Үкімет таяудағы жылдарға бюджет болжамын ұсынды

Қазақстан үкіметі 2020-2022 жылдарға және таяу болашаққа арналған даму жоспар-болжамын бекітті. Болжам дейтініміз, әлемдегі жағдайдың өзгеруіне сәйкес аталған құжатқа алдағы уақытта бірсыпыра өзгерістер енгізілуі мүмкін. Сонымен болжам жоспар не дейді?

Қазақстан экономикасы 2020 жылы 4 процент өсім көлемінде болжанып отыр. Стратегиялық жоспарға сәйкес бұл орайда алдағы уақытта мұнай бағасының пессимистік бағасы алынды. Осыған сәйкес еліміздің ішкі жалпы өнімі 2022 жылы 4,4 процентке өседі деп болжануда. Осы мерзімде Қазақстанда 91 млн тонна мұнай өндіріледі. Алдағы 2-3 жыл көлемінде мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 55 доллар болады деген болжам бастапқы сценарий ретінде алынды.

2020 жылы республика бюджетіне 11,2 трлн теңге түсім түседі деген болжам бар. Бұл 2019 жылдың деңгейімен салыстырғанда 13,9 процент жоғары. Алдағы жылы Ұлттық қордан аударылатын трансферттің көлемі 2,7 трлн теңге көлемінде жоспарланды. Бұл 2019 жылдың деңгейі болып есептеледі. 2021 жылы ұлттық қордан аударылатын қаржы біршама төмендейді деп күтілуде.

Республикалық бюджеттің 2020 жылға арналған шығыны 12,7 трлн теңгені құрайтын болады. Аталған көрсеткіш биылғы деңгейден 6,8 процент жоғары.

Ұлттық қордың қаржысы 2020 жылы өседі деп күтілуде. Болжамға сәйкес Ұлттық қорға 3,3 трлн теңге түсуі тиіс. Атап өтерлігі, 2019 жылдың соңына Ұлттық қордың активі 58,8 млрд доллар көлемінде болжанса, 2020 жылы оның активі 60,5 млрд доллар көлемінде болжанып отыр. 

Сарапшылардың атап көр­сеткеніндей, Қазақстан эко­номикасының экспорттық-шикізаттық бағыты бұрынғы сипатын сақтап қалады. Бюджет бұл жағдайда сыртқы тәуе­келдерге байланыс­ты өзге­рістерге ұшырауы әб­ден мүмкін. Әлемде техно­ло­гиялық қайта құрулар шап­шаң жүруіне байланысты Қазақстанды экономикада тү­бе­гейлі өзгерістер кезеңі күтіп тұрғаны байқалады.

2025 жылға дейін ең тө­менгі жалақы мөлшері өзге­ріссіз қалады. Ол қазір 42,5 мың теңгені құрап отыр. Ал мем­лекеттік базалық зей­нет­ақы төлемі 2020 жылға 16,8 мың теңге көлемінде жос­­парланды. Бұл орайда зейнет­ақының төменгі мөл­шері 38,6 мың теңге көлемінде болады.

Атқарушы билік ұсынған Қазақстанның даму жоспары және таяудағы жылдарға ар­налған бюджет халық қа­лау­­лыларының назарына ұсынылып, ол тиісті өзгеріс­термен қабыл­данбақ.


«СБ» экономика.

Экономика 17 қазан 2019 г. 287 0