Тұтынушы өзіне ұнамаған тауарды қайтара ала ма?

Өткен жылы елімізде Сауда жəне интеграция министрлігі құрылған болатын. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті үш мемлекеттік органға бөлінді. Солардың бірі – Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.

Газет тілшісі департаменттің міндеттері, құрылымы, жұмыс сипатына қатысты оның басшысы Ерқасым Сүлейменовпен әңгімелескен еді. 

– Алдымен оқырмандарға мына мәселені басты айтқым келеді. Департамент базасында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бо­йынша «Қауырт желі» жұмыс жасайды және облыс тұрғындарына тегін кеңес беріледі. Сонымен қатар, мамандар тарапынан азаматтарды қабылдау жүргізіледі. Олардың ауызша немесе жазбаша өтініштерін қарап,  шешімдер қабылдайды, кеңес береді, сатушылар атына наразылық, сотқа талап арыз әзірлеуге және басқа да әдістемелік көмектер көрсетіледі.

Жалпы жүргізілген талдау департаментке келіп түскен өтініштердің көпшілігі бөлшек сауда мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына тие­сілі екендігін көрсетті. Өтініштер бойынша қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, өтініштер тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беруге, сапасыз тауарларды ауыстыруға немесе ақшасын қайтаруға, сатушыдан тауарды сатып алу фактісін растайтын құжатты алуға, жылумен жабдықтау қызметіне, электр қуатымен жабдықтау қызметіне және т.б. арналған. 

Енді сіздердің құқықтарыңыз туралы бірер сөз айтқым келеді.

Тиісті сападағы, яғни қалыпты, бірақ сізге осы немесе басқа себептер бойынша, мысалы, өлшемі, түсі, фасоны бойынша  ұнамай қалған тауарды қайтару үшін сатушыға 14 күн ішінде жүгінуіңіз қажет. Егер сәйкессіздікті 15 күнде анықтаған болсаңыз, оны ауыстыру мүмкін болмайтындығымен  келісуге тура келеді. Сатушы сізді кері қайтарады және ол дұрыс. Егер сатушы 14 күнге дейінгі мерзімде оны айырбастаудан бас тартатын болса, шындық сіздің жағыңызда. Айтпақшы, сатушы тарапынан мерзімдер бойынша сұрақ туындайтын болса, оған тиісті сападағы тауарларды қайтару мерзімдері «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 14-бабымен реттелетіндігін хабарлай аласыз.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, іш киімдер, шұлық-ұйық бұйымдарын, жануарлар мен өсімдіктерді, метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерлерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы, ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларды айырбастауға немесе кері қайтаруға болмайтынын ескерткім келеді.

Тиісті сападағы емес, яғни егер кемшіліктері немесе ақауы анықталған тауар туралы айтып өтсек. Егер сатып алған тауарға кепілдік мерзімі белгіленген болса және кемшіліктерді осы кезеңде анықтасаңыз жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін талаптарыңызбен жүгінуге тиіссіз. Егер тауарға кепілді мерзімі немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауардағы кемшіліктер тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл шегінде, тұтынушы тауардың кемшіліктерімен байланысты талаптарды қоя алады. Осы нормалардың барлығы «Тұтынушылардың құқықтарын қор­ғау туралы» ҚР Заңының 17-бабында көрсетілген. Сатушыға осыны айтып, дүкенге келгенде өз құқықтарыңызды қорғай аласыз.

Тұтынушы тауардың кемшілігін тапқан  жағдайда әдетте сатушыға жүгінеді және өз құқықтарын қанағаттандыруды талап етеді. Ал көп жағдайда сатушы онымен келіспейді және тауарды сатып алушы бүлдіргендігіне сендіргісі келеді. Бұл жағдайда екі тарап арасында дау туындайды. «Тұтынушылардың құ­қықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 30-бабы 2-тармағы тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы оны дереу ауыстыруға, ал сатушыға тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама жасау) қажет болғанда тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті екенін көздейді. Тауар сапасын қосымша тексерудің (сараптаманың) құнын сатушы  төлейді. Егер тауарды тексеру нәтижесінде кемшіліктер жоқтығы, тұтынушы пайдаланған, сақтаған кезде белгіленген қағидаларды бұзуы, үшінші тұлғаның іс-әрекетінен не еңсерілмейтін күштің салдарынан пайда болғаны белгіленсе, тұтынушы сатушыға тексеру жүргізуге жұмсалған, сондай-ақ оны жүргізуге байланысты тауарды тасымалдауға жұмсалған шығындарды өтеуге міндетті. Тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарды тексеруді өз есебінен жүргізуге құқылы.

Кем өлшеу, таразыдан, есептен жеу, тауардың (көрсетілетін қызметтердің) тұтыну қасиеттеріне немесе сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыру немесе өзгедей алдау – «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 190-бабына сәйкес жаза көзделген әкімшілік құқық бұзушылық. Осы құқық бұзушылықтарды анықтаған кезде тұтынушыға істерді қарау және әкімшілік жауапкершілікке тарту құзыретіне кіретін ішкі істер органдарына жүгіну қажеттігін, сондай-ақ біздің департаментке жолығуға болатынын ескерткіміз келеді. 


Ж.ӘЛМАХАН.

Экономика 20 ақпан 2020 г. 565 0