Экономика: Қазақстанда транзитті жүк тасымалы артты

Қытай халқында «Бай болғың келсе, жол сал» деген тәмсіл бар екен. Бұл дана сөз бірлесе жаңғыртып жатқан Ұлы Жібек жолының тарихына да тікелей қатысты. Екі мың жыл бұрын адамдардың батылдығы мен іскерлігінің арқасында Еуразия жолдардың бір желісіне біріккен еді. Мұны адамзат тарихындағы жаһанданудың алғашқы қадамдары деуге болады.

Елбасының әрдайым атап көрсет­кеніндей, әлем жұртшылығы қарама-қайшы геосаяси тұжырымдардан шаршады. Барған сайын геоэкономика мен бірлесе дамудың маңызы артып келеді. Бұл орайда «Бір белдеу – бір жол» экономикалық ынтымақтастық үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерден де ауқымды әрі маңызды жоба болып табылады. Бұл – әлемдегі 120-дан астам мемлекеттің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кеңінен сауда-саттық жасауға және өсіп-өркендеуге деген тарихи сұранысынан туындаған бастама.

Қытайда осы жылдың сәуір айын­да өткен форумда Елбасы саяси қарама-қайшылыққа, санкциялар мен сауда текетіресіне қарамастан, осы бастама аясындағы сауда көлемі артып, бүгінде 5 триллион доллар құрап отырғанын атап өтті.    

Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу – бір жол» бастамасы жаһанданудың жаңа үлгісін ұсынғанын айтты.

Тарихи кезең әлемдік ық­пал­дастық орталығын қайтадан Шығысқа қайтаруда. Біз бүгін Азия­ның шын мәнінде ХХІ ғасыр өңіріне айналғанын көріп отырмыз. Әлемдік Ішкі жалпы өнімнің 28 проценті осында шоғырланған және бұл көрсеткіш арта береді. Қазірдің өзінде шығыстандыру үрдісі ықпал­дасудың жаңа бағыттарын ұсынуда.

«Бір белдеу – бір жол» бастамасы географиялық жағынан орналасуға және даму үдерісіндегі теңсіздіктерге қатысты сын-тегеуріндерді еңсере алды. Еуразия қайтадан біртұтас кеңістікке айналуда. Құрлықтың әртүрлі және қашықтықта орналасқан өңірлері екі мың жыл бұрынғыдай бір желіге бірікті. Қазақстан қысқа мерзім ішінде күрделі табиғи жер бедерлерін және геосаяси қарама-қайшылықтарды айналып өткен экономикалық дәліздер құра алды.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан соңғы он жыл ішінде инфрақұрылымды, көлік-логистика активтерін және құзыреттілікті дамытуға шамамен 30 миллиард доллар инвестиция салды. 3 мың шақырымға жуық ұлттық теміржол желісі және 12,5 мың шақырым автомобиль жолдары салынды немесе қайта жөндеуден өтті. Еліміздегі теңіз және әуе порттары жаңғыртылды. Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде біздің елде заманауи және бәсекеге қабілетті транзиттік хаб құрылды.

Қазақстанда 2016 жылдан бас­тап «Нұрлы жол» бағдарламасын «Жібек жолының» Экономикалық белдеуімен ұштастыру жоспары табысты іске асырылуда. Еуропа мен Қытайды Ресей мен Қазақстан арқылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» құрлықаралық жоғары деңгейлі автомагистраль байланыстырды. Біздің еліміз Қытайдың Ляньюньгань портында логистикалық терминал салды. «Қазақстан-Түрікменстан-Иран -Парсы шығанағы» бағытындағы теміржол іске қосылды. Қытайдан Оңтүстік Кавказға, Түркияға және одан әрі Еуропаға Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арқылы жөнелтілетін жүктердің көлемі артып келеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыру он жыл ішінде Қазақстанға бір жылдық сауда айналымын 2,5 триллион долларға жеткізуге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Российкая газета» сайтына берген сұхбатында «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында Қытай, Ресей және Қазақстанға ортақ болашақта жүзеге асырылатын бастамалар туралы айтты.

«Дүние жүзінде ашық теңізге шы­ға алмайтын, бірақ Еуразия құрлығы орталығында геостратегиялық тиімді жағдайға ие ел ретінде Қазақстан үшін бұл жобаның маңызы зор. Бұл жоба Батыс пен Шығысты, Еуразия континентінің Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстырып тұрған транзиттік аймақ ретінде еліміздің стратегиялық позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан төраға Си Цзиньпин 2013 жылы Қазақстанға жұмыс сапары барысында ұсынған жобаның мақсаты мен қағидасына сүйене отырып, біз оны жүзеге асыруға белсенді араласамыз», – деді мемлекет басшысы.

Қазір құрлық пен теңіз арқылы тасымалдаудың жаңа Азия-Еуропа дәлізі арқасында көлік шығыны мен Қазақстанға тауар жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарды. Сонымен қатар, президент Еуразия құрлығындағы ірі мемлекет Ресей үшін де Қытай бастамасына қатысу елеулі мүмкіндіктерге жол ашады.

Бұл жерде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі, тиісті транзиттік-логистика­лық инфра­құ­рылым, әуе және теңіз ай­лақтарын жаңарту, жаңа өндіріс күштерін қалыптастыру туралы сөз болып отыр. Маңызды жобалардың бірі ретінде қазір еуразиялық жүрдек теміржол магистралі құрылысының мүмкіндіктері қарастырылуда.

Қазір «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орта­лығы мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы Қытай мен бүкіл еуразиялық өңірдің өзара сауда-экономикалық, өндірістік және логистикалық іс-қимылдарын кеңейтуге жаңа мүмкіндік беріп отырғаны айтылуда.

«Бір белдеу – бір жол» бастамасын Еуразиялық экономикалық одақтың басқа бағдарламаларымен ұштастыру бүкіл еуразиялық кеңістіктің экономикалық дамуына жаңа серпін бере алады.

Қазіргі таңда көптеген мемлекет «Бір белдеу – бір жол» құ­рылысына атсалысып жатыр. Бұл дегеніміз бастаманың бір ғана емес, бірнеше елдің ұстанымына сәйкес келетінін білдіреді. Қытай тарапы халықаралық ұйымдардың, әсіресе Халықаралық валюта қорының белсенді іс-әрекетін қолдайды. Қытайдың сауда жолы бойындағы барлық елге көзқарасымыз бір. Ұлы Жібек жолының бойында жүздеген мемлекет жатыр. «Бір белдеу – бір жол» құрылысына солар түгелдей қатысуда. Тіпті Африка, Латын Америка және Тынық мұхитының оңтүстік жағалауындағы елдер де инфрақұрылымдарын жаңғыртып, сауда керуендеріне жол ашуға кірісті. Қазақстан транзиттік әлеуетін әуелде-ақ қалыптастырып қойды. Осыны ескерген Нұрсұлтан Назарбаев контейнерлік тасымалдан ел қазынасына түсетін пайданы 5 млрд АҚШ долларына жеткізу жөнінде тапсырма берген болатын. Содан бері көрсеткіш 3 млрд долларға жуықтап қалды. Елбасы осыдан 2 жыл бұрын өткен алғашқы форум кезінде де тиісті ұсыныстарын айтып, Қазақстанды транзиттік хабқа айналдыру жолында біраз бастама көтерді. Бір парасы Жібек жолы бойындағы қызмет көрсету деңгейін арттыру, әкімшілік кедергілерді жою және осы секілді нақты жобаларға Азия инфрақұрылымдық инвестиция­лар банкін тартуға бағытталды.

Қорыта айтқанда, ежелгі Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы Қазақстанның транспорттық әлеуетін арттырып, бюджеттің қосымша табыс көзін ашуға мүмкіндік береді.

Экономика 15 тамыз 2019 г. 2 172 0