Ел бюджеті қай деңгейде қалыптасады?

Алдағы жылдары сыртқы жағдайлардың өзгеруіне байланыс­ты Қазақстан экономикасы дамуының ықтимал үш сценарийі қаралды. Соның ішінде болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптас­тыру үшін базалық сценарий негізге алынды. Ол мұнай бағасының 55 доллар болуын көздейді. Бұл туралы болжам мұнай бағасының біршама жоғары болатынынан хабар береді.
Қазіргі ахуал көрсетіп отырғанындай, мұнай бағасы барреліне 60-65 доллар болуы ықтимал. Әлем сарапшыларының, Ресей экономис­терінің болжамдары да осыған саяды.  Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2020 жылы 4,1 процент деңгейінде болжанып отыр. 2024 жылы ол 4,7 процентке жетеді. Орташа жылдық өсу қарқыны 5 жылда 4,4 процентті құрайтын болады, – деп атап көрсетті Ұлттық экономика минис­трі Руслан Дәленов. Оның айтуынша, номиналды ЖІӨ 2020 жылы 74,5 триллион теңгеден 2024 жылы 105,8 триллион теңгеге дейін өседі. Халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2020 жылы 10,5 мың долларды құраса, 2024 жылы 14,3 мың долларға дейін ұлғаюы керек. Алдағы жылы 90 миллион тонна мұнай өндірілсе, 2024 жылы бұл көлем 100 миллион тоннаға дейін жетуге тиіс. Бұл өсімге «Теңіз», «Қарашығанақ», «Қашаған» кен орындарын кеңейту, Каспий теңізіндегі жаңа кен орындарын пайдалануға беру есебінен қол жеткізіледі. 2020-2021 жылдары инфляцияның жылдық нысаналы дәлізі 4-6 процент деңгейінде сақталады. Ал 2022-2024 жылдары ол дәліз 3-5 процентке дейін төмендейді.
Алдын ала болжам бо­йынша рес­публикалық бюджеттің кірістері 2020 жылы ­ 8 трлн теңге, 2021 жылы – 8,6 трлн теңге, 2022 жылы 9,4 трлн теңге сомасында болжанды. Осы параметрлерді есепке алсақ, республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы 12,7 триллион теңге, 2021 жылы 13,2 триллион теңге, 2022 жылы  13,6 триллион теңге көлемінде белгіленді. Ел қазынасын толтыратын донор өңірлер қатары келесі жылы да өзгеріссіз қалады және төртеумен шектеледі. Атап айтқанда, 2020 жылы Атырау облысы бюджетке – 195 млрд 766,9 млн теңге, Алматы қаласы – 193 млрд 606,9 млн теңге, Нұр-Сұлтан – 43 млрд 154,5 млн теңге, Маңғыс­тау облысы 8 млрд 579,6 млн теңге қаражат құяды. Жалпы алғанда, осы 4 өңірдің 441 млрд 108 млн теңге табысы өзге дотациялық өңірлерді қолдау үшін орталық бюджетке алып қойылмақ. Бірақ бұл қаражат та аздық етеді. Сондықтан қосымша Ұлттық қордан 2 триллион 700 миллиард теңге қаражат бюджетке аударылады. Алдағы үш жылдық бюджет жобасында зейнетақы мөлшерін инфляция деңгейінен 2 процент асыра индексациялау қарас­тырылған. Нәтижесінде, егер 2019 жылы зейнетақының орташа мөлшері 86 мың теңге болса, 2020 жылы ол 91 мың 387 теңгені құрайтын болады. Атаулы әлеуметтік көмекті 2020 жылы 1 млн 472,5 мың адам, 2021 жылы – 1 млн 464,4 мың адам, 2022 жылы 1 млн 466,8 мың адам алады деп жоспарлануда. Оларға 3 жылда бюджеттен 781 миллиард теңге, соның ішінде 2020 жылы – 248 млрд 567,6 млн, 2021 жылы – 260 млрд 996,4 млн, 2022 жылы 271 млрд 436,3 млн теңге төленетін болады.
Байқалып отырғанындай, мемле­кет бұрынғысынша әлеуметтік бағытқа барынша мол қаржы жұмсау­ды жоспарлап отыр. Бюджет қалып­тас­тыруда айта қаларлықтай өзгеріс жоқ. Бюджеттің табысы ретінде бұрынғысынша мұнай кірісі басты негізгілердің бірі болып қала береді. Бірақ мұнайға қосымша Қазақстанның транзит мүмкіндігі де айрықша аталуда. Теміржолдың контейнерлік табысынан түсетін табыс көлемі едәуір ұлғаятын болады. Сарапшылар пікірінше, табыс­тың осы түрі болашақта Қазақстан бюджетіне қосымша кіріс әкелетін көздердің біріне айналады. Ақпарат көздерінен түсіп жатқан мәліметтерге қарағанда, соңғы уақытта салықты әкімшілендіру бағытындағы тұрақты жұмыс­тар нәтижесінде бюджеттің табысы да артып келеді.

Ж.ӘЛМАХАН.
Экономика 28 қыркүйек 2019 г. 253 0