Жұқпалы дерт және жаһандық экономика

Бүкіл әлемді алаңдатып отырған коронавирус дерті көптеген елдердің экономикасын тұралатып тастады. АҚШ пен Қытайды, Ресейді қойғанда, ол қазір Еуропаның мүйізі қарағайдай мемлекеттерінің өзін тұйыққа тіреп, оларды амалсыз шаралар қабылдауға мәжбүрлеуде. Осыған орай халықаралық валюта қоры таяу күндері әлем экономикасының дағдарыс жағдайында дамуының мүмкін болатын сценарийлері туралы мәлімдеді.
Халықаралық валюта қорының стратегия, саясат және талдау департаментінің директоры Мар­тин Мюлейзеннің ойынша, ал­дағы уақытта әлем экономикасы мынадай сценарийлермен дамуы мүмкін. Оның пікірінше, қол­данылған шаралар табысты болу үшін ең алдымен жетекші мемлекеттердің үкіметтері мен ұлттық банктері өздерінің іс-қимылдарын бір-бірімен үйлестіріп отыруы қажет. Бұған қосымша коронавирустың әрі қарай өршуіне тосқауыл қою маңызды мәселе болып табылады. Қордың белгілі сарапшысы, 2008 жылғы дағдарысты алдын ала болжаған Джесси Коломбо бұл орайда бүгінгі дағдарыстың зардабы бұрынғыдан едәуір үлкен болатынын айтады. Әлем экономикасы дамуының алдағы уақытта мүмкін болатын 4 сценарийінің 3-і бойынша өсім барынша тежеліп, 0 өлшеміне жетеді. Мұндай жағдайда әлем экономикасы 2,7 трлн АҚШ долларын жоғалтады. Бұл – Ұлы­бри­танияның бір жылғы ішкі жалпы өніміне пара-пар көрсеткіш.
Тағы бір сценарий бойынша Қытай дерттің таралуына бақы­лауды күшейтіп, экономикаға жол ашса, екінші тоқсанда жағдай біршама жақсаратын болады. Қазір Қытай экономикасында осындай нышан байқала бастады. Соңғы күндері Үндістаннан алаңдатарлық хабарлар түсуде. Әлемді жайлаған дерт 1,3 млрд халқы бар әлемдік державаны біршама абыржытып тастады. Ел билігі азаматтардың мемлекет ішінде қозғалуына тыйым салды. Ол қашанға дейін созылады? Әзірге осының бар­лығы уақыт еншісіндегі мә­селе. Елдің ішкі қозғалысына тыйым салу мемлекеттің мұнай өнім­деріне деген сұранысын күрт азайтады. Бұл өз кезеңінде «қара алтын» өндіруші елдердің шикі­зат өнімдеріне деген бағаның төмендеуіне әкеліп соғады.
Халықаралық валюта қоры қалыптасқан жағдайдың зар­дабын жеңілдету үшін 50 млрд доллар бөлуді ойластырып отыр. Бұл алғашқы кезектегі шараларға ғана бөлінетін қаржы. Әрі қарай қолдау шаралары жағдайдың өрбуіне байланысты жүргізілмек.
Экономика дамуының тағы бір сценарийі бойынша Оң­түстік Корея, Италия, Испания, Жапония, Франция, Гер­мания елдерінде дертке байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Осы елдерде жағдайдың қаншалықты жыл­дам сауығуы бүкіл әлемдегі ахуалдың жақсаруына ықпал жасайды. Халықаралық қор сарапшыларының пікірінше, ең жақсы жағдай қалыптасқанда әлем экономикасы 2020 жылы 2,3 процент өсіммен қоры­тындыланады.
Әрине, әлемнің қаржы институттары осындай қиын жағдайда тым шарасыз отыр деуге келмес. Себебі тоқырау ешкімге тиімді емес. Бүкіл халық тұрмысы төмендесе сол елдегі биліктің болашағына зардабы тиеді. Таяуда ғана Еуро­комиссия төрайымы Ур­сула фон дер Ляйен Еуроодақ құрамына енетін елдердің бюджет шығындары едәуір әлсірегенін мәлімдеді. Осыған орай көптеген компанияларды және кәсіпкерлерді бан­крот­тықтан құтқару үшін шұғыл қолдау шараларын қа­былдау қажет. Оның пікірінше, бұл мақсатқа және денсаулық сақтау саласын нығайтуға 37 млрд еуро қолдау көрсетілмекші. Еуроодақ елдерінде бюджет тапшылығы болады. Бірақ ол жыл соңына дейін ішкі жалпы өнімнің 3 процентінен аспауы қажет. Сол сияқты мемлекеттік қарыз ішкі жалпы өнімнің 60 процентінен аспауы міндетті. Осының барлығы Еурокомиссия төрайымының қойып отырған талаптары. Қаржы ұйымы басшысының талаптарын дұрыс түсінуге болады. Әр нәрсенің өз тәртібі, ережесі бар. Олар сақтал­маған жағдайда әлемдік эко­номи­каның үйлесімділігі бұзылып, берекесіздік орын алады.
Әлемнің бірінші эко­номи­касы АҚШ-та, сарап­шы­лардың айтуынша, дерт­­пен күресте біршама ора­лым­­сыздықтар орын алған. Аурулар қатары са­­наулы уақытта күрт артты. Мұны мамандар елдің медицина саласындағы кемшіліктермен тү­сіндіреді. Тіпті Трамп «Біз қысқа уақытта жұмысқа кірі­суіміз керек. Себебі экономика күтіп тұра алмайды» деген пікір айтты.
АҚШ президенті дерт залалын жеңілдету мақсатында бюджеттен 2 трлн АҚШ долларын бөлді. Бұл көп ақша. Сарапшылардың пікі­рінше, ол тұтыну рыногында қым­батшылықты тудыруы мүмкін. Трамп тіпті осыған орай нарық экономикасына қайшы келетін талап қойып, өндірушілерге бағаны қымбаттатпауды ұсын­­ды. Ұдайы мемлекеттік бо­рышпен жұмыс істейтін, доллар станогы зырылдап тұрған елдегі жағдайдың алдағы уақытта қан­дай болатынын болжау қиын.
Ресейдің қаржы министрі Силуанов «қара алтын» нары­ғындағы арзаншылыққа мем­лекеттің 5-6 жылға дейін төтеп бере алатынын мәлімдеді. Бұл орайда «Роснефть» президенті Сечиннің пікірі ескеріліп отыр. Бірақ, сарапшылар бұл орайда Ресейдің Сауд Аравиясымен келісімге келуі маңызды екенін, оңды мәміле алдағы уақытта мұнай бағасының өсуіне ықпал жасайтынын айтады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дағда­рыс­тан туған зардаптарды жеңіл­дету үшін 10 млрд АҚШ долларын бөлуді міндеттеді. Сонымен бірге арнайы қорға ерікті жарналар аударылуда. Аталған қаржылардың барлығы тұтыну рыногын тұрақ­тандыру, жұмыс­сыз­дықты азайту, шағын орта бизнеске қолдау көрсету сияқты шараларға жұм­салады. Салыстырмалы түрде алғанда бұл – қомақты қолдау.
Әзірге коронавирус зарда­бына қарсы әлемде қалып­тасқан жағдайдың сипаты осындай.

Жолдасбек Ақсақалов,
«Сыр бойы».
Экономика 27 наурыз 2020 г. 191 0