НЕСИЕ АЛЫП, НЕСІБЕСІ АРТТЫ

Бүгінде әлем жұртшылығы отбасылық бизнесті өркендетуге ойыса бастады. Мәселен, бірқатар Еуропа елдерінде, Жапонияда  компаниялардың 70 пайыздан астамы отбасылық бизнес үлесіне тиесілі екен.  Бір ғана мысал, «Samsung» корпорациясы корейлік Ли Бен Чхольдің күріш өңдеу цехынан бастау алып, үш баласы арқылы әлемге танылды.  Біздің елімізде де отбасылық бизнесті дамытуға ден қойылды. Оған мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп келеді.
Арал ауданы, Құмбазар елді мекенінің тұрғыны Бекзат Жұмамұрат отбасылық бизнесті дамыту үшін өткен жылы  «Нұрша» наубайханасын ашты. Есік алдынан бой көтерген цехта барлық жағдай жасалған. Мұнда таң қылаң бере басталған тіршілік күн ұясына батқанға дейін жалғасады. Себебі ыстық нан алатын тұрғындар күтіп қалмауы керек.
Кәсіпкер өткен жылдың аяғында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан 1,5 млн теңге несиені 6 процентпен алып, жыл басынан бастап өнімін жергілікті халыққа тарата бастады. Қазір цехта 10 түрлі нан өнімі пісіріледі. Оған қоса жиындарға арнайы тәттілер мен тоқаштарға тапсырыс қабылдайды. Екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер Құмбазардан бөлек Бекбауыл тұрғындарына да нан өнімін жеткізеді.  Цехта күніне тапсырыстан бөлек 50 шақты нан піседі. Салмағы 600 грамм, ал бағасы 75 теңге.
– Кәсіп бастағанымызға көп бола қойған жоқ. Алғашқы нәтижеміз жаман емес. Тұтынушылар тарапынан тапсырыстар күн өткен сайын артып келеді. Бағасы қолжетімді. Шаруамыз дөңгеленіп жатса, кәсіпкерлік саласында білімім мен тәжірибемді шыңдап, мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрсем,– дейді ол.
Жалпы, сала мамандардың айтуынша, отбасылық кәсіп үшін наубайхана ашу ең тиімді бизнес түрі саналады екен.  Наубайшы биылғы жылдың аяғына дейін ісі алға басып жаста, цех көлемін үлкейтіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтымақ. Өнім санын арттырып, жергілікті мектеп, балабақшаны да қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Сара  АДАЙБАЕВА.
Экономика 28 қаңтар 2019 г. 1 648 0