КӘСІПКЕРЛІК ДАМЫСА, ИГІЛІК ЕСЕЛЕНЕДІ

Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары еліміздің барлық өңірлерінде қолдау тауып отырғаны баршаға аян. Қармақшы ауданына қарасты Төретам мен Ақай ауылдарында да өз ісін өркендетем деушілер мемлекет ұсынған жеңілдіктерді тиімді пайдалануда. 

Он екі мыңға жуық адам қоныстанған Төретам кентінде кәсіпкерлік нысандар күн санап көбейіп келе жатыр. Мамандар саланың қыр-сырын меңгеруде түрлі семинар-тренинг, арнайы тренерлердің кеңесі көмекке келетінін айтуда. Жуырда жеке ісін ашуды жоспарлап жүргендерге арналған «Бизнес кеңесші» оқу курсы бойынша Төретам кенті мен Байқоңыр қаласының 19 тұрғыны сертификаттар иеленді. Жеке кәсіпкер Зульфия Омар аталған оқу бағдарламасын тәмамдағаннан кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы  арқылы құжаттарын әзірлеп, жобасын жүзеге асыруға дайын екендігін көрсетті. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты саналатын «Бастау бизнес» жобасы бойынша да аудандық кәсіпкерлік палатасында 3 адам тестілеуден сәтті өтіп, құжаттары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалына жіберілді. Олардың қатарында жеке кәсіпкер Сәбит Өміртайдың «Монша құрылысын аяқтау» және Оңғар Байдулланың «Сән салоны құрылысын аяқтау» жобасы бар. Жалпы, «Бастау бизнес» жобасы «экономикалық лифт» іспетті. Бұл бастаманың маңыздылығы мыңдаған адам­дарға өз кәсібін ашуға мүм­кіндік беретіндігінде болып отыр. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» да халықтың әлеу­мет­тік өміріне түбегейлі өз­геріс әкелетін жұмыстарды қолға алуда. Оңтайлы істердің нәтижесінде кәсіпкер Еркін Жүсіпәли «Тауық өсіру» жобасы бойынша 1,5 млн теңге несиеге қол жеткізді. Алдағы уақытта ол Төретам, Байқоңыр халқын сапалы өнімдерімен қамтамасыз етпек ниетте. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлердің өнім өндіру ісіне ауысуына мүмкіндік беріп отырғанын айта кетпекпіз. Бағдарлама шеңберіндегі қайтарымсыз несие грантына кенттен 10 адам құжат тапсырған болатын. Бүгінде 4 тұрғын 3 302, 664 теңгені жеңіп алды. Соның ішінде Индира Төлекованың бизнестегі қарышты қадамы көңіл қуантарлық. Бизнесвумен қазір «Байқоңыр қаласында қазақ балабақшасын ашу» жобасын қолға алды. Кәсіпкерлік дамыса, кіріс көбейеді, экономика да өрлейді. Ең бастысы, жұмыссыздар саны едәуір кемиді. Мәліметтерге сүйенсек, биыл кентте 200 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Бұл шағын ғана кентте шаруасын ширатып отырғандардың аз еместігін, қызмет көрсету орындарының айтарлықтай артқанын айғақтап тұр.

Осы тектес жүйелі жұмыс­тар Ақай ауылдық округінде де жалғасын тауып келеді. Болашаққа бағдар берген кәсіпкерлік бағдарламаларына қызығушылық танытушылар көп. Мұнда кәсіпкерлікті дамытудың 2018 жылға арналған «Жол картасы» бе­кітілген. Қаңтар айынан бастап «Байқоңыр – 2017» кооперативі құрылған, бүгінде несие алу үшін қажетті құжаттар заңдастырылуда. Сондай-ақ, беріде «Ақай кәсіпкерлері» қо­ғамдық бір­лестігі де құрылды. Бұйыртса, 2020 жылға дейін әлі талай ауыл кәсіпкері бизнестің ең биік баспалдағына өрлейтін болады.

Иә, дамыған елдерде экономиканың драйвері ре­тінде шағын бизнес ерекше рөл атқарады. Шағын және орта бизнес өркендесе, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мемлекеттің эконо­микалық мүмкіндігі арта бермек. Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» төртінші міндет ретінде «Шағын несие беруді көбейту» тапсырылғаны – Қазақ­станда да кәсіпкерлікті қол­дауға ерекше көңіл бөлі­не­­тіндігінің көрінісі. Себебі, жеңілдетілген несие көле­мінің ұлғайтылуы жаппай кәсіп­керлікті дамытуға ықпал етері анық.

Фаруза СҮЛЕЕВА.

Байқоңыр қаласы.

Экономика 23 шілде 2018 г. 644 0