Заңсыз алған субсидияларды қайтарып жатыр

 Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы ауыл шаруашылығына субсидия төлеу ісіндеі көптеген заңсыздықтарды анықтады,  - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы облыстық прокуратураның алқа отырысында айтылды.   Ауыл шаруашылығын субсидиялау кезінде заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізген құзырлы орган  бірқатар жүйелі проблемаларды анықтаған.
«Тексеру барысында кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілері анықталды. Атап айтқанда, күн панельдерін сатып алған қожалықтарға субсидияларды беру мәселесі ұзақ уақыт шешілмеген. Жергілікті атқарушы органдар дотацияларды заңсыз алу схемасын пайдаланған бірнеше кәсіпкерді заң орындарына көрсеткен. Алайда, соның кесірі өзгелерге тиген.  Яғни, шалғайдағы шаруашылықтарға күн панелін орнатқысы келген өзге кәсіпкерлерге де мүмкіндік берілмеген», - дейді  облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Әсел Момынжанова.
Сондай-ақ субсидия алу үшін бөтеннің малын көрсеткен 4 шаруа қожалықтың әрекеті әшкереленген. Қазір оларға қарсы сотқа дейінгі тергеу басталған.
 «Тексеру барысында, асыл тұқымды мал өсіру бойынша дотация алушылардың міндеттемелерін бұзу фактілері анықталды. Облыс бойынша 261 шаруа қожалығы 78 млн теңге сомасына жасалған келісімнің шарттарын орындамаған. Прокуратура  аталмыш қаражатты мемлекетке қайтаруға әрекет жасап жатыр. Бүгінгі таңда 97 кәсіпкер өз еркімен 13 млн теңге қайтарды. Сотқа 26  шаруа қожалықтың ісі жіберілмек. Олардан басқа  13 талап-арыз соттың қарауында жатыр», - дейді прокуратура өкілі.
Оның айтуынша, салада  салықтан жалтару фактілері да тіркелген.
«78 кәсіпкер жылдық жиынтық табысында 400 млн теңгеден астам субсидия сомасын көрсетпеген. Осылайша, салықтан жалтарған.  Ал кейбір кәсіпорындар өз жұмысшыларына зейнетақы төлемдерін аудармаған. Салық органдары түспеген салық  пен зейнетақы төлемдерін өндіру бойынша шаралар қабылдап жатыр. Қазір оның 14,5 млн теңгесі қайтарылды», - дейді Әсел Момынжанова.  


Экономика 26 маусым 2019 г. 689 0