Кәсіпкерлікті дамыту – көп түйткілдің шешімі

Сенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығына арналған мәжіліс өтіп, оған қала, аудан және ауыл әкімдері қатысты.

Мәжілісте аймақ басшысы ал­дымен өңірдің әлеуметтік-эконо­ми­­ка­лық дамуының кешенді жоспары туралы және жергілікті мәсе­­ле­лерді шешуде тұрғындарды жұ­­мыспен қамтудың, салықтық базаны дамытып, жергілікті бюджетті ны­ғай­тудың, қоғамдық белсенділікті арт­тырудың бірден-бір жолы жаппай  кәсіпкерлікті өркендету екенін қадап айтты.

–    Біздің басты мақсатымыз – жалпыөңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 14,4 проценттен 2020 жылға қарай 20 процентке ұлғайту. Бұл орайда облыс­та үш жыл «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары» деп жарияланды. Мұның аясында қарқынды жұмыс атқаруымыз қажет. Жасалып жатқан іс-шаралар нәтижесінде жетістіктер де жоқ емес. Мәселен, өткен жыл­дың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда республикада бірінші орынға шық­тық. Былтырғы жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнестің үлесі 14,4 про­центті құрады. Жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 1741 бірлікке артты. Бұл ретте 93 мыңнан астам облыс тұрғыны жұмысқа орналас­ты­рылды.  Жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 95 мың адамға дейін жетуі тиіс,– деді облыс әкімі.  Сон­дай-ақ, алдымызда шағын және ор­та кәсіпкерлікті 15 проценттен 40 про­центке жеткізу мақсаты тұр. Ол үшін тұрғындарға жан-жақты тү­сін­діріп, оларды кәсіпкерлікке бау­лып, дұрыс бағыт-бағдар берілуі тиіс. Аймақ басшысы және шеге­леп атап өткендей, әрбір әкім өзі­не сеніп тапсырылған ауданда, қа­лада, ауылдық елді мекендерде бизнес-жобаларды әзір­леуге, оны сүйемелдеуге жауапты екенін мұ­қият назарда ұстауы қажет.

Өз кезегінде қала және аудан әкімдері кәсіпкерлікті дамытуда атқарып жатқан жұмыстар  жөнінде есеп берді. Нәтижесі төмен ауылдар да аталды.

Арал ауданының әкімі М.Оразбаевтың айтуынша, ауданда 1 мамырдағы көрсеткішпен шағын және орта кәсіпкерлік субъек­ті­лерінің саны 4221-ді құрайды. Жұмыс жасап тұрғаны – 3756. Оларда 7547 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жыл аяғына дейін қосымша 13 нысан ашылады деп күтілуде. Есепті мерзімде шағын және орта бизнес субъектілерінде 5 млрд теңгеден астам өнім өндірілген. Аудан бюджетіне кәсіпкерлер үлесінен 184 млн теңге көлемінде салық түскен. Биыл «Бас­тау-бизнес» жобасының бірінші кезеңінде  44 адам оқытылса, екінші легінде 47 адам қамтылмақ.  Жыл басынан бері аудан тарапынан «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» АҚ-дан мал шаруашылығын дамытуға жалпы құны 18 млн теңге болатын 6 жоба ұсынылса, 50 млн теңге болатын 20 азаматтың жобасы дайындық үстінде. Бұдан бөлек, жалпы құны 63,2 млн теңге болатын 12 жоба мақұлданған.

Арал ауданы бойынша «Сазды», «Жақсықылыш» және «Жаңа­құрылыс» ауылдық округтері нәтижеге жете алмаған ауылдар ретінде аталып, аймақ басшысы тарапынан тиісті тапсырмалар берілді.

Қазалы ауданының әкімі М.Ергешбаевтың мәлімдеуінше, ауданда 4347 кәсіпкерлік су­бъек­­тісі бар. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 3795. Жыл басынан бері аудан кәсіпкерлерінің құны 465,8 млн теңге болатын 82 жоба қаржыландырылған. Биылғы жылдың 4 айында жеке кәсіпкердің өз қаржысы есебінен жалпы құны 118 млн теңгені құрайтын сауда үйі, мейрамхана және ойын-сауық орталығы пайдалануға берілген. ­«Бастау-бизнес» жобасы аясында 120 адамды оқыту межеленген. Бірінші кезеңде 40 үміткер оқу курсынан өтті, оның 38-і жобаларын қорғап, сертификат алса, екінші кезеңде 45 азамат оқуда.  Жыл аяғына дейін 20-ға жуық кәсіпкерлік нысаны пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Мәжілісте Қазалы ауданы бойынша «Әйтеке би» кенті, «Шәкен» және «Тасарық» ауылдары кәсіпкерлікті дамытуда төмен көрсеткіште келетін елді мекендер ретінде аталып, себеп-салдары талқыланды.

Ал, Қармақшы ауданында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 12 жобаны іске асыру үшін несие беріліп, тағы 6 жоба екінші деңгейлі банктердің қарауына, 5 жоба сү­йемелдеуге алынған. Аудан бойынша «Алдашбай Ахун», «Қармақшы», «Қуаңдария» ауылдары кәсіпкерлікті дамытуда кенжелеп тұр.

Шиелі ауданында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 26 жоба ұсынылып отыр. Сонымен бірге, биыл инновациялық бизнес-идеяларды іске асыруға 200 жас кәсіпкер, 200 көпбалалы отбасы және 100 жұмыссызға мемлекеттік гранттар бөлу жоспарлануда. Аудандағы «Бестам», «Қарғалы» және «Тартоғай» ауылдарында қарқынды жұмыс қажет.

Жалағаш, Сырдария, Жаңа­қорған аудандары мен Қызылорда қаласы бойынша да әкімдер есебі тыңдалып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда төменгі көрсеткішке ие болып отырған ауылдар аталып, оларда жұмысты жандандыру, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу, қызметін тоқтатқан нысандар бойынша нақты шараларды  жүзеге асыру жүктелді.

Облыс әкімі жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын белсенді түрде жүргізу қажеттігін, ол үшін  мол мүмкіндік бар екенін айтып, барлық деңгейдегі әкімдерге нақты тапсырма берді және жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тамыз айында өтетін кеңесте әкімдер жұмысы бағаланатынын қатаң ескертті. Сонымен бірге аймақ басшысы қаржы ұйымдарына құжаттарды қабылдау кезінде қиындықтардың орын алуына жол бермей, өңірдегі жаппай кәсіпкерліктің дамуына барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

Айта кету керек, бүгінде өңірде 51385 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның ішінде 44083-і немесе 85,7 проценті жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері жұмыс істеп тұрған бизнес нысандарының саны 1741 бірлікке артқан.

***

Сонымен қатар, сенбіде жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті. Қаржы ұйымдары мен Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің, барлық деңгейдегі әкімдердің, облыстың әрбір ауылдық округіне бекітілген басшы-кураторлардың қатысуымен өткен семинар-кеңесте шағын және орта бизнесті тиімді қолдау және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, 2013 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар берілуде. Осы кезге дейін 383 кәсіпкер қайтарымсыз 400 млн теңге грант қаражатын алды. Биылғы жылы өңдеуші өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында Үкіметпен «Қарапайым заттардың экономикасы» жаңа бағдарламасы іске асырылып, 600 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Семинарда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау департаментінің басшысы Абзал Әбдікәрімов, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ  басқарма төрайымының орынбасары  Дәулет Әбілқайыр хабарлама жасады.  Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тіктің тиімділігін қазақстандық орталықтың атқарушы дирек­торы Талғат Тұрсынбаев егжей-тегжейлі тү­сіндірді. Семинар барысында елді мекендерде кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауыл әкімдері тара­пынан сауалдар қойылды. Атап айтқанда, екінші деңгейлі банктердің ауылдық жерлердегі кесектен соғылған үйлерді жаңа болса да кепілге алмайтындығы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жол картасына ауыл шаруашылығы саласындағы кейбір кәсіп түрлерінің қолдауға енбей қалғандығы және  басқа мәселелер талқыланды.

Семинарда бірқатар ауылдық округ әкімдерінің пікіріне де зер салған едік.

Махмұт Жақсылық, Арал ауданы, Жетес би ауылдық округінің әкімі:

– Ауылда жыл сайын кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Өткен жылы үш жеке кәсіпкер тіркеліп, оның екеуі мал шар­уашылығымен айналысса, біреуі қоғамдық көлік қызметін жүзеге асырды. Биылғы жылға тағы үш жоба ұсынылды. «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша 3 адам оқуын аяқтап, несие алуға құжат жинауда. Ауылдық округ бойынша 14 жеке кәсіпкер, 2 шар­уа қожалығы тіркеліп, жұмыс жасауда.

Орысбек Жамшейтов, Қазалы ауданы, Қарашеңгел ауылдық округінің әкімі:

– Ауылдық округте  39 кәсіпкер тіркеліп, жұмысын жүргізуде. Биылғы жылы 6 кәсіпкер тіркелді. «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша биыл екі адам оқуын аяқтап, оның біреуі 2 млн теңге несие алып, кәсібін бастаса, екіншісі «Ауыл шар­уашылығын қаржылай қолдау қорынан» 1,5 млн теңге несие алды. Жақында тағы да екі азамат оқып, оның бірі 6 млн теңге несие алып, қой өсіруге, екіншісі 2 млн теңге несие алып жылқы бағуға талаптануда. Ауылда Жалаңтөс батыр шаруа қожалығы 40 млн теңге несие алып, егін шаруашылығымен айналысуда. Жалпы, халықтың кәсіппен айналысуға ынтасы өте жоғары.

Әліби Байнахатов, Жалағаш ауданы, Таң ауылының әкімі:

– Ауылда өткен жылы 28 жоба жүзеге асса, биыл 4 азамат қайтарымсыз несие алды. Мұнан бөлек тағы 2-і «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы несие алып, кәсіп бастауда. Ауылда ауыл шар­уашылығы, тасымал қызметі, тігін, ешкі сүтін өндіру, мал бордақылау, күріш ақтау зауыты, ет өнімдерін консервілеу жобалары жүзеге асты. Биыл «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша 6 адам оқып, оның екеуі несие алса, 4-і құжатын өткізді. Барлығы да мал шаруашылығын дамытуға үлес қоспақ.

 

Айнұр БАТТАЛОВА,

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

«Сыр бойы».

Экономика 28 мамыр 2019 г. 509 0