Қазақстандықтар лайықты өмір сүруі тиіс

Жуырда мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Күлекеев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік билікке келуіне 100 күн толуына орай «Егемен Қазақстанға» арнайы мақала жазды. Мақала терең, білікті талдауымен ерекшеленеді. Оның қысқартылған нұсқасын ұсынғанды жөн көрдік.
Халық жаңа Президентке үлкен сенім артып, маңызды өзгерістерді күтіп отыр. Оған түрткі болып отырған Президент Қ.Тоқаевтың еліміздің қазіргі жағдайы туралы айтқан пікірлері. Біріншіден, Президент Қ.Тоқаев əлеуметтік-­экономикалық саладағы көп проблеманың диагнозын дөп қойды деп атап көрсетеді бұл орайда автор.
Осы тұрғыда еске сала кететін жағдай – Президенттің ауқымды тапсырмаларын іске асыру бюджет тарапынан қаржыландыруды талап ететіні, ал биылғы бюджет шығындары былтыр бекітіліп, тиісінше бөлініп қойғандықтан, əлеуметтік салада үлкен өзгерістер келесі жылдан басталады деп атап көрсетеді Ж.Күлекеев.
Мемлекет басшысы ашық айтқан тағы бір проблема – еңбекақының төмендігіне, өндіріс­те шетелдік жұмысшылар мен қазақстандық жұмысшылардың жалақылары көлеміндегі айырмашылыққа байланысты болды. Осы мəселе көтерілгелі бері үлкен компанияларға тиісті тапсырмалар беріліп, отандық жұмысшыларға лайықты еңбекақы тағайындау ісі пысықталып, қатаң қадағалауға алынды. Қазір біраз компания халыққа жарияламай-ақ жұмысшыларының жалақысын көтеруді бастап кетті.
Енді нақты статистикалық мəліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша жалақының ІЖӨ-дегі үлес салмағы 30 процент шамасында екенін байқаймыз. Бұл – еліміздің даму деңгейіне сəйкес келмейтін құбылыс екені бұған дейін де айтылып жүрген мəселе. Жалпы, кез келген мемлекет үшін ІЖӨ-нің 30 процентін ғана еңбекақы ретінде төлеп, 70 процентін капиталдың үлесіне бөлу тек кедей, экономикасы тығырыққа тірелген, əлеуметтік жағдайы əбден шиеленіскен елдерге ғана тəн жағдай. Біздің экономикалық даму көрсеткішіміз одан көш ілгері, Ресей, Беларусь сынды елдермен деңгейлеспіз. Бұл елдерде ІЖӨ-нің 47-48 проценті еңбекақы ретінде халыққа беріледі, демек Қазақстанда да солай болу керек – деп атап көрсетеді бұл орайда автор.
Еңбекақыдан үнемдеу мемлекетке де, қоғамға да, жеке тұлғаға да үлкен кесірін тигізетіні белгілі жайт. Сондықтан сапалы адам капиталын қалыптастыру үшін лайықты еңбекақы болуын қадағалау мемлекеттің ең басты саясаттарының бірі болуы тиіс. Сондықтан Президент Қ.Тоқаевтың осы жағдайға көңіл бөліп, атқарылып жатқан шаруаларды қатаң бақылауға алуы көпшіліктің көңілінен шығып жатқаны рас. Бұл бағытта алдағы уақытта үлкен өзгерістер болатынына халық сеніммен қарай бастады.
Баспана – базалық қажеттілік. Президенттің əлеуметтік саладағы алға тартқан басымдықтарын Жолдауынан бірден байқауға болады. Мен мұны шартты түрде екі топқа бөлер едім. Біріншісі – экономиканың барлық саласында жалақыны өсіру. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын салада бюджет есебінен жалақыны көтеруді де атқарушы биліктің барлық саласына табыстады. Келер жылдан бастап бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің, соның ішінде мəдениет, өнер саласындағы қызметкерлердің жалақылары артады. Одан бөлек мұғалімдердің еңбекақысы 4 жылда 2 есе, ал келер жылы 25 процентке көтеріледі.
Əлеуметтік осал топтардың мүддесін қорғауға арнайы əлеу­меттік пакет енгізіледі. Келер жылдың бюджетіне еніп отыр­ған үлкен əлеуметтік шешімдердің бірі баспанамен қамту. Жалпы, баспана азаматтарға керек базалық қажеттілік.
Соңғы жылдары халықтың сұранысына ие болған «7-20-25» сынды бағдарламалар іске асырылды. Бұл бағдарламалар арқылы көптеген азамат баспаналы болды. Дегенмен, оған қатысу үшін бір отбасының табысы 320 мың теңгеден кем болмауы керек. Қазақстанда табысы оған жетпейтін отбасылар көп, сондықтан олар мемлекеттік бағдарламалардан тыс қалып қойды. Осыны ескере отырып, Президент бастапқы салымы 10 проценттен аспайтын, проценттік мөлшерлемесі 2 проценттен аспайтын «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыруды тапсырды. Биылдың өзінде əлеу­меттік осал топқа жататын 6 мың адам, келер жылдан бастап 10 мың адам осы «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйге ие болады. Оған қажетті қаражат бюджетте қарас­тырылып отыр. Келер жылдан бастап Президенттің əлеуметтік бағдарламалары екі бағытта жүргізіледі. Оның біріншісі – халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін оның табысын көтеру, ал екіншісі – мемлекет тарапынан жасалатын əлеуметтік қамқорлықтың аясын кеңейте отырып, азаматтардың жеке баспанаға ие болуына жағдай жасау.
Болашақ бизнеспен байланысты. Нарықтық экономикада халықтың бəріне бірдей мемлекеттік кəсіпорындардан немесе квазимемлекеттік сектордан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Бірақ тиісті жағдай жасап, халықтың өзіне бизнеспен айналысуға, жеке ісін бастауға мүмкіндік туғызуға болады.
Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекет шағын жəне микробизнес­ті дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. Қ.Тоқаев кімде-кім шағын немесе микробизнеспен айналысып жүрген адамдарға қиянат жасаса, ол мемлекетке қарсы жасаған қылмыс екенін, мемлекеттің болашағы кəсіпкерлерге байланысты екенін нақты айтты. Билік осы саясатты ұстанса, бірте-бірте халықтың билікке, мемлекетке деген сенімі артады.
Қазір елімізде қаржысы бар іскер азаматтар жетерлік. Бірақ олар бүгін қаражатын салып үлкен іс бастаса, ертең оның қайтарымын көре алатынына күдікпен қарайды. Азаматтардың өз инвестициясын бизнеске салуы немесе салмауы мемлекетке жəне мемлекеттік институттарға деген тікелей сенімге байланысты. Билік халықты бизнеске шақырып, олардың мүддесін қорғауға əзір екенін көрсетті. Қ.Тоқаевтың өзі де ешқандай делдалсыз-ақ əлеуметтік желі арқылы халықтан тікелей ақпарат алып, қоғамның тамыр соғысын бақылап отыр. Енді кейбір төменгі жақтағы проблемаларды жоғары биліктен жасырып қалу мүмкін емес.
Бизнесті дамыту үшін бизнесмендерді қолдау керек. Айталық, кəсіпкерлерге несиені жеңілдікпен беру, түрлі ынталандыру шаралары жасалуы қажет. Осыны ескеріп, Президент Қ.Тоқаев «Бизнестің жол картасы» шеңберінде алдағы 3 жылда бюджет есебінен 250 млрд теңге бөлуді тапсырып, бұл жоспар бюджетке енгізілді. Бұдан бөлек Ұлттық қордан тағы 100 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады. 350 млрд – өте ауқымды қаржы. Осының нəтижесінде Қазақстанда шағын жəне орта бизнестің дамуына жақсы жағдай жасалатынына күмəн жоқ. Егер шағын жəне орта бизнес өкілдері өнімдерін экспортқа шығаратын болса, мемлекет тарапынан қолдау тетіктері жасалуға тиіс. Бізде бизнесмендерді осы іске ынталандыру əлі де төменгі деңгейде екенін ескерген Президент оған тиісінше көңіл бөлуді тапсырды. Экспорттаушы кəсіпкерлерді қолдау мақсатына қанша қаражат бөлінетіні жылдың соңына дейін шешіледі. Мемлекет басшысы шағын жəне микробизнесті бірқатар салық түрлерінен босату туралы тапсырма берді. Бизнес нысандарына тексеріс жүргізуге 3 жылға дейін мораторий жариялады. Зейнетақы төлемдерін жұмыс берушінің есебінен 5 процентке ұлғайту мəселесі қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Ол ұсынысты да Президент 2023 жылға дейін 5 жылға шегерді. Мұның бəрі бизнесті қолдауға бағытталған үлкен сая­си шешім деп санаймын.
Қазақстан халқының жартысына жуығы, нақтырақ айтқанда, 47 проценті ауылдық жерлерде тұрады. Яғни, халықтың тұрмыс сапасын жақсартқымыз келсе, ауыл халқы мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалмауы керек. Осы бағытта Мемлекет басшысы тарапынан бірнеше нақты ұсыныс айтылды. Ол, бірінші кезекте, ауыл халқының шаруашылықпен айналысуына қолайлы ахуал тудыру. Алдағы он шақты жылда суармалы жерлердің көлемі 3 млн гектарға жеткізілмек. Егер суармалы жерлердің аумағы 3 млн гектарға жетсе, ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі бірнеше есе ұлғаяды. Яғни, еңбек тиімділігі артады. Бұл ауыл халқының жағдайын жақсартады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына алдағы 3 жылда 90 млрд теңге қаржы бөлінбек. Қаражаттың негізгі бөлігі əлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталады. Түптеп келгенде, бұл – ауылды көркейтуге ықпал ететін шешім. Президент қай өңірге барса да елді мекендерге сапалы жол салу, ауыз су тарту ісін айтады. Əлі де болса көптеген ауылда ауыз су проблемасы шешілген жоқ. Осы мəселені біржола шешу үшін Президент бюджеттен 250 млрд теңге бөлгізді.
Салық – мемлекеттің ең тиімді құралдарының бірі. Салық тетіктерін дұрыс пайдалана отырып, экономиканың түрлі саласын дамытуға, кəсіпкерлердің қызығушылығын арттыруға болады. Ал дұрыс пайдаланбаса, керісінше əсер ететіні түсінікті. Бұл мемлекеттің қолындағы ең тиімді тетіктердің бірі. Президенттің осы жүз күн ішінде қолға алған əлеуметтік-экономикалық бағдарламалары халықтың жағдайын жақсартып, тұрмыс сапасын арттырып, еліміздің ішкі сұранысын ұлғайтуға, сол арқылы экономиканың қарқынды дамуына жағдай жасауға бағытталды. Сөз басында атап өткенімдей, халықтың төлем қабілеті неғұрлым артса, экономика соған сай қарқынды жұмыс істеуге көшеді. Сол себепті азаматтардың табысын мейлінше жақсартуға көңіл бөлініп отыр. Жоғарыда айтылған жағдайлардың барлығы ел сенімі мен үмітін ақтауға бағытталған нақты шешімдер деп білемін.


Экономика 28 қыркүйек 2019 г. 265 0