«ТҰЗКӨЛДЕГІ» МҰНАЙШЫЛАР МЕРЕКЕСІ

«Тұзкөл» кенішінде ел дамуына еселі үлес қосып келе жатқан мұнайшылар мерекесі тойланды. «Көлжан» және «SSM Ойл» мұнай консорциумы мерейлі мерекеде сала үздіктерін марапаттады.

Жерасты байлығын ел игілігіне жарату жолында қомақты үлес қосып келе жатқан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы елге етене таныс. Осы компанияның еншілесі саналатын «Көлжан» - «SSM-Ойл» бүгінде маманданған, жаңа технологияны игерген, қуатты консорциумға айналған. «Қара алтынның» қадірін білетін, мұнай саласын игеруде көпжылдық қолтаңбасы қалыптасқан мұнай консорциумы өңір экономикасының дамуына салмақты үлес қосып келеді.

«Көлжан» және «SSM Ойл» серіктестіктері біріккен кәсіпорынға жатады. 2005 жылы «CNPC Kazakhstan» АҚ-ның еншілес компаниясы «Көлжан» ЖШС «SSM Ойл» ЖШС-мен кен орнын барлау және өндіру мақсатында бірлескен қызмет жөнінде келісім жасасқан. Сол уақыттан бері аталған қос компания серіктес болып, ел байлығын бірге игеріп келеді.

Бүгінде ірі мұнай консорциумына айналған се­рік­­тестіктер Қызылорда жә­не Қарағанды облыс­та­ры­ның аумағында мұнай және газ іздестіру, гео­логиялық барлау және мұ­най өңдіру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижелі жұ­мыс­тардың арқасында «Тұз­көл», «Батыс Тұзкөл», «Сол­түстік Кетеқазған», «Бел­құдық», «Жаңбыршы» мұ­най кеніштері ашылып, мемлекеттік қорға өткізілді. Соңғы жылдары Оңтүстік Торғай ойпатында геологиялық барлау және мұнай-газ іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 40 млн тоннаға таяу мұнай қоры табылса, одан алынатын өнім көлемі 12 млн тоннаға жуық болмақ. Бұл – соңғы он жылдың ішінде облыста ашылған ірі мұнай қоры.

Мұнай-газ саласы қызметкерлерін құттықтауға кеніш басына «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы У Линьган мырза мен «SSM Ойл» ЖШС-ның акционері Серік Қонақбаев арнайы келді.

– Компания табысты болса, елдің де табысы арта түседі. Табиғаттың басты байлығының әр тамшысын қымбат бағалайтын сіздерге еңбекте табыс, бейбіт өмірдің қызығын көруді және отбасы амандығын тілеймін! – деді У Линьган мырза.

Кеніште қазіргі таңда 150-ге жуық адам екі ауысымда жұмыс істейді. Солардың бірі – 3 разрядты оператор Ғалымжан ­Саткеев. Тәжірибелі, білікті маман мереке қарсаңында «ПҚҚР» АҚ президентінің алғыс хатымен марапатталды.

– Ерінбей еңбек еткен жан ескерусіз қалмайды. Қай кезде де адал еңбектің бағасы биік. Мұнай өндіру жұмысы оңай емес. Қысы-жазы далада жүреміз. Көптің жұмыла жасаған еңбегінің арқасында бүгінгі игілікке жеттік. Ұжымыма толағай табыс­тар мен үлкен жеңістер тілеймін. Табыстарымызға қуанамыз, еңбегіміз жемісті болуы үшін аянбай тер төгеміз, – дейді кәнігі мұнайшы.

Стратегиялық дамуды көздеген консорциум былтыр мұнайшылар қалашығында соңғы үлгідегі стандартпен жабдықталған 100 орындық жатақхана мен 75 орындық асхананы пайдалануға берген болатын. Биыл өрт сөндіру кешені мен оқу-жаттығу орталығының құрылысы аяқталып, жуық арада қолданысқа берілмекші.

– Мұнай-газ саласы біздің жас мемлекетімізде шешуші рөлге ие. Бүгінде Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде алғашқы он елдің, мұнай өңдеу бойынша жиырма ірі мемлекеттің қатарынан көрінуде. Көмірсутек шикізатының мол қоры елімізде индустриялық-инновациялық дамуды табысты жүзеге асыруға және тиімді энергетикалық саясат жүргізуге айтарлықтай мүмкіндік береді. Қызылорда облысының мұнай-газ және тау-кен өндірісі саласы аймақ экономикасының негізі болып табылады. Осы орайда өңірдің әлеуметтік-экономикалық маңызын ескере отырып және облыс аумағында пайдаланылмай жатқан табиғи байлықты мақсатты пайдаланып, саланы әрі қарай дамытуды жалғастыратын боламыз, – деді «SSM Ойл» ЖШС құрылтайшысы Серік Қонақбаев.

«SSM Ойл» ЖШС бас директоры Заурбек Жүнісов және «Көлжан» ЖШС директорының орынбасары Ғалым Байманов мұнайшыларды құттықтап, қуаныштарына ортақтасқан меймандарға алғысын білдірді. Халықтың болашағы үшін, ел экономикасының нығайып, қызылордалықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді.

– Компания келісімшарт бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша үш кеніш ашылды. Құрылғалы бері компания Солтүстік Батыс Қызылқия кенішінен 2 млн тонна мұнай өндірді, – деді «Көлжан» ЖШС директорының орынбасары Ғалым Байманов.

Бүгінде «Көлжан» – «SSM Ойл» мұнай консорциумына қарасты жүзге жуық ұңғыма бар. Мұнайшылар алдағы уақытта барлау жұмыстары ауқымын кеңейтіп, жаңа кен орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Шара соңы облыс өнерпаздарының мерекелік думанымен жалғасын тапты.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

Экономика 08 қыркүйек 2018 г. 866 0