«Нұр-строй» ЛТД-да 280-ге жуық өнім дайындалады

1326

2

Қызылордада құрылыс материалдарын шығаратын «Нұр-строй» ЛТД-ның өндіріс қуаттылығы артып келеді. Іргесі кеңес үкіметі кезінде қаланған зауыттың жұмысы тоқсаныншы жылдары біршама тұралады.  2005 жылы 1 шілдеде «КСМиК» ЖШС құрылыс материалдарын дайындау және конструкциялау комбинатының базасында қайта құрылды.

Бүгінде зауытта бетон құю, темір бұйымдарын дайындау, электр жөндеу, механикалық жөндеу және шикізат цехтары жұмыс жасайды. Жылына 60 мың текше метр түрлі темір-бетон өнімдерін шығарады. Оның ішінде өнеркәсіптік, аза­маттық және ауыл шаруашылығы құрылысына, су шаруашылығына қажетті барлық өнімдер бар.

– Өздеріңіз білетіндей, қауіпті ін­детке байланысты төтенше жағдай уақытында жұмыс тоқтады.

Құрылыс жұмыстарына рұқсат алысымен іске қайта кірістік. Қазір біздің өнімдерге сұраныс жоғары. Тәулігіне орта есеппен 100 текше метр бетон өнімін шығарып отырмыз, – дейді зауыт басшысы Әбдуәлі Әбіләзім.

Ішкі нарықты толық қамтып отырған зауыт аймақтағы ірі, қуаттылығы жоғары «Интегрострой», «Промстройсервис-Е», «Асар», «Аман құрылыс», «Келешек» серіктестері, «ЕрАру» ЖК секілді 34 тапсырыс беруші мекемемен тығыз байланыста. Зауытты аралау барысында байқағанымыз, жөндеу шеберханалары, дайын бұйымдар және шикізат сақтау қоймалары, бу қазандықтары, темір­жол тұйығы және құм мен қиыршық тас карьерлерімен жаб­дықталған. Қазір мұнда 280-дей өнім түрі дайындалады. Олардың қатарында көп бөлімді жабын және таспалық фундамент тақталары, жертөле қабырғаларының блоктары, темір бетонды маңдайшалар, дөңгелек темір-бетон шеңберлері, су жүретін трубалар, жол тақталар, жылу жүретін трассалардың лотоктары, резервуар қабырғасының тақталары, жол жиегіндегі тас тақталар секілді өнімдер бар.

– Жылдан жылға өнім түрі көбейіп, нарықтың сұранысына сай жұмыс жасалуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын электр бағаналары мен электр тасымалдау құрылымдарына қажетті темір-бетон бұйымдарын шығаруды облыста алғашқы болып қолға алғанбыз. Енді, міне көпқабатты тұрғын үйлерге арналған 9 метрлік плиталарды шығаруды да біздің зауыт бірінші болып өндіріске енгізді, – дейді директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Асан Исаев.

Айта кету керек, зауыттың ма­териалдық-техникалық базасы да жыл өткен сайын жаңарып, бәсекеге қабі­леттілігін арттырып келеді. Құ­рыл­­ғылардың дені Ресейден әкелінген.

Жұмыс уақытының аяқталу тұсында барсақ та, жұмысшылардың қызу тіршілігіне куә болдық. Бір қызығы, қызметкерлер арасында ер адамдармен иық тіресіп жұмыс істеп жатқан әйелдер көп кездесті. Олардың дені – зауыт ашылғаннан бері жұмыстың қиындығына төзіп, нәпақасын тауып келе жатқан мамандар. Зейнетке шықса да, әлі жұмыстан қол үзбеген. Маман мәселесі туралы сауалымызға өндірістік-техникалық бөлім басшысы  Бақытбек Сержанов бос жұмыс орындарының бар екенін айтты.

– Бізде әйел адамдардың көбі жауап­кершілігі жоғары жұмыс­тарды атқарып жүр. Бұл жерде жұ­мыс­шылардың 30 про­центі – нәзік­жандылар. Технолог, инже­нерлік-техникалық құрам, кранның барлығын осы кісілер игеріп отыр. Жұмыстары өте тиянақты. Оларды зейнетке шықса да ұстап отырмыз. Себебі, маман жетіспейді. Әсіресе, электр дәнекерлеуші, электрик, краншы тапшылығы бар. Жуырда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттерімен онлайн-конференция өткізіп, жастарды жұмысқа шақырдық, – деді ол. Бөлім басшысы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайының назардан тыс қалмағанын да айтып өтті.

– Зауыт тарапынан жұмысшылар тегін түскі аспен, барып-қайту көлігі және арнайы жұмыс формасымен қамтамасыз етіледі. Қызметкерлер жергілікті тұрғындар болғандықтан, жақын маңда тұратындарға арнайы 40-қа жуық велосипед алынды, – дейді бөлім басшысы.

Қазір мұнда 150 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын алдағы уақытта да өнімділікті арттыруға күш біріктіре бермек.

Мейрамгүл Дауылбайқызы,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<