Салада бизнес процестер автоматтандырылады

 Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуда «Ақылды технологиялар» мүмкіндігін пайдалана отырып, аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталу керек екендігін атап айтқан болатын. Осыған байланысты, қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Е-АПК» бағдарламасын әзірледі.
Бағдарлама негізгі 2 бөліктен тұрады. Оның біріншісі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен процестерді автоматтандыруға қатысты болса, екіншісі IT-бизнес пен АӨК субъектілері арасында өзара іс-қимыл жүйесін құруға арналады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен процесстерді автоматтандыруға байланысты Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы №6-3/597 «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына былтырғы 22 қазандағы №429 бұйрықпен бірқатар өзгерістер енгізіліп, өтінімдерді қабылдау биылғы жылдан бастап министрліктің «Qoldau.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, АӨК саласында көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтер электронды жүйеге көшірілді. 2018 жылы «Qoldau.kz» порталы арқылы «Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» және «Басым дақылдар өндіруді субсидиялау» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері электронды түрде жүзеге асырылды. Биылғы жылдан бастап гербицидтердің құнын субсидиялау және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру қызметін субсидиялау мемлекеттік көрсетілетін қызметтеріне өтінімдер қабылдаудың барлығын дерлік электронды жүйеге көшірілді. Яғни, субсидия берудің барлық процестері (өтінім беру, өтінімдерді қарау және шешім қабылдау) электронды жүйеге ауысып және мәліметтер толығымен ашық интернет порталына орналастырылады. Нәтижесінде адами факторлар жойылып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ашықтық қамтамасыз етіледі.

Ж.МҰСТАЯПОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының бас маманы.
Экономика 03 шілде 2019 г. 637 0