Өңір дамуының жаңа кезеңі

 Елбасы тапсырмасымен биылғы жылдың маусым айында  «Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» қабылданды. Өңір экономикасы үшін маңызды құжат негізінде аймақта ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Келер жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын жергілікті бюджетке беру жоспарлануда. Шағын кәсіпті дамыту арқылы түскен салық көлемінің көрсеткіші қала, аудан әкімдерінің жұмысын бағалауға тікелей әсерін тигізбек.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов айтты.

– Экономиканың барлық сала­ларында өсім бар. Тек өнер­кәсіп өндірісінде мұнай ұңғымаларының сулануы мен сарқылуы салдарынан төмендеу байқалады. Биылғы жылдың 8 айында 3,8 млн тонна мұнай өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,5 процентке кеміді. Бұл кемшіліктің орнын толтыруда экономиканы әртараптандыру бағытымен индус­трияландыру бағдарламасын жалғастырудамыз, – деді Б.Жаханов.

Индустрияландыру бағдарла­масының І, ІІ бес­жыл­дығы аясында өңірімізде құны 150 млрд теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылып, нәти­жесінде 1,6 мың жұмыс орны ашылған. Бүгінде оның 18-і өнім өндіруде. Жыл соңына дейін бірнеше жобалар жүзеге асады деп жоспарланған.

Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы органдарға қойған міндеттерінің бірі – инвестиция тарту болса,  инвестицияны жетілдіру жөнінде іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Аймақта 2006 жылдан бастап  инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі арнайы кеңес жұмыс атқарып келеді. Биылғы жылдың 8 айында өңірге 233 млн теңге көлемінде инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 68 процентке артқан.

Экономиканың өзге салалары бойынша  өсім байқалады. Құры­лыс жұмыстарының көлемі 8 айда 2,5 есеге, пайда­лануға берілген тұрғын үй көлемі 33,5 процентке, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,7 процентке артқан.

Брифингте өңір экономика­сының дамуына серпін беретін «Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» атап айтылды.

– Бұл құжат биылғы жыл­дың 7 ақпанында Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен әзір­леніп, 6 маусымда Үкімет қаулысымен бекітілді. Кешенді жоспар бойынша іс-шаралардың жүзеге асырылуы өңір үшін маңыз­ды, – деді облыс әкімінің орынбасары.

 Айта кетелік, кешенді жоспар 119 іс-шараны құрайды, құны – 219,7 млрд теңге болса, оның 156,7 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 50,6 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 12,4 млрд теңге басқа қаржы көздерінен. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде жалпыөңірлік өнімнің көлемін 2 трлн теңгеге жеткізу, жаңадан 10 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.

 Бұл құжат аясында 2020 жылдан бастап «Оңтүстік-Торғай», «Сырдария», «Шу-Сарысу» ойпаттарында жаңа кен орындарын іздеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, «Қызылорда қала­сының жылу-электр орталығын кеңейту және қайта жаңғырту» жобасы іске аспақ. Мұнан бөлек Солтүстік Аралдағы «Көкарал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру, «Қызылорда» су торабын кешенді жөндеу жобасы, «Күміскеткен» мен «Қараөзек» су қоймаларының құрылысы қарастырылған.

Президент Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру айтылды. Биыл бұл жобаны іске асыру үшін өңірге республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға Жосалы, Жалағаш кенттерінде 21 жобаны іске асыру ұйғарылды.

– Келер жылы бұл жоба аясында 4 елді мекенде 1,6 млрд теңгеге 57 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Дегенмен мұнымен ғана шектеліп қалуға болмайды. Келер жылдан бастап елді мекендерді дамытуға көп қаржы тартуды жалғастырамыз, – деді Б.Жаханов.

Брифингте  айтылғандай, 2018 жылдан бастап халық саны 2000-нан асатын 65 ауылдық округте төртінші деңгейлі дербес бюджет енгізілсе, 2020 жылдан бастап қалған 81 ауылдық округті қосу жоспарланған.

Тағы бір атап өтер жаңалық – 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын 3,4 млрд теңге көлемінде жергілікті бюджетке беру жоспарланып отыр. Бұл –  өңірді дамытуға және халықтың мұқтаждығына көбірек қаржы бөлуге мүмкіндік. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту арқылы түскен салық көлемінің көрсеткіші қала, аудан әкімдері жұмысын бағалауға әсер етпек.

– Ана мен балаға қамқорлық, мүмкіндігі шек­теулі жандарға қолайлы өмір сүруге жағдай жасау – бірінші кезекте шешімін табуға тиіс шаралар, – деп тағы бір түйді облыс әкімінің орынбасары.

Биылғы жылдың 1 сәуірінен 25658 отбасын­дағы 125160 адамға 10,4 млрд теңге атаулы әлеу­меттік көмек берілді. 5886 отбасына 211,0 млн теңгеге тұрғын үй көмегі төленген. Жер­гілікті өкілетті органдардың шешімімен жекеле­ген санаттағы 8126 адамға 650,5 млн теңге әлеуметтік төлем жасалған. Жыл басынан 2906 отбасына 127 млн теңгеден астам қаржыға қайы­рым­дылық көмек көрсетілсе, аз қамтылған отбасынан шыққан 623 студент облыс әкімінің грантымен өңірге қажетті мамандықтарды игеруде. Мүмкіндігі шектеулі жан­дарға әзірленген жеке оңалту бағдарламаларының орындалуына облыстық бюджеттен 937,3 млн теңге қаржы бө­лініп, өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артқан.

Ел Президенті Жолдауында көрсетілген өзекті мәселе – тұрғын үй. Бұл мақсатта облыс­та қарқынды жұмыс бар. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында 1997 пәтерді құрайтын 46 үй салынуда. Биыл облыста барлығы 720,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар республикалық бюджеттен көпбалалы аз қамтылған отбасылары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына және дайын пәтерді сатып алуға қосымша 3,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде жыл соңында 431 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілмек.

– Мемлекет басшысының Жол­дауын жүзеге асыруда жал­пыұлттық іс-шаралар жоспарын толық  әрі сапалы орындаймыз, – деді брифинг қорытындысында  Б.Жаханов.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

Экономика 05 қазан 2019 г. 183 0