Салық түсіміне мүдделі тараптардың барлығы жауапты

Президент тапсырмасына сай биылғы жылғы облыстың бюджет түсімін өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда кемінде 103,3%-ке көбейту міндеті тұр. Ол үшін  салық түсімін кемінде 105% орындау жөнінде міндеттеме қабылдануы тиіс.

 Ал оны орындау оңай емес. Өйткені, салық төлеміне қатысты бірқатар өзгерістер бар. Мәселен, микро және шағын бизнесті үш жылға табыс салығынан босату туралы заңға сәйкес жеке кәсіпкерлердің табыс салығы мен әлеуметтік салықтарынан бюджеттің жоғалтатын сомасы 4 млрд теңге болып отыр. Сонымен қатар, бюджетке түсім түсіріп келген бірқатар айыппұлдар алынып тасталған. Мұнан бөлек, республикалық бюджеттен түсетін қаржы көлемі де кеміді. Қысқасы, осы түсімдердің орнын толтыру үшін 15 млрд теңге көлемінде қаржы көздерін табу міндеті тұр.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалық етуімен өткен әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде тал­қыланған негізгі мәселе осы болды. Онда салық салу базасын кеңейту бойынша 2019 жылы атқарылған жұ­мыстардың нәтижесі және 2020 жылдың міндеттері жайлы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов хабарлама жасады. Оның атап өткеніндей, 2019 жылғы жергілікті бюджет 105% орындалып (жоспар 56,5 млрд теңге, нақты орындалғаны 59,3 млрд теңге), 2,8 млрд теңге артығымен қамтамасыз етілді.

Департамент басшысы 2017-2019 жылдар аралығында түрлі мемлекеттік бағдар­ла­малар бойынша барлығы 5655 қатысушыға 11,4 млрд теңге қаржы берілгені туралы деректер келтірді. Оның ішінде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға шағын несие алушы 2901 тұлғаға 10,3 млрд теңге, мемлекеттік грант алушы 2754 тұлғаға 1,8 млрд теңге берілген. Алайда, осы бөлінген қаражаттың қайтарымы көңіл көншітпейді. Бүгінгі күнге, департамент тарапынан жүр­гізілген түсіндіру, салықтық бақылау жұмыстары нәтиже­сімен тек 71 тұлға ғана жұ­мысшы санын көрсете оты­рып, небәрі 1,9 млн теңге салығын бюджетке төледі. Ал кәсіпкерлігін уақытша тоқтатқан тұлға 88 болса, салық есептігін «0»-дік көрсеткішпен көрсеткендер саны 341 адамды құрайды.

Департамент мамандары өткен жылдың наурыз айында ішкі істер органдарының мә­ліметі бойынша 2014-2018 жылдарға, яғни соңғы 5 жылға түгендеу жұмыстарын аяқтады. Түгендеу нәтижесімен 34618 жеке тұлғаға 1,2 млрд теңге көлік салығы есептелді, оның 542 млн теңгесі өндірілді. 2019 жылы жеке тұлғалардан 1,9  млрд теңге көлік салығы түсіп, 2018 жылмен салыстырғанда 508 млн теңгеге артты, өсу қарқыны 135%-ті құрады. Ғ.Орынов өз хабарламасында  1934-1988 жылдар аралығы, яғни, пайдалану мерзімі 84 жылдан 30 жыл аралығын құрайтын 20076 көлік құралы әлі күнге дейін мемлекеттік тіркеуден шығарылмағанын айтып өтті. Олар барлық көлік санының 16%-ін құрайды. Бұлардың бір жылғы орташа көлік салығы 195-220 млн теңге шамасында. Өкінішке орай, осы көліктерді мемлекеттік тіркеуден шығару  шешімін таппай отыр. Аймақ басшысы осы ретте автокөліктердің салығын реттеуге қатысты қала мен барлық аудан және ауылдық округ әкімдеріне тапсырма берді. Ал мемлекеттік кірістер департаменті мен полиция департаменті бірлесіп, көлік құралдарына түгендеу жүргізіп, жарамсыз және жоқ көліктерді мемлекеттік тіркеуден шығару жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс.

Ғ.Орынов өз хабарламасында салық түсімдерін көбейтуге болатын бірқатар бағыттарды атап өтті. Қазіргі таңда облыс аумағында заманауи үлгіде салынған кәсіпкерлік нысандар көптеп бой көтерген. Аталған салық салу объектілеріне мүлік салығы да нарықтық құнға сәйкес есептелуі тиіс.  Осы мақсатта, кәсіпкерлік нысандарды қайта бағалау бойынша кәсіпкерлерге арнайы түсіндірме жүргізілген. Бүгінгі күнге тек 194 кәсіпкерден бюджетке қосымша 27 млн теңге мүлік салығы ғана қамтамасыз етілді.

Алдын ала жүргізілген ішінара есептер бойынша тек 134 мейрамхана мен тойханаларға қайта бағалау жүргізген жағдайда облыс бюджетіне қосымша 200 млн теңге көлемінде кірістер түспек. Облыс аумағында жаңадан құрылған шағын аудандарда жеке және заңды тұлғалардың, дара кәсіпкерлердің тіркелмеген жылжымайтын мүліктерін анықтап, олардың заңға сәйкес тіркелуін қамтамасыз ету де өз кезегінде салық төлемдерін арттыруға үлес қоспақ. Сол секілді ескі үйлердің орнына жаңадан тұрғызылған үйлерді анықтап, ескі бағалау құнымен қалған үйлер бойынша қайта бағалау жұмыстарын ұйымдастыру жөн. Салық базасын кеңейту бағытында облыс аумағында жұмыс істеп жатқан құрылыс мекемелеріндегі жұмысшылардың барлығы да тіркелуі тиіс. Мәселен, облыстағы бір құрылыс мекемесі екі аудандағы мектеп құрылысын жүргізген. Ал осы мекемедегі тіркелген барлық жұмысшы саны 27 адам ғана. Мұндай жұмыс күшімен екі нысан құрылысын жүргізу мүмкін емес екені белгілі.

Аймақ басшысы бұл жұмыстарды ретке келтіру тек мемлекеттік кіріс органдарының ғана міндеті емес екеніне назар аударды. Бұған барлық тиісті салалар мен жергілікті атқарушы органдар жұмыла кіріскенде ғана нәтиже шықпақ. Оның атқарылуы бірінші кезекте әкімдер үшін пайдалы, өйткені жергілікті бюджетке түсім көбейетін болады. Облыс басшысы сонымен қатар  2020 жылдың бекітілген бюджеттегі мүлік салығы 2019 жыл көрсеткішінен төмен болып жоспарлануын сынға алды. Соған сәйкес Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарының әкімдеріне нақты тапсырма берді.

Бюджет қаржысы тек салықтық түсімдерден ғана құралмайды, салықтық емес түсімдерде де өзіндік үлес қосатыны белгілі.  Осы орайда облыс әкімі 2019 жылы жол-көлік оқиғасы 2018 жылмен салыстырғанда 30 процентке өсіп, ал бюджетке түскен әкімшілік айыппұлдар түсімі 18 млн теңгеге төмендегенін келтіріп өтті. Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Шамшиддин Әмитов осы мақ­сат­та көліктер жылдамдығын бақылайтын құрыл­ғылар санын  көбейту қолға алынып жатқанын баяндады.

Жиын барысында, сондай-ақ, облыстық бюджетке берешегі бар компаниялармен тиісті жұмыстар жүргізу жөнінде облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевке нақты тапсырмалар жүктелді.

Мәжілісте ерекше назар аударылған мәселе – 4-ші деңгейлі бюджеттің төмен жоспарлануына қатысты болды. Мұндай жағдай Қызылорда қаласы мен барлық аудандағы ауылдық округтердің бюд­жет­терінде орын алып отыр. Бүгінде 4-ші деңгейлі бюджет аясында салықтық түсімдердің 7 түрі, салық­тық емес түсімдердің 4 түрі және бюджет шығын­дарының 19 бағыты ауыл әкімінің иелігіне берілген. Мәселен, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл­дық округ әкімі аппаратының жұмыс істеу, мек­тепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту, оның ішінде мек­тепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту ұйымдарында меди­циналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, ауыл­дық жерлерде оқушыларды жақын жердегі мек­теп­­ке дейін тегін алып баруды және одан алып қай­ту­ды ұйымдастыру, әлеуметтік көмек көрсету, жарық­тандыру, абаттандыру, жұмыспен қамту, авто­мобиль жолдарын салу, жөндеу, сумен жабдықтау жұ­мыстарына қаржыны аудандық, ауылдық әкімдік бөледі.

Аймақ басшысы жыл басында аудандарды аралау кезінде ауылдағы негізгі проблеманың бірі ретінде тұрғындар автомобиль жолдарын жөндеу мәселесін жиі көтергендігін айтты.

– Жақсықылыш кентінің тұрғындарымен кездесу барысында кенттің ішкі көшелерінің жолдарын жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлу туралы ұсыныс білдірді. Алайда, 2019 жылы ауылдық округ бюджет жоспарын 5,4 млн теңгеге бекітіп, нақты 8,6 млн теңгенің түсімін түсірген. Жоспардан тыс 3,2 млн теңге түсім түссе де, кент ішіндегі жолды жөндеу мәселесі шешілмеген. Мұндай мысалдар өзге аудандарда да бар, – деді облыс әкімі.

Осы орайда аймақ басшысы Қызылорда қаласы мен барлық аудан, ауылдық округ әкімдері бюджет түсімдерін барынша дұрыс жоспарлап, ауылда жасалуға тиісті әлеуметтік бағыттар шеңберінде халықтың қажеттілігін ескеруді тапсырды.

– Салық жиналса, ауылдағы әлеуметтік мәселелер шешіледі. Барлығы да ауылдың жағдайын жақсартуға бағытталады, қалай, қайда жұмсау қажеттілігін ауылдағы қоғамдық кеңеспен ақылдаса отырып, шешуге мүмкіндік бар. Енді сол шаруаны жоғары деңгейде атқару – сіздердің міндеттеріңіз. Сондықтан бұл мәселеде барлығымыз тиянақтылық танытып, аса жауапкершілікпен жұмыс жүргізуіміз қажет. Себебі оның артында халықтың өмір сүру сапасы тұр. Ал, халықтың жағдайы біз үшін қашан да басты орында, – деді мәжілісті қорытындылаған облыс басшысы.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

Экономика 14 наурыз 2020 г. 346 0