Экономика: дамудың алғышарттары қандай?

Қазір әлемдегі саяси құбылыстарға, сондай-ақ эконо­миканың өсу қарқынына алдын ала болжам жасау біршама күрделі сипат ала бас­тады. Осыған қарамастан, өткен 2018 жылдың соңына қарай Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан экономикасына қатысты 2030 жылдарды меңзеген болжамы айтылды.
Сонымен еуропалық бе­делді қаржы ұйымы не дейді? Біздің сарапшылардың ба­нк талдауына көзқарасы қан­дай? Қазір Қазақстан экс­пор­тының 50 %-і мұ­най секторы табысынан құралады. Алдағы 10-15 жыл кө­ле­мінде әлемде «жасыл эконо­мика» бағытында күрт бет­­­бұрыс басталмақшы. Мі­не, осы кезеңде мұнай ба­­­ғасы барреліне 65 доллар көлемінде қалыптасуы мүм­кін. Осындай баға әлем­де дәстүрлі шикізатқа деген сұраныстың күрт төмен­де­уінен орын алуы ықтимал дейді банк сарапшылары.
Біздіңше, еуропалық қар­­жы институтының бол­жам­дарын біржақты қа­был­дауға болмай­тын сияқты. Себебі Қа­зақс­танда қазіргі таңда көп­теген бастамалар жү­зеге асуда. Айталық, Қа­зақстанның көлік-ло­гис­­­­тика саласындағы жо­балары 2030 жылға қарай бюд­жет­тің қомақты табыс көзіне ай­налады деген нақ­ты есептер бар. Өйткені Қа­зақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын күре жолдың бойында орналасқан. Бұл дегеніміз – теміржол, Ақтау порты, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолы. Оған қазір Үкімет ба­рынша назар аударып, са­лық түсімінің қосымша көзі ретінде аталып жүрген Қорғас сауда қалашығының мүм­­кіндіктерін қосыңыз. Қа­зіргі есептеулер бойынша 2030 жылға қарай еліміздің көлік-логистикасынан бюджетке түсетін табыс жалпы табыстың 30%-ін құрайтын болады. Ендеше, біз кезінде бүкіл Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарын шу­лат­қан Еуропалық қайта құру және даму банкінің деректеріне біржақты баға бергіміз келмейді. Себебі Қазақстан экономикасының дамуы көп жағдайда әлемдегі ахуалға да байланысты болады.
Өткен жылдың соңына қарай Халықаралық валюта қоры 2019 жылға арналған экономикалық болжамын жа­риялады. Болжам бойынша, биыл әлем экономикасы бұрын-соңды болмаған қиындықтарға тап болады. ХВҚ мәліметінше, 2019 жылы сауда соғысы салдарынан әлемдік экономика 1,52 трлн доллар табысынан айырылады. Бұл өз кезегінде жаһандық нарықтың 17 процентке қысқаруына және жалпы ішкі өнімнің 1,9 процентке азаюына алып келеді. Ха­лық­аралық валюта қоры сарап­шыларының пікірінше, 2018-2020 жылдары әлемдік эко­номиканың жылдық өсімі 3,7 процент болады. Бі­рақ бұл өсім жыл өткен сайын баяулап, 2022-2023 жылдарға қарай 3,6 процентке тұрақтайды. Яғни, әлемдік эко­номика ұзақ уақыт рецес­сиялық кезеңде болады.
Қазақстан мұнайлы ел бол­ғандықтан, ішкі жалпы өнім өсімінде шикізат баға­сының үлесі жоғары. Бұл орайда белгілі қаржы инс­ти­тут­тарының болжамдары не дейді?
Үстіміздегі жылы Қа­зақстан Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша мұнай бағасы 1 баррель үшін $55, Ресей экономика даму министрлігінің болжамы бойынша – $63, Ха­лықаралық Валюта қо­рының – $70, АҚШ энергетика министрлігінің – $72, Goldman Sachs агенттігінің болжамдары – $70-80 ара­лығында аталады. Орташа алғанда $75. Әлемдік банк – $69, Bloomberg – $63, Thomson reuters $73 доллар ша­масын болжайды.    
Егер, 2019 жылы осы болжам сақталса, онда Қа­зақстан экономикасының өсу қарқыны 3-4% көлемінде қалады. Жалпы, еліміз үшін мұнайдың 1 баррелі $50 дан асса, экономикамызға қо­лай­лы деуге болады.
Сарапшылардың пікі­рін­­ше, Қазақстан сияқты дамушы мемлекет үшін жалпы ішкі өнімнің 3-4%-тік өсімі жеткіліксіз. Ол дамыған АҚШ, Батыс Еуропа елдері үшін жақсы өсім, себебі олардың жалпы ішкі өнім көлемі триллиондаған доллармен есептеледі. Ал біздің ел үшін 30 бәсекеге қабілетті елдің қатарына кіреміз десек, кем дегенде 6-7%-тік өсім болуы керек, – дейді сарапшылар. Бұл кезінде Елбасының да қойған межесі.
Ал енді АҚШ-тың Иран­­ға салған эмбаргоның сал­­дарынан әлемге тасымал­да­натын мұнай көлемі азаюы­ның нәтижесінде он­ың 1 баррелі 100 дол­лар­ға дейін өсіп кетуі мүм­­кін деген болжам да бар. Міне, осы орайда жо­ғарыда ай­тыл­ған көлік-логис­ти­ка­сы­нан келетін табыс мол ол­жаға айналады.  
Сонымен бірге 2020 жы­лы АҚШ, Еуроодақ, Қытай сияқты ірі нарықтарда энер­­гияның 20%-тен 30%-ке дейін баламалы энергия көздеріне көшуі мүмкін деген болжамдар бар. Бірақ кейбір сарапшылар бұл мер­­зімде ондай көлемге жету мүм­кіндігі шектеулі деседі.
Үстіміздегі жылдың бі­рінші тоқсанында Қазақ- ­­­с­танда экономика өсімі жыл­­дық өлшемге шаққанда 3 процент шамасын құрады. Қазір мұнай бағасы 70 доллардан асып түсті. Әлемдік рецессия жағдайында бұл қанағат тұтатын көрсеткіш.
Дегенмен, ­экономиканы шикізаттық бағыттан арылтып, әртараптандыру, индустрияландыру жолына түсіру – қазіргі заман талабы екенін уақыт көрсетіп отыр.

Ж.ӘЛМАХАН.
Экономика 20 сәуір 2019 г. 499 0