Салық мәдениеті: заманауи технология және адалдық қағидасы

Елбасының биылғы Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік  революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталды. Еліміз үшін  дамудың жаңа кезеңінде туын­дайтын міндеттеріміз – халыққа көрсетілетін қызметті ықшам, ыңғайлы, жылдам әрі барынша түсінікті сипатқа келтіру. Біздің мақсатымыз – қоғамның талабымен, оның дамуымен қатар жүру ғана емес, азамат­тардың бүгінгі уақытқа сай көзқарасы мен талғамын қалыптастыруға үлес қосу. Яғни, кәсібін тіркету сәтінен бастап оның дамуы мен көтерілуі үшін барлық қызметтің жетілдірілген түрін ұсыну.

Облыс бойынша Мемле­кеттік кірістер департаменті өткен 2017 жылы мемлекеттік қызметтердің 89 про­центін электронды нысанда көрсеткен. Бұл алдыңғы 2016 жылғы көрсеткіштен 7,7 процентке артық, яғни жыл сайын электронды форматта қызмет көрсету қарқыны артып келеді. Оның ішінде, салық есептілігінің 99,3 процентін электронды түрде тапсырылған есептер құрап отыр. Қазіргі салық төлеушіге есебін тапсыру немесе ақпарат алу үшін барлық жағдай жасалған.

Алайда, жұмыс тәжірибесі бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де шеңберін кеңейту қажеттігін көрсетіп отыр. Осы орайда, біздің бастамамызбен «Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру» ақпараттық жүйесін ендіру жобасы қолға алынды.  Бірыңғай деректер қорын құру арқылы басқа құзыретті органдармен өзара ақпарат алмасуды жолға қою көзделеді. Түпкі мақсат – салықтың  жиналу деңгейін көтеру. Сонымен қатар, электронды нысанға көшу жұмысты қолмен атқаруға, тасымалға және қолма-қол тапсыруға жұмсалатын уақыт пен шығынды үнемдейді. Сонымен қатар, бюджетке төленетін міндетті салықтар туралы әр азаматтың, отбасының мәліметін бірыңғай төлем құжатына қосу туралы да біздің ұсынысымыз бойынша жаңа бағдарламалар жасалуда. Осының барлығы электронды форматқа, сандық жүйеге көшудің, «ақылды қала» болудың алғашқы қадамдары және оған қосатын біздің үлесіміз.

Кедендік ресімдеу мен бақылау да  халықаралық стандарттар деңгейіне көте­рілуде. Биылғы жылдан бастап ҚР Кедендік реттеу туралы кодексі мен Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі жаңа мазмұнда қолданысқа енді. 2017 жылғы облыстың сыртқы сауда айналымы 403,6 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт 313 млн (384 мың тонна), импорт 91 млн $ (61 мың тонна). Кедендік төлемдер мен салықтар түсімі – 7,3 млрд теңгеге тең, тапсырма 104,7%-ке орындалды. 2017 жылы 38 кедендік тексерулер жүргізілді, тексерулер тиімділігі 97%.  Нәтижесі де 386 млн теңге қосымша есептелінді. Сондай-ақ, өткен жылы ресімделген декларациялардың (барлығы – 2727) 99%-і «күнбе-күн» тәртібімен ресімделді. Елеулі өзгеріс – 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «электронды декларациялау» тәртібіне көшкеніміз. Мемлекеттік кірістер комитеті ендірген электронды декларациялаудың «Астана-1» ақпараттық жүйесі экспорт режимі бойынша іске қосылды. Бұл жаңа жүйе Бүкіләлемдік сауда ұйымының талаптарына және Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа кеден заңнамасына сәйкес сауданы жеңілдету мақсатында жасалған. Электронды декларациялау деректерді толықтай кодпен цифрландырады, ол деректерді өңдейді, кедендік салықтар мен төлемдерді автоматты түрде есептеп, өндіруді жүзеге асырады. Тауарды айналымға шығару үшін жүйе өздігінен белгілі бір «дәлізді» таңдайды: ол «тәуекелді дәліз» немесе «жасыл дәліз» болуы мүмкін. Тәжірибеде байқалғандай, декларацияны өңдеу және жасыл дәлізбен шығаруға 1 минуттай ғана уақыт жұмсалады. Департаменттің қызмет аумағында 2018 жыл басынан 27 наурызға 228 декларация экспорт режимінде электронды өңделіп, шығарылды. Көп функционалды болғандықтан  бұл жүйе кезең-кезеңмен енгізіле бастайды.

Департаменттің құқық қорғау бағы­тындағы жұмыс қорытындыларына тоқ­талсақ, 2017 жылы Экономикалық тер­геу қызметінің өндірісінде барлығы 263 қылмыстық іс болды. 225 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттерін департамент жүргізгенін айта кету керек. Оның ішінде 161 іс (71,6%) жедел іздестіру шаралары нәтижесінде анықталып, тіркелген. Өткен жылы аталған қылмыстық істердің 230-ы аяқталып, 130 іс сотқа жолданды (50%), 100 іс ақталмайтын негізде тоқтатылды. Бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау және талан-таражға салу фактілерімен 87 қылмыстық істің өндірісі жүргізілген. 71 іс аяқталып, 25-і сотқа жолданған. Экономикалық қылмыстармен бір жылда ғана жүргізілген осынау істердің қорытындысымен мемле­кетке келтірілген 2,8 млрд теңгенің залалы қайтарылды, 908 млн теңгенің мүлкі мен қаражатына шектеу қойылды. 

Мемлекеттік кірістер органдары 2025 жылға қарай шоғырландырылған бюджетке түсімдер деңгейін ішкі жалпы өнімнің 25%-не жеткізуді мақсат етіп отыр. Бюджетке түсімді арттыру, қызмет көрсетуді жетілдіру, әрине, мамандардың ақыл-ойын, жұмыс әдісін жетілдірумен тығыз байланысты. 

Осы орайда, мемлекеттің тайқазаны – бюджеттің қалыптасуы әрбір салық төлеушінің міндеттілігімен де байланысты екені анық. Салықты ықтиярлы төлеу, міндетінен  жалтармау, заң шеңберінде жұмыс жасау – әрбір азаматтан және кәсіп­керден осы ғана талап етіледі. Кәсіпкерлік, әрине, пайда табуды көздейді. Алайда, пайда табу мемлекеттің қаражатын мақсатсыз жұмсау мен жымқыру арқылы жүргізілсе – бұл енді қылмыс.  Дамуымызға кедергі келтіріп отырған заңсыздық пен қылмыстар түрі салықтан жалтару, мемлекет қаражатын жымқыру, мұнай өнімдерін ұрлау, заңсыз алкоголь айналымы, заңсыз ойын бизнесі, қаржы пирамидалары болып түрленіп барады.

Қоғамның тазалығы, тыныштығы, қазіргі және келешек келбеті әрбір азаматтың көзқарасы мен жауапкершілігіне қатысты. Әр тұлға немесе кәсіпкер, өзінің заң алдындағы міндеттемесін орындауда алысқа көз тігіп, келешегін ойлап әрекет етуі қажет. Заң бұзбаған, кәсібін  бүркемелемеген,  табысын  жасырмаған жанның еңсесі биік.

Қазір барлық ақпарат қолжетімді. Электронды кілті бар адам үйде отырып та шаруасын тындыра алады.  Қызмет сапасына көңілі толмаған жанды тыңдауға дайынбыз. Себебі, әрбір мемлекеттік қызметкерден білікті, коммуникабельді, сыпайы болу талап етіледі. Және халыққа көрсетілетін қызметті жетілдіру мен бизнеске қолайлы жағдай жасау басты мақсатымыз. Жақында ғана Елбасы жария еткен әлеуметтік жаңғыру жолындағы бес бастаманың екіншісі – жалақысы төмен азаматтардың салықтық жүктемесін азайту – осы мақсатты шараның бірі.  Айлық жалақысы 25 еселенген  АЕК мөлшерінен төмен қызметкер үшін табыс салығының мөлшері 10 есеге азайтылатын болады және бұл тәртіп 2019 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енеді.  Биылғы жылға АЕК мөлшері 2405 теңге, бұл талап 60125 теңгеге дейінгі мөлшерде жалақы алатындарға қатысты болмақ.  Мысалы: 50 мың теңге жалақы алатын қызметкердің  жалақысынан ұсталатын табыс салығы, қазіргі кезде 1672 теңгені құраса, келесі жылы ол 167 теңгеге тең болады. Елбасының бұл бастамасы жалақысы төмен  азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, бұл шара «конверт» арқылы жалақы төлеу әдісін жоюға әсер етеді, яғни жалдамалы жұмысшыларының көлемін жасыру арқылы салықтан жалтарушыларды «көлеңкеден» шығаруға және өз шаруашылығы арқылы табыс табатындардың кәсібін заңдастыруына мүмкіндік береді.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласында «Мақсатқа жету үшін біздің сана­мыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген болатын.  Ойымыздан да, ісімізден де ұлттың бола­шағын ойлаған, келер ұрпақтың қамын жеген шынайы патриотизм көрінетін қауым бола алу – әркімнің қоғамдағы орны мен дербес үлесіне байланысты.

Серік МҰСТАФАЕВ,

облыс бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

Экономика 21 сәуір 2018 г. 1 593 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Желтоксан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031