ЖЕҢІМПАЗДАР ТҮЛЕГЕН ТҰҒЫР

119

0

Миллиондаған
адамдардың бойындағы отаншылдық рухты оятатын әлемдік деңгейдегі спорт
жарыстарынан Қазақстан құрамалары жүлдесіз қалып жүрген жоқ. Спортшының тілеуін
тілеген жанкүйерлердің ықыласы ерекше. Саңлақтардың ерлігін қайталауға тырысып,
жаттығу залдарына асыққан жасөспірімдердің жігерін жаныған да спорт деген
сиқыр.

Әлемдік додалар төрінде көк байрақты
желбіретіп жүрген спортшылар арасында сырбойылықтардың орны бөлек. Аты аңызға
айналған Илья Ильин туралы әңгімелегендер оның зілтемір мектебінің әліппесін Сыр
бойында ашқанын айтпай кетпейді. Биыл тұғырынан чемпиондар түлеткен облыстық
спорт басқармасына 60 жыл толды. 1954 жылы облыстық атқару комитеті жанынан
дене тәрбиесі және спорт комитеті құрылып, оны А.Трофимов басқарды. Осы жылдар
ішінде басқарма тізгінін қолға алған А.Андрианов, Ө.Жолымбетов, Р.Войнова,
Н.Шиндин, Ю.Ким, Е.Нұрғали облыс спортының даму деңгейін белгілі дәрежеге
көтерді. 2005 жылдан бері басқарманы дзюдодан халықаралық дәрежедегі төреші,
«Құрмет» орденінің иегері С.Мұстафаев басқарып келеді.

Басқарманың ұйымдастырушылық
жұмыстарының нәтижесінде алпыс жылда Қызылорда топырағынан Олимпиада, Әлем,
Азия біріншіліктерінің төрінде атой салған саңлақтар тәрбиеленді. Халқымызда
қай салада болмасын ізашарларға, тұңғыштарға құрметпен қарайтын дәстүр бар.
Велоспорттан Қазақстаннан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы С.Капустиннің, осы спорт
түрінен Әлем чемпионы болған тұңғыш қазақ М.Сатыбалдиевтің жеңісті жолы Сыр
елінде басталған. Дзюдодан қыздар арасындағы тұңғыш Азия чемпионы Ж.Жанұзынова,
2 мәрте Олимпті, 4 мәрте Әлемді бағындырған тұңғыш қазақстандық И.Ильин,
велоспорттан тұңғыш Азия чемпионы Б.Көпешов Қызылорда топырағында түлеген. Ауыр
атлетикадан Әлем чемпионатында тұңғыш қола жүлдегер атанған Қ.Рахатов, осы
спорт түрінен жасөспірімдер олимпиадасының тұңғыш қола жүлдегері Р.Сыбай, Әлем
чемпионатының тұңғыш күміс жүлдегері
А.Өтешов, тұңғыш «Қазақ барысы» Ұ.Рысқұл Сыр өңірінің тумалары. Дзюдодан
жасөспірімдер арасындағы тұңғыш Әлем және Олимпиада чемпионы Б.Жауынтаевтың,
мәнерлеп сырғанаудан бүкіләлемдік Гран-при иегері Э.Тұрсынбаеваның болашағынан
бүкіл ел зор үміт күтіп отыр.

Бүгінде аймақта балалар мен
жасөспірімдерге арналған спорт мектептері, олимпиадалық резерв мектептері,
спорт клубтары жұмыс істейді. Бұл өңір халқының спортпен айналысуына, салауатты
өмір салтын ұстануына, болашақ чемпиондардың тәрбиеленуіне негіз қалайды.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз