Ұлттық банк төрағасы зейнетақы қорындағы қаражаттың қайда жұмсалатынын айтты

Ұлттық банк биыл құнды қағаздар бағдарламасын іске қоспақ. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы 200 миллиард теңге қаражаттың банктердің құнды қағаздарына инвестицияланатынын айтты, – деп хабарлайды “Zhambylnews”.

“Қорландыруды кеңейтудің екінші элементі – бағалы қағаздар бағдарламасы, оны 2018 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бағдарлама бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат банктер мен корпоративтік қазақстандық эмитенттердің қаржылық құралдарына инвестицияланады. 200 миллиард теңге шамасында болады деп отырмыз. Бұл шешімді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес қабылдады”, — деді Ақышев бүгін “Қазақстан экономикасын дамытудағы банк секторының рөлі” тақырыбында өткен парламенттік тыңдау барысында. 

Осы орайда Ұлттық банк төрағасы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты барынша қорғалатынына сендірді.

“Бұл жерде айта кететін бір жайт, жабық негізде банктерге зейнетақы қорының ақшасы бөлінген тәжірибені қалпына келтірейін деп отырған жоқпыз. Біз нарық шарттарымен, нарық ставкаларымен инвестициялауды көздеп отырмыз. Банктердің құнды қағаздарын бес жылға дейін аламыз, бірақ зейнетақы қорының тәуекелін қорғау үшін бұл құнды қағаздарға зейнетақы қорының бағалы қағаздардың әрбір шығарылымының 50 пайыздан артық емес мөлшеріндегі қаражаты инвестицияланатын болады. Яғни, банк БЖЗҚ ақшасына келмес бұрын нарықтан қаржы тарта алатынын дәлелдеуі тиіс. Бұл банктің эмитент қаупін тек БЖЗҚ көтермеуі үшін жасалып отыр”, — деді Ақышев.

Экономика 05 мамыр 2018 г. 599 0