік техника көрсеткені үшін» тағы бір павлодарлық спортшы А.Сауырбаев атанды.
Жарыс қорытындысы бойынша отыз жеңімпаз ҚР спорт шебері атағына ие болды. Іріктеуден өткен кикбоксшылар 14-19 мамыр аралығында Венгрияның Сегед қаласында болатын Әлем кубогына және 21-28 маусым аралығында Иорданияның Амман қаласындағы Азия чемпионатына қатысады.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз